Бюджетке трансферт үшін Ұлттық қордың қанша млрд активі сатылды?

Жарияланды (жаңартылды )
Былтыр Ұлттық қор активі 55,7 млрд долларға жетті

2022 жыл жаһан экономикасына оңай соққан жыл болмады. Еуропа ұзақ жылдар бойғы сенімді көзі болып келген Ресейдің энергетикалық тауарларынан толықтай және ішінара бас тартты. Геосаяси тәуекел Қазақстанға да салқынын тигізді. Жеткізу тізбектері бұзылып, елімізде инфляция өте жоғары қарқынмен өршіп кетті. Ұлттық банк өзге мемлекеттердің орталық банктері секілді қатаң ақша-несие саясатын ұстануға мәжбүр болды.

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, бұрын-соңды болмаған шок салдарынан әлемде және Қазақстанда іскерлік белсенділік баяулады.

«Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі теріс аймақта қалуына қарамастан, қарашадағы 48,9-дан желтоқсанда 49,2-ге дейін жақсарды. Іскерлік белсенділікті тежейтін негізгі себеп – логистикадағы проблемалар мен тауар жеткізудегі ұзақтық. Өндіріс секторында іскерлік белсенділік жақсарды.  Жалпы, бизнес жүргізудің болашақтағы талаптарына қатысты кәсіпорындардың күтулері оң болып қалуда. Ағымдағы бизнес талаптары әлі де болса теріс деп бағаланып отыр. Жаһандық іскерлік белсенділіктің өсу перспективасына геосаяси шиеленіс, жоғары нарықтық құбылмалылық, инфляциялық қысым, энергия бағасының көтерілуі, үй шаруашылығындағы кірістердің әлсіз өсуі теріс әсер етуде», дейді Пірматов.

Орталық банктер ақша-кредит талаптарын күшейтіп отыр:

  • АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі мен Еуропаның Орталық Банкі желтоқсан айында негізгі мөлшерлемелерді 4,5%-ға және 2,5%-ға дейін 50 базистік тармаққа көтерді.
  • Жапония Банкі 10 жылдық мемлекеттік облигациялар кірістілігінің ауытқу диапазонын +/-25 базистік тармақтан +/-50 базистік тармаққа дейін кеңейтіп, жұмсақ ақша-кредит саясатынан бас тартты. Нәтижесінде мемлекеттік облигациялардың кірістілігі өсті. Соның салдарынан қазіргі таңда  Bloomberg бақылап отыратын теріс кірістілігі бар әлемдік мемлекеттік облигациялар тізімінде ешқандай ел қалмады.
  • 2022 жылдың қорытындысы бойынша, дамыған елдердің акциялары 19,5%-ға төмендеп, АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігі 3,87%-ға дейін 2,36 пайыздық тармаққа өсті. 2022 жылы доллар индексі 8,2%-ға өсті.

Былтыр инфляция жылдық мәнде 20,3%-ға жетті. Азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға зор үлес қосып, жылдық көрсеткіш бойынша 25,3%-ды құрады. Жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері қыс маусымына байланысты қымбаттады.

Геосаяси жағдайдың белгісіздігіне, азық-түлік бойынша бағаның жоғары сақталуына, инфляцияға қатысты халық күтулерінің жоғары болуына байланысты 2022 жылғы 5 желтоқсанда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін көтерген еді. Пірматовтың айтуынша, 2022 жылы қабылданған ақша-кредит саясаты шаралары инфляцияны төмендетуге және оны орта мерзімді перспективада одан әрі тұрақтандыруға ықпал ететін болады.

2022 жылы геосаяси жағдайдың шиеленісуі және жаһандық қаржы нарықтарындағы қолайсыз ахуал ұлттық валютаның динамикасына теріс әсер етті дейді ол. Наурыз айында теңге бағамы 512,17 теңгеге дейін әлсірегеннен кейін мамыр айында 414,79 теңгеге дейін нығайды. Жыл қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 доллар үшін 462,66 теңгеге дейін 7,1%-ға әлсіреген.

«2022 жылы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 5,1 млрд доллар мөлшеріндегі валюталық түсімді сатуы, республикалық бюджетке Ұлттық қордан трансферттерді қамтамасыз ету үшін 4,3 млрд доллар мөлшерінде валюта сату, Ұлттық Банктің 1,4 млрд доллар мөлшеріндегі валюталық интервенциялары теңгеге қолдау көрсетті. Теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы ахуалға байланысты болады. Икемді бағам белгілеу валюта нарығындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға және халықаралық резервтерді сақтауға ықпал етеді», деді.

Былтыр 9 айдың қорытындысы бойынша, төлем балансының ағымдағы шоты профицитпен қалыптасып, сауда балансының жақсаруына байланысты 8 млрд долларды құраған. Сауда балансының профициті өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,7 млрд долларға ұлғайып, 29,2 млрд доллар болды.

  • Мұнай және газ конденсаты экспортының 36,4 млрд долларға дейін 63,4%-ға өсуі есебінен тауар экспорты 64,2 млрд долларға дейін 48,4%-ға ұлғайды.
  • Тауар импорты 35 млрд долларға дейін 17,5%-ға өсті.
  • Шетелдік тікелей инвесторлардың кірісі 3,3 млрд долларға ұлғайып, 19,7 млрд долларды құрады.

Алдын-ала деректер бойынша, Ұлттық қордың активтері өткен жылы 55,7 млрд долларға дейін, 403 млн долларға артқан. Республикалық бюджетке 4,6 трлн теңгеге трансферттер бөлу үшін жыл басынан бастап 4,3 млрд долларға валюталық активтер сатылды. Дамыған елдердегі орталық банктердің ақша-кредит саясатын күшейту риторикасына байланысты облигациялар мен акциялар нарығы жыл басынан бері едәуір төмендеді. Алайда, қор құрылған сәттен бастап оның ұзақ мерзімді кірістілігі жылдық мәнде 3,02% болған.

Сондай-ақ оқыңыз