Жанас Болатұлы: Бұл кәсіпті көлігімді сатып бастадым

Кәсіпкердің айтуынша, бұл салаға сұраныс өте жоғары

Жанас Болатұлы Кореядан қосалқы автобөлшек жеткізумен айналысады. Кореялық автокөліктің қозғалтқышынан бастап,  көліктің барлық қосалқы бөлшектерін сатады. Кәсіпкердің айтуынша, бұл салаға келмес бұрын өз автокөлігін сатып, одан түскен қаражатқа осы кәсіпті ашқан. Кәсіпкер бұл елден тек екі маркалы көліктерге арналған қосалқы автобөлшектерге тапсырыс береді.

– Жанас, сіз Қореядан нақты қандай маркалы автокөліктің қосалқы бөлшектерін сатасыз?

– Қазіргі таңда, екі маркалы автокөліктің бөлшектерін сатамын. Kia және Hyundai. Бұл автокөліктердің кез келген бөлшегін сатамыз. Тікелей өзім Кореядан алдыртамын. Біздің дүкенде осы маркалы көліктердің 2015 жылға дейінгі барлық бөлшектері бар.

– Неге тек 2015 жылға дейінгі автокөліктерге ғана қосалқы бөлшек сатасыз?

– Өйткені, қазіргі таңда осы жылға дейінгі көліктер ескіре бастады. Сол себепті, бұл көліктердің қосалқы бөлшектеріне деген сұраныс жоғары. Егерде мен 2020 жылғы автокөліктің бөлшегін Кореядан алып келсем, сатылмай тұрып қалуы мүмкін. Себебі, бұл жылғы көліктер әлі де жаңа болғандықтан, қосалқа бөлшектер көп қажет емес.

– Бұл кәсіпке қалай келдіңіз?

– Бұл салада жүргеніме 5 жылдай уақыт болды. Мен бұл кәсіпті 3 млн теңгемен бастадым. Осы кәсіпті бастау үшін көлігімді саттым.

– Сіз тек Алматы қаласы бойынша тапсырыс қабылдайсыз ба?

– Жоқ. Еліміздің барлық өңірінен тапсырыс қабылдаймыз. Тапсырысты тегін жеткіземіз. Егер сіздің көлігіңізге қосалқы бөлшек қажет болса, еліміздің барлық қаласына жеткізіп береміз.

– Тапсырыс беруші қанша уақыт күту қажет?

– Ең ұзақ дегенде 1 ай күту қажет. Ал жылдам қажет болса, 2 аптада алып келеміз. Бірақ, бұл үшін қосымша ақы төлеу керек.

– Кейде сирек сатылатын автокөліктердің қосалқы бөлшектерін  сатасыздар ма?

– Иә, бізде ондайда бар. Мысалы, Daewoo  атты автокөлікке қосалқы бөлшек табу өте қиын. Мен атап өткен осы маркалы көлік, елімзде өте сирек кездеседі. Осы сирек кездесетін көлікке қосалқы бөлшектер бізде сатылымда болады.

– Мысалы Кореядан келетін автокөліктердің қосалқы бөлшектері жұмыс істейтінін қалай білесіздер?

– Бізге әр автокөліктің қосалқы бөлшегін автокөлікке салып, оталдырып, видеосын жібереді. Бұл елде әр көлікті жүргізуге тек 5 жыл уақыт беріледі. Содан кейін Кореяда бұл көліктер утилизацияға кетеді. Сонда қараңыз, бес жыл жүргізілген көліктің бөлшектері әртүрлі елдерге сатылады. Бізге қажетті қосалқы бөлшектерді тікелей автокөліктен шешіп береді.

– Тапсырыс беретін клиенттерді қалай табасыздар?

– Қазіргі таңда, Kolesa.kz , OLX.kz, Instagram және TikTok арқылы жарнама жасап, тапсырыс берушілерді табамыз.

– Бұл сала жыл мезгіліне қарайды ма?

– Жоқ, бұл автокөліктің қосалқа бөлшектерін сату саласы жыл мезгіліне қарамайды. Бірақ, қыста көк тайғақтың кесірінен, жол көлік оқиғасы өте көп болады. Сол кездерде тапсырыс өте көп болып кетеді. Сауда қыста өте жақсы жүреді.

Мысалы бір аптада бұл кәсіп бойынша  ең көп пайда тапқан қаржы мөлшері қанша?

– Бір аптада таза 3 млн теңге табыс тапқан кездеріміз де болады.

– Кореядан тапсырыс бергенде, бір тапсырыс көлемі қанша теңгені құрайды?

– Бізге әр тапсырыс кезінде  бөлшектерді бір контейнермен жібереді.  Сонда әр тапсырысымыздың көлемі 15 млн теңгені құрайды.

– 15 млн теңгеден қанша пайда табасыз?

– Орташа есеппен алғанда, тең жартысы десек болады.

– Осы кәсіпті қанша қаражатпен бастауға болады?

– Бұл істі 2-3 млн теңгемен бастауға болады.

Сұхбатыңызға рақмет.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар