Бюджетке жоспардан тыс 309 млрд теңге кіріс түскен

Жарияланды
Жалпы ішкі өнім өсімі 3,1 пайызға жетті

Республикалық бюджеттің кірісі жөніндегі жоспар 309 миллиард теңгеге асыра орындалған. Бұл жөнінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Президентке берген есебінде мәлімдеді.

Ол мемлекет басшысына еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және Үкіметтің қаржы-экономикалық блогы алдағы жұмысының негізгі бағыттары туралы баяндаған.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, жалпы ішкі өнім өсімі 3,1 пайызға жетіп, инвестиция көлемі 7,8 пайызға артқан. Экономиканың барлық саласы дамып келеді. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс деңгейі 3,4 пайызға, құрылыс көлемі 9,4 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімінің көрсеткіші 9,1 пайызға өскен.

2022 жылдың 11 айында сыртқы сауда айналымы 33,4 пайызға өскен. Сауда балансы айтарлықтай нығайып келеді. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 33,8 пайызға өсіп, 24,1 миллиард долларға жетіпті.

Сонымен қатар министр Бюджет және Салық жаңа кодекстерінің әзірлену барысы, «Ұлттық қор – балаларға» жобасының жұмыс механизмдері, заңсыз иеленген және елден шығарылған активтерді мемлекетке қайтару үшін қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берген.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша тәркіленген қаражат «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына» жіберіліп жатыр. Қазіргі кезде арнайы шотта жиналған 120 миллиард теңгеге жуық қаражат мектептердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарына жұмсалады.

Қатысты материалдар