Бос кеткен күніңіз үшін көңіліңіз түспесін десеңіз…

Жарияланды
Төрт қадамнан тұратын алгоритм арқылы осы мәселені реттеуге болады

Жұмыс уақытының аяқталуына бір сағат қана қалды. Бірақ бүгіндікке түк бітірмедіңіз. Енді сол бос кеткен күн үшін өзіңізді жегідей жейсіз. Мұндай жағдай таныс па? Кейде ойламаған жерде әлдебір жағдай болып қалып, соның салдарынан жоспардағы дүниелерді іске асыра алмай қалуыңыз әбден мүмкін. Осындай кезде қайтпек керек? Бастығыңызға қай бетіңізбен қарайсыз? Бүгін істелуі керек шаруаларды енді қалай реттеуге болады? Осы сауалдар сізді де жиі мазалайтын болса, бүгінгі материалымыз сізге пайдалы болады. Сізге айтар кеңестеріміз бар. Ең алдымен айтарымыз — компьютерді өшіріп, жұмыс үстелінен барынша алшақтаңыз. Мүмкін болса, жұмыс орныңыздан кетіп қалыңыз. Одан кейінгі алгоритмдерді қазір айтамыз.  

  1. Таймер қосыңыз. Қай уақытта жұмысыңыздың «жайына» қалғанын анықтап алған жөн. Мұндайда қолға қалам, қағаз алып, смартфондағы таймерді қосып, оны дәл 7 минутқа қойып қойыңыз. Мына нәрсені ұмытпаңыз: сізде мықтылап үтір-нүктесіне дейін ойластырып, жоспар жасап отыратын уақыт жоқ. Дәл қазір ең абзалы — барынша ден қойып, мән беріп жұмыс істеуге тырысу. Осы жеті минут ішінде сіз ертең орындалуы керек бес шаруаны ойластырып үлгеріңіз. Бос кеткен бір күннің орнын толтыруға тырысуға қаншалықты уақыт көп кетірсеңіз, соншалықты ашуланып, бетіңіз тырысып, көңіл-күйіңіз түседі. Ал бұл болса, сіздің жүйелі жұмыс істеуіңізге кедергі келтіретіні белгілі. «Өткен іске өкінбе» демекші, бос өкініштің сізге еш пайдасы жоқ. Оның орнына, дұрыс бағыт алып, салқын сананы қосқан дұрысырақ. 
  2. Бес шағын шаруа жоспарлап қойыңыз. Сонымен, алдыңғы алгоритм бойынша сіз жеті минутқа таймер қостыңыз. Назарыңызда бес тармақтан тұратын шаруа тізімі тұр. Бұлармен сіз алдағы күндері міндетті түрде айналысуыңыз керек. Бұлардың әрқайсысыа сіз әрі кетсе 20 минут қана бөле аласыз. Өйткені мидың бір тапсырмаға барынша беріліп, мұқият ден қоюы осы уақыт аралығын қамтиды. Сонда сіз уақыт тығыз болғандықтан, басқа ұсақ-түйекке бас қатырмайсыз. Бұл сіздің көңіліңізді басқа жаққа бұрылмауына көмектеседі. Енді бұл әдістің пайдасына келсек. Осы тәсілмен жұмыс істеу арқылы бір үлкен жоба немесе мақсатты саналы түрде бірнеше кезеңге бөлесіз. Олар микро шаруалардан тұрады. Әрі қалағаныңызды істеуге жеткізетін істер. Яғни бір-бірімен тығыз байланысқан микро істер — бір үлкен жобаға тең. Осы айтқан микро шаруаларға өте қысқа уақыт беріледі. Өйткені сіз оны сол 20 минутта бітіруіңіз керек. Осы ретте ескеру керек жайт: әлгі микро істің маңызы зор. Себебі ол сізді мақсатыңызға бір табан жақындатады. Оны елемей, істемей қоюға болмайды. Адам осыны түсінген кезде жақсырақ жұмыс істей бастайды. Егер сіз біреуге хабарласып, біреуден бір істің мақұлдануы алуыңыз керек болса, болмаса әлдекіммен кездесуіңіз керек болса, оны микро шаруалар тізіміне қоспайсыз. Осыны ұмытып кетпеңіз. Айталық, бір күнде статистикалық мәліметтерді жинақтау — микро іс, ал басшылықтың алдында алдын-ала келісім бойынша айлық есеп бойынша қорытынды жасау — бірнеше бөлікке бөлуге болатын үлкен бір проект.     
  3. Жоспарлап қойған шаруаларды міндетті түрде бітіріңіз. Көбіміз көзімізді тырнап ашқан бойда телефонымызды қолға алып, «кім не жазды» деп бірден хабарламалар, әлеуметтік желі немесе электрон поштаны тексеруге құмармыз. Ал негізі сізге таңертең тұрған бойда істеу керек нәрсе — сол аталғандарды істемеуге тырысу. Оның орнына кеше өзіңіз жазып қойған, бес шаруадан тұратын тізімді қолыңызға алыңыз. Сөйтіп оларды барынша тез аяқтауға тырысқан абзал. Соларды 100 пайыз орындаған кезде сағат әлі 11:00 болып тұрғанын көресіз. Ал ол болса, сізге әжептәуір қуаныш һәм мақтаныш сезімін сыйлайтыны анық. Кеше түк бітірмей, көңіліңізді құлазытқан сезім тізімдегі бір шаруаны болсын тез орындап тастағанда сейіліп қоя береді. Қуанғаннан миыңыз дофамин гормонын бөледі де, өзіңізді мақтан ете бастайсыз. Осылайша кешегі қиын күннің есесін осылай қайтаруға болады. Бұл өте жақсы жұмыс істейтін әдіс десек, қателеспейміз. Сол арқылы жұмыс ритміне түсуіңіз жеңілдейді. 
  4. Күнделікті әдеттеріңіздің ішіне осы жоспарлауды қосып қойыңыз. Бізде уақытымызды жоспарлайтын әдет бар. Дегенмен көбіне сол жоспарлағанымыз іске аспай қалып жатады. Қалағанымыздай болмағаны үшін көңіліміз түсіп, өзімізге ренжитін кезіміз жиі болады. Ал ойлаған жоспар іске аспай жатқан кезде түсініксіз шаруаларға көміліп қаласыз. Ал ол болса, ағзаңыз үшін үлкен стресс екенін есте ұстаңыз. Ең өкініштісі, мұнымен күресудің жолы белгісіз. Миымыз нейро иірілімді келеді. Ол оның ең құнды қасиеттерінің бірі десек болады. Соның көмегімен күнделікті әдетке айналған дүниелерді жаңа алынған тәжірибе негізінде реттейді. Сонымен бірге жапа шеккен байланыстарды түзеуге де көмектеседі. Ми тіпті күделікті стресстерге де бейімделуді үйреніп алады. Ескі жүйке талшықтары істен шықса да, оның орнына жаңалары пайда болады. Көбіне қандай да бір күтпеген жағдай бола қалған кезде жүйке жүйесі осы механизмді өздігімен қосады. Яғни алаңдайтындай оқиға болып жатқан кезде қысым жағдайы миымыз үшін қалыпты ахуал болып кетеді. Ал ол жақсы емес. Ендеше, бұл қысымды қалай азайтуға бәлки жеңілдетуге болады? Оның да жолдары бар. Егер сіз бүгінгі күніңізді дұрыс өткізбей қалсаңыз, бес түрлі микро істен тұратын тізім жасағаныңыз аяқ-асты стресс болмауына көмектеседі. Ол үшін деті минуттық жоспарлау сессиясын күнделікті жасайтын әдет қылып алыңыз. Микро шаруаларды істеп болған сайын миыңыз оған қуанып, дофамин бөліп отырады. Ол — шаттық гормоны. Ондай гормонның көп бөлінгенінің пайдасы — күнделікті күндері өнімді жұмыс істеуіңізге, көңіл-күйіңіздің көтеріңкі жүруіне ықпал етеді. Ал енді стресс жағдайында қалпыңызға келіп, тезірек жинақталуға көмектеседі. Бір қарағанда біртүрлі көрінгенімен, кейде стресстің де пайдасы болады. Сондықтан мұндай жағдайды пайдаңызға шешіп қалуға тырысқаныңыз абзал.       
Сондай-ақ оқыңыз