Ахмет Ұлан: Ел аумағында 24 жиһаз дүкенім бар

Кәсіпкер бизнес бастаған кезде екі рет тақырға отырдым дейді

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – Ахмет Ұлан. Кәсіпкер бұл кәсіпте екі рет тақырға отырса да мойымай, алға қойған мақсатына жеткен. Қазіргі таңда еліміз бойынша 20-дан астам жиһаз дүкені бар. Кәсіпкер айына 4000-5000 орындық шығарып отырған жайы бар.

– Ұлан мырза, өзіңіз жайлы қысқаша айтып кетсеңіз?

– Мен үйдің үлкені болғандықтан, мойнымда көп жауапкершілік болды. Отбасымызда анам және 5 ұлмыз. Барлығымыз интернатта өстік. Анамыз қолынан келгенше ешкімнен кем қылмай өсірді. Балалық шақта көп қара жұмыс істедік.

 – Негізі бизнес жолына қалай келдіңіз?

– 2012 жылы мектеп бітіріп, Түркістан қаласындағы МКТУ атындағы Жоғары оқу орнына грантқа оқуға түскен болатынмын. Бірақ, одан бас тартып Алматы қаласына келдім. Содан кейін осы  қалада ақылы оқуға түстім. Ақша табу мақсатында, Алматыны аралап жұмыс іздей бастадым. Неше түрлі жұмыстарға орналастым. Оның ішінде, вулканизация, көлік жуу, даяршы болдым. Бірақ, бұл жұмыстардың болашығы болмаған соң, барлығынан бас тартып, жиһаз жасайтын цехтарға барып, көмекші болып жұмысқа орналастым. Алматыдағы оқуды да тастап, жиһаз кәсібіне бар ықыласпен кірісіп кеттім.

– Неліктен жиһаз бизнесін таңдадыңыз?

– Бұл сала өзіме қатты ұнады. Табысы да жақсы. Бұл жұмыспен айналысқан кезде демалып қаламын.

– Жиһаздың қандай түрін шығарумен айналысасыз?

– Негізінен орындық жасаймыз. Оның  ішінде үйге, мейрамхана, қонақ үй мен кеңсеге арналған орындық түрлерін шығарамыз. Біздің орындықтар ерекше дизайнерлік орындықтар десек болады.

– Сіздердің жиһаздарыңыз ерекшелігі неде?

– Біздің орындықтардың дизайндары өте ерекше. Барлық дизайнды өзім жасап шығарамын. Ал ерекшелігіне келетін болсақ, өте жеңіл, сапалы, бағасы қолжетімді. Қазақстанның барлық өңірінен табуға болады.

– Компанияңыздың атауының шығу тарихы жайлы айтып кетсеңіз?

– Менің компаниямның атауы Artico Art-өнер деген сөзді қысқартып Артико деп қойдым.

– Жиһаз бизнесіне елімізде сұраныс қандай?

– Елімізде бұл салаға деген сұраныс бар. Бірақ, сапалы жасайтын кәсіпорындар өте аз. Қазақстанда жиһаз саласында жүйелі компаниялар да тапшы.

– Бүгінде Италия,  Беларусь жиһаздарын айтса,  олар брэнд есебінде саналады. Бұл қаншалықты қисынды?

– Енді Беларусьта орман көп, жиһаздың көп бөлігі ағаштан тұрғандықтан, жиһаз кәсібі жақсы дамыған. Ал Италия станок жасаудан алдыңғы орында.  Қазіргі таңда станоксыз ештеңе жасай алмайсыз.

– Айына қанша орындық жасап шығарасыздар?

– Айына 4000-5000 орындық жасап шығарамыз.

– Қазіргі таңда қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз?

– Қазіргі кезде цехта 50 адам жұмыс істейді. 24 дүкенде екі сатушыдан, сонымен қатар, 4 адам маркетингпен айналысады. Жалпы алып қарасақ, 100-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын.

– Айлық табысыңыз қанша?

– Айлық айналымды алсақ, негізінен 65-70 млн теңге.

– Еліміз бойынша қанша дүкеніңіз бар?

– Қазіргі таңда еліміз бойынша 24 дүкеніміз бар. Сонымен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Россия  елдерінде өз дүкендеріміз бар.

– Бұл саламен кез келген адам айналыса алады ма?

– Жоқ, бұл саламен кез келген адам  айналыса алмайды. Себебі, бұл салада қиыншылық өте көп. Тапсырыс қабылдау, орындық жасау, дүкендерді басқарып отыру қиын. Тәжірибе қажет. Мен бұл салада 10 жылдай уақыт жүргендіктен, бұл саланың қыр-сырын жақсы білемін.

– Бұл кәсіпті қанша қаражатпен бастадыңыз?

– Бұл кәсіпті мен 25 мың теңгемен бастадым. Кәсіпті бастаған кезде екі рет тақырға отырдым. Сол екі рет ашқан кездегі құрыл-жабдықтарым мен тігін машинасы болды. Егерде бұл құрылғылар болмаған жағдайда, 300 мың теңгемен бастауға болады. Тақырға отырғаннан кейін, қолымда бар 25 мың теңге мен үйімнің қасындығы кішкентай бөлмеде қайта бастадым.

– Ал қазіргі кезде цехтің көлемі қанша?

– Қазіргі таңда цехтің көлемі 2500 кв метр. Бұл саланы  қайта бастағаныма 2 жыл болды.

– Жиһаздан басқа қандай кәсібіңіз бар?

– Дәл қазір жіп саласымен айналысып жатырмын. Технологиясына тоқталатын болсақ, ескі киім-кешектерді сатып аламын. Оны қайта өңдеп, жіп қылып шығарып, ол жіптен қолғап (перчатка ) шығарамыз. Яғни, құрылыс жұмыстарына арналған қолғаптарды шығарамыз. Ол компаниямның аты Алтын-қол.

– Сонда бір тонна ескі киімді қанша теңгеге сатып аласыздар?

– Ескі киімдердің бір тоннасын 50 мың теңгеге сатып аламыз. Киімдердің барлық түрі жарай береді. Нәскиден бастап, орамалға дейін.

– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Мақсаты жоқ адамды мақсаты бар адам басқарады. Сонымен қатар, ойың жеткен жерге қолың да жетеді деген ұстаныммен алға жылжимын.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

Қазақстан бойынша ең кемі 10 кәсіпорын  ашу. Сонымен қатар, сол өнімдерді экспортқа шығару.

– Кез келген адам кәсіпкер бола алады ма?

– Иә кез келген адам кәсіпкер бола алады. Бастысы өз ісіңді жақсы көру керек. Талмай жұмыс істеу керек.

Сұхбатыңызға рақмет.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар