Уақытыңызды ұрлайтын алты нәрсе

Қақпанға түсіп қалмау үшін не істеу керек?

Кедейліктің де түр-түрі бар. Бәріміз білетін ақшасы жоқ кедейлер туралы емес, уақыты жетпейтін кедейлер туралы білесіз бе? Бүгінгі материалымызда уақытымызды ұрлайтын 6 нәрсе хақында айтамыз.

 Уақыт жетпейтін кедейлік — күрделі мәселе. Ондай кедей адамдардың жүзі солыңқы, жұмысы өнбейді, стреске бейім келеді. Спортпен шұғылданбайды, майлы, ащы тамаққа құмар, жүрек және қантамыр ауруларымен ауырады. Яғни дұрыс тамақ істеудің орнына олар дүкеннен қытырлақ картоп пен кола ала салып, соны кешкі ас қыла салады. Сонымен кедейлік бұл түрі бірінші кезекте, уақытымызды қалай бағалап, қалай өткізетінімізге байланысты. Мысалы, бос уақыт пайда бола қалса, оны не нәрсеге жұмсаймыз? Үзілістің керегі жоқ деп, тынбай жұмыс істеу де солай. Ендеше, сізге уақытыңызды текке алатын «қақпандарды» анықтап, сонымен күресу керек. 

1.Гаджеттер

Технологиялар көбіне уақытымызды үнемдейді. Дегенмен дұрыс пайдаланбаса, ұрлайтыны анық. Өйткені жұмыстан босай қалсаңыз, қолыңызға телефонды алып, ішіне кіріп кетесіз. Сонда екі ортада мүлдем демалмайсыз деген сөз. Бір қарасаңыз бос отырған жоқсыз. Ал шын мәнінде уақытыңыз кетіп жатыр. Қанша минут пен секунд, тіпті сағат солай кеткенін есептеу мүмкін емес. Мәселен, сіздің бір сағат уақытыңыз бар. Осы уақыт ішінде сіздің электрон поштаңызға 5 хат келді, оған жауап бересіз. Instagram-да 10 хабарлама тұр, оларды қарайсыз. Сөйтіп отырып қалай лента ақтарып кеткеніңізді байқамай қаласыз. Telegram мен WhatsApp та дәл сондай. Жекелей қарастырғанда бірер минут қана алады. Дегенмен бәрін қосқанда ол әжептәуір уақыт алған болып шығады. Біріншіден, ол уақытыңызды алды. Екіншіден, үзілісіңізді бірнеше бөлікке бөліп тастады. Сонда әлгі 60 минутыңыз  5-6 минуттан бөлінген үзік-үзік сәттерге айналды. Яғни бізге қазір үзілісті шын сезініп, соны пайдалану жетіспейді. Бос уақыт болған секілді, бірақ су секілді ағып кеткендей сезім болады.  

2. Бар фокусымызды ақшаға қоямыз

Негізі ақша көңіл-күйдің түсуін алдын алуы мүмкін, бірақ бақыт сыйламайды екен. Зерттеулер нәтижесі осындай. Тағы бір қызық зерттеу қорытындысына сәйкес, адам жылына 60 мың доллар таба бастағанда ақша оның қалай күліп, қалай жүргеніне мүлдем әсер ете алмай қалады. Ал сома 95 мың доллардан асқанда қаншалықты табысты екенін ойланудан қалады. Әрине, ақша стрестен қорғайды. Мысалы, аяқ-асты машина бұзылып қалса, уайымдамай-ақ істетіп аласыз. Сондай-ақ, қорыңызда ақша болған сайын, қамсыз жүресіз. Бірақ басты түсінуіңіз керек дүние — ақшаға бақыт сатып алу мүмкін емес. Қазір тынбай жұмыс істегеніңіз келекше уақытыңызды босатады деп ойлауыңыз мүмкін. Дегенмен олай болмай шықса, таң қалмаңыз. Өйткені ақшаның соңына түскен сайын құныға бересіз.  

3. Уақытымызды бағалай алмаймыз

Ақшаға фокусты қоямыз дегенді айттық. Міне, соның салдарынан бос уақытты да жұмыспен өткіземіз. АҚШ-та жасалған бір сауалнаманың нәтижесін айтайық. Ақшалы, жұмыс істейтін, бірақ бос уақыты жоқ ата-аналарға мынадай сұрақ қойыпты: «Ақшаңыз көп болғанын қалайсыз ба, әлде бос уақытыңыз көп болғаны жақсы ма?». Сонда респонденттердің 52 пайызы ақшаны таңдаған екен.

Тағы бір зерттеуде жұмыс істейтін ата-аналардың 2 пайызы ғана артылып қалған 100 долларын уақытын үнемдейтін нәрсеге жұмсауға дайын екенін айтқан. Тіпті банк шотында үш миллион доллары бар адамдардың өзі көбірек уақыт болғанын емес, көбірек ақша табуды қалайтынын білдіріпті. Әлбетте, уақыттың құнын дәл есептеу қиын. Мысалы, артық болмас деп түскі үзілістің кезінде қосымша жұмыс алып істейміз. Оны біз өзімізге пайдалы болсын деп алдық дейміз. Дегенмен уақыттың шын құнын жете түсінбейміз.

4. Статусқа баса мән береміз

Бар уақытын жұмысқа бөлетін адам өзін маңызды сезінеді. Яғни жұмысбасты деп ойласа, еңбекқор десе дейді. Бірақ мән беріп қарасаңыз, көп жұмыс істегенімен ондай өнімді іс қылмауы әбден мүмкін. Қаржылық жағдайы тұрақсыз болған кезде біз жұмысқа баса мән беріп кетеміз. Яғни әлеуметтік санаттар арасындағы айырма ұлғайған сайын болашаққа деген күдік көбейеді. Бәрі жақсы болып тұрса да, қазіргі статусынан айырылып қалудан қорқады. Халі мүшкіл болып жүргендер болса, бұдан да жаман бола ма деп уайымдайды. Міне, осы сезімді басу үшін жұмысқа «баспен» кіреміз. Осылайша табысты арттыруға тырысамыз. Одан қала берді, арагідік саяхатқа шыққан не мейрамхана барған кезде жұмсаған қаражат үшін өзімізді кінәлап, үнемдеуге болатын еді деп шығамыз. Яғни жеке басын тек жұмыспен, өнімділікпен өлшеу басым. Жұмысбасты адамның әлеуметтік образын кию арқылы өзімізді сенімдірек сезінеміз. Бұдан басқа нәрсеге назар салсақ, болашағымыз бен статусымызға кері әсер етеді деп ойлаймыз. Шын мәнінде сондай тынымсыз еңбек ететін адамның кейпін «киетін» — адамның өзі. Осы бағытта жасалған зерттеулерге көз салсақ, үнемі жұмыс істеп, қолы босамай жүретін адам екенін айтып, мақтанып жүру арқылы ол өзін өз ісінің маманы етіп көрсетікісі келеді екен. Яғни сырт көзге олар ақшасы көп, престиж болып көрінеді. Бірақ шын өмірде ол да күнін әрең көріп жүрген болуы мүмкін. Тіпті сондай образ адамды тартымдырақ көрсетеді деп ойлаймыз. 

5. Жұмыссыздықтан жиренеміз

Бәрі бір-бірімен тең қоғамда өмір сүрсек те, біз бәріміз уақыт жайлы алаңдаған болар едік. Өйткені біз бос уақыттың болғаны дұрыс емес деп есептейміз. Мамандар мұндай феноменді «жұмыссыздықтан жирену» деп атайды. Гарвард университетінде істейтін психология профессоры мынадай бір қызық тәжірибе жасаған. Студенттерді бос бөлмеде ештеңе істемей отырғызған. Сөйтіп қатысушылардың көпшілігі ештеңе істемеуден қашып, арагідік ток ұрып тұрса деп тіленген екен. Осыған ұқсас тағы мынадай зерттеу бар. Жұмыс істейтін ата-аналар бос уақыт пайда бола қалса бірден іші пысып, стреске түсе бастайды екен. Көбіне ондай ойлардан құтылу үшін гаджетке үңіле бастаймыз. Бірақ ол күйзеліс деңгейін төмендеткенімен, уақытымызды алатын қақпан ғана. Яғни технологиялар қазіргі сәтті сезінуге мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан толыққанды демала алмаймыз. Негізі ештеңе істемей отырудың өзі миымызды тынықтырады. Бос уақытта ештеңемен айналыспаудың пайдасы зор. Өйткені ол сіздің жалпы жағдайымызды жақсартады. 

6. Болашақта уақытымыз көп болады деп ойлаймыз

Көпшілігіміз уақытқа қатысты оптимистік көзқараста болады. Яғни бүгін тығыз болғанымен, ертең бос уақыт көбірек болады деген үмітпен өмір сүреді. Ал негізі бұл — қате ой. Мысалы, алдыңғы дүйсенбіде досыңыз үй көшірісуге көмектесуіңізді сұрады. Ол сенбіге деп белгіледіңіздер. Сейсенбіде әріптесіңіз сенбі күні есепті қарап беруді өтінді. Сәрсенб күні тағы бір досыңыз көптен бара алмай жүрген театр қойылымына шақырды. Ол да сенбі күні болады. Жұма аяқталды, сенбі басталды. Ал сіздің демалысыңыз тағы шаруаларға «көміліп» қалған. Негізі алдағы аптада қаншалықты уақытыңыз тығыз екенін қарау үшін осы аптадағы істейтін шаруаларыңызға қараса болады. Бірақ ми барынша жақсы ойлағысы еледі де, келесі апта басқаша болады деп үміттенеді. Міне, сол үшін біз кез келген ұсыныс пен өтінішке келісе береміз. Өйткені ештеңемен айналыспау қате дейміз. Өнімді, керемет уақыт өткізген адамның кейпін іздейміз. Шын мәнінде уақытымызды өзіміз алып жатырмыз.   

Назарыңызға ұсынған осы алты қақпанды қарап шығып, өзіңізге анализ жасап көріңіз. Сіз қайсысына жиі түсіп қала бересіз? Әркімнің өмірі әртүрлі. Сондықтан уақыт қақпандары әркімде түрліше болады. Бұл қақпан — бізді бақытсыз етіп, уақытымызды ұрлайтын механизм. Оның орнына сол уақытты басқаша өткізсеңіз әбден болар еді. Негізі осы қақпанның тұзағына түспеуге болады. Ондай қарсы тұра алатын күш барлығында бар. Бірақ ол үшін күн сайын кішкентай болсын қадамдар жасаудан баста керек. Уақытты босату, сол сәтпен өмір сүруге қадам басуды мақсатты түрде жасаған абзал. Оңай болмасы анық. Себебі қоғам да, өзіміздің психологиямыз да бұған қарсы келеді. Басқалар не ойлап қалады, еріккен адамға ұқсап қалмаймын ба деп сан рет ойланасыз. Әлдебір нәтижеге демде жете алмай жатсаңыз, өзіңізді кінәлай бермеңіз. Одан қала берді бос уақыт, ештеңе істемей құр жату түсінігі әркімде әртүрлі. Мысалы, біреуге 15 минут әлеуметтік желіде өткізбей, домбыра тартып, күй шеру керемет үзіліс болуы мүмкін. Ал енді бір адам құр өсекпен уақыт өткізбей, медитация жасағанды құп көреді. Бос уақыт мәселесіне тереңірек ойланып, өзіңізге ұнайтын тәсілді табыңыз. Біз тізген қақпандарға түспеудің өзіндік жолдары бар. Ол үшін өзіңіз қадам жасап, бастауыңыз керек. Бүгінмен өмір сүріңіз, ертеңге үміт арта бермеңіз.         

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар