Бейсенұлы Асхат: Саңырауқұлақ өсіріп,  екі ай сайын 3 млн теңге табамын

Жарияланды (жаңартылды )
Кәсіпкер елімізде саңырауқұлақ өсіру шаруашылығы аса дамымаған дейді

Асхат Бейсенұлы Астана қаласындағы жылыжайда саңырауқұлақ түрі қозықұйрық (шампиньон) атты түрін өсірумен айналысап жүрген жеке кәсіпкер. Оның айтуынша, бұл кәсіптен  екі айда 3-4 млн теңге таза табыс табуға болады. Кәсіпкер осы істі 2020 жылы, дәл карантин уақытында қолға алған екен.  Кәсіпкердің бастапқа кезде жертөледе бастаған кәсібі, қазіргі кезде бір емес, екі жылыжайға үлкейді.

– Асхат мырза, елімізде бұл шаруашылықтың даму қарқыны қалай?

– Жасыратыны жоқ, елімізде саңырауқұлақ өсіру шаруашылығы төмен деңгейде. Қозықұйрық өсірумен айналысатын Алматы қаласында арнайы шаруашылық бар. Ал Астана бойынша бізде ғана. Еліміздің басқа өңірлерінде бұл саламен айналысатындар аз.

– Нақты осы кәсіппен айналысуға не түрткі  болды?

– Бұл саланы мен карантин кезінде қолға алдым. Бұл менің бірінші жеке кәсібім. Осы кәсіпке келмес бұрын, мейрамханаларға жеміс-жидектер мен көкөніс жеткізумен айналыстым. Ал бұл жұмысым карантин кезінде тоқтап қалды. Сондықтан осы саланы бастадым.

– Идея қалай келді? Ойыңызды қалай жүзеге асырдыңыз?

– Бастапқы кезде бұл кәсіппен әлеуметтік желі арқылы зерттеп, таныстым. Одан кейін Ресейде осы саламен айналысатын кәсіпкерден 45 мың теңгеге жеке оқыту сабағын сатып алып, үйрендім.

–  Бұл кәсібіңізді бастағанда алғашқы инвестицияға қанша қаражат құйдыңыз? Қаржыландыру жағы қалай болды?

– Бұл істі жылыжайды санамағанда, 4 млн теңгемен бастадым. Осы қаражаттың жартысы кампос сатып алуға, арнайы топыраққа, оны Ресейден алдыртуға кетті.

– Кампос дегеніміз не?

– Кампосты саңырауқұлақ дәні деп атауға болады. Әртүрлі көкөніс отырғызуға керек кампос топырағын Ресейден алып келеміз. Қозықұйрықты өсірудегі басты шарттардың бірі – осы.

– Кампосты біздің елде шығара ма?

– Жоқ. Шығарса да, құнарлығы жоғары емес. Кәсіп бастаған кезде елімізде сатып алған 1 келі кампостан 1 тал саңырауқұлақ алған жоқпын. Сондықтан оны Ресейден алдыртамыз. Мен сатып алатын кампостың ішінде саңырауқұлақ дәні болады.

– Саңырауқұлақтар неше күнде немесе неше айда өседі?

– Біздің саңырауқұлақтар бұл түрі 30–35 күн аралығында өседі.

Саңырауқұлақ баптаудың қыр-сыры туралы

– Қозықұйрық өсірудегі талаптарға тоқталып кетсеңіз?

– Қозықұйрық өсіретін жылыжайды толық арнайы химикат арқылы тазалап шығу қажет. Одан кейін жылыжайға кампос орнатамыз. Кампос орналастырған кезде жылыжайдың температурасы +2–+5 градус болуы міндетті. Бірнеше сағаттан кейін жылыжайдың температурасын +20 –+22 градусқа көтереміз. Ал екінші күні  жылыжайдағы жылуды +24 градусқа көтереміз. Осы температурамен бұл өнім жарты ай көлемінде тұрады. 15 күн өткеннен кейін, кампосты қопсытамыз. Одан кейін, осы кампостың үстіне арнайы қозықұйрыққа арналған топырақты себеміз. Бұл жәй даладағы қара топырақ емес. Бұл арнайы топырақ, ылғалды ұстап тұрады. Сонымен қатар, қозықұйрықты міндетті түрде қараңғы жерде сақтау қажет.

– Қозықұйрықты күнде суғару қажет пе?

– Арнайы топырағымызды салғаннан кейін, алғашқа 5 күнде 2 сағат сайын суғарамыз. Саңырауқұлақтар суды жақсы көреді. Сонда бір кв метрге 2 литр су құямыз.

– Бұл саланың кемшілігін айтып кетсеңіз?

– Саңырауқұлақтың әсіресе, біз өсіретін қозықұйрық деген түрі тез ауырады. Күтімді жақсы көреді.

– Саңырауқұлақтарды теріп алғаннан кейін, сақтау мерзімі қанша уақыт?

– Жылыжайдан теріп алғаннан кейін, суық жерге орналыстырамыз. Міндетті түрде тоңазытқышқа салып қою қажет. Біз дайын өнімді 2-3 күнде сатып жібереміз. Ал тоңазытқышта сақтау мерзімі бір апта.

– Бұл кәсіп бойынша орташа табысыңыз қанша?

–  Менде екі жылыжай бар. Әр жылыжайдан екі айда 3-5 млн теңге көлемінде таза табыс табамыз. Біз табысты екі ай сайын есептеп отырамыз.

– Бұл өнімге деген сұраныс жағы қалай?

– Елімізде бұл өнімге деген сұраныс өте жақсы. Әсіресе, қонақ үйлер мен мейрамханалар жақсы сатып алады. Саңырауқұлақтың бұл түрі ең қауіпсіз.

– Нарықтағы орташа бағасы қанша?

–  Қазіргі уақытт, бұл өнімнің 1 келісі 1000-2000 теңге көлемінде. Бұл саңырауқұлақтың негізі үш сорты болады. Сондықтан бағасы әртүрлі.

Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз