Қазақстан Германияға мұнайды Ресей арқылы тасымалдайды
Қазақстан 300 мың тонна мұнайды Германияға Ресей арқылы тасымалдамақ. Оған Ресей жағы келісім берген. «ҚазТрансОйл» АҚ 2023 жылдың I тоқсанында осы мұнайды жібереді, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Ресей Федерациясы Энергетика министрлігі биыл I тоқсанда «Транснефть» ЖАҚ магистральді мұнай құбыры жүйесі арқылы «Адамова застава» мұнай бекетімен әрі қарай Германияға 300 мың тонна қазақстандық мұнайды жеткізуді растаған.
«Бұл жөнінде Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі бекіткен ТМД мемлекет-мүшелерінің мұнайын Ресей Федерациясы аумағы арқылы мұнай құбырлары жүйесімен өтетін транзит кестесі жазбасында айтылған» делінген хабарламада.
Аталмыш транзит Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасында 2002 жылдың 7 маусымда жасалған арнайы келісімшарт негізінде іске асады.
Бұған дейін Германия қазақ мұнайына қызығушылық танытып отырғаны, мұнай экспорттау мәселесі бойынша келіссөз жүргізілгені хабарланған еді.