Жеке тұлға банкроттығы: Өтінішті қалай, кімге, қашан беруге болады? Негізгі талаптары қандай?

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін ерекше мүмкіндік көзделіп отыр

2022 жылы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойылды. Заң 1 қаңтарда ресми түрде жарияланды. 3 наурыздан бастап аталған Заң бойынша банкроттық туралы өтініштерді қабылдау басталады.

Заңда 3 түрлі рәсім көзделген.

Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық.

Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.

Ол үшін келесі шарттар сақталуы қажет:

  • Борыш 5,5 млн теңгеден аспайды;
  • Кредит 12 ай бойы өтелмеген болса;
  • Меншігінде тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмаған жағдайда;
  • Банкпен реттеу жүргізілгеннен кейін.

Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін
6 ай ішінде және берешегі 5 жылдан артық өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар көзделген.

Өтінішті «электронды үкімет порталы» арқылы беруге болады. Ақпараттық жүйе арқылы борышкердің тиісті критерийлерге сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі.

Екінші рәсім – сот банкроттығы.

Сот банкроттығының мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Бұл рәсімді қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына жұмыс істеп тұрған әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері мен аудиторлар кіреді.

Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Онда сот арқылы борышты бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігі көзделеді. Оның артықшылығы – азамат «банкрот» деп саналмайды. Демек, банкрот үшін көзделген салдарлар оған қолданылмайды.

Банкроттықтың мынадай салдарлары бар:

  • 5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға шектеу қойылады;
  • Банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдана алады;
  • 3 жыл бойында қаржылық жағдайына мониторинг жасалады.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң халықтың шектен тыс кредит алуын азайту жұмыстары аясында қабылданып отыр.

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, азаматтардың міндетті түрде қаржы сауатын арттыру курстарынан өтуі көзделіп отыр. Бұл орайда осы Заң күшіне енгеннен кейін азаматтардың да жауапкершілігі артатын болады.

«Алдағы уақытта жылдам қарыз алу үшін несие тарихының дұрыс болуына азаматтардың өздері мүдделі болуы тиіс. Банкрот деп мойындау қарыздарды төлемей кету емес, тек шарасыз жағдайдағы көмек екенін әркім білуі керек», деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов тиісті заңға тәуелді актілердің бәрін жедел әзірлеп, қабылдауды, сондай-ақ онлайн-режимде қадағалап отыруға мүмкіндік беру үшін азаматтардың өтініш беру және оларды электрондық түрде өңдеу процесін автоматтандыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Қаржы министрлігінің хабарлауынша, қазір ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр. «Азаматтарға арналған үкімет» байланыс орталықтары және Мемлекеттік кірістер комитеті арқылы түсіндірулер ұйымдастырылуда.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар