Ерлан Бейсенұлы: Мәсі тігіп, айына 4,5 млн теңге табыс табамын

Кәсіпкер мәсінің 25 түрін тігіп, саудаға шығарып жүр

Ерлан Бейсенұлы ұлттық нақыштағы мәсіні заманға сай тігіп, үлкен істі дөңгелетіп отыр. Кәсіпкердің айтуынша, таза былғарыдан тігілген өнімге сұраныс өте жоғары. Жеті жыл бұрын 100 мың теңгемен басталған бизнес қазіргі таңда 4,5 млн теңге пайда әкеледі. Ерлан бұл істі 20 күнде меңгеріп кетуге болатынын алға тартты.

– Ерлан, кәсіпкерлік жолды қалай бастадыңыз?

– Мен бұл істі 2016 жылы қолға алдым. Бастапқа кезде, екі шәкіртпен бірге жұмыс бастадық. Алматы қаласында цех ашып, мәсіні саудаға шығарып жүргеніме биыл 7 жыл болды.

– Мәсіні қандай матадан тігесіздер? Соған толығырақ тоқталып кетсек…

– Мәсі тігуде ең маңыздысы – мата. Қазіргі таңда мәсінің 25 түрін тігеміз. Негізі, матаны екіге бөлеміз. Қалыңдығы мен түріне қарай талдаймыз. Мәсіні сиыр мен ешкі терісінен тігеміз. Біз қолданатын сиыр терісінің қалыңдағы – 0,9 мм мен 3,5 мм арасында. Ал ешкі терісінің қалыңдығы – 0,9 мм мен 2,5 мм арлығында. Бұрын тек қара түсті мәсі сатсақ, ал қазір түрлі–түсті, әртүрлі ою–өрнекпен тігілген мәсі сәнде.

– Неге нақты сиыр және ешкі терісін қолданасыздар?

– Сиыр терісі мәсі тігуге өте ыңғайлы. Сонымен қатар, жылуды жақсы сақтайды. Ал ешкінің терісі созылмайды және төзімді. Бір көлемді ұстап тұрады. Ал қой терісі тез созылып кетеді. Сондықтан пайдаланбаймыз. Қойдың тек жүнін қолданамыз.

– Қазіргі кезде қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз?

– Қазіргі уақытта цехта 10 адам жұмыс істейді.

– Мәсі тігу процесіне тоқталып кетсеңіз?

– Ең алдымен тапсырыс бойынша берілген мәсінің сұлбасын қағазға түсіреміз. Одан кейін, таңдап алынған теріні осы үлгі бойынша кесеміз. Тігін машинасы арқылы қажетті қыртысты жұмыстарын жасаймыз. Ою–өрнек пен замок саламыз. Қалың мәсіге тапсырыс түссе, міндетті түрде сиыр терісі мен таза қойдың жүнін пайдаланамыз. Шұлық секілді жұқа мәсіге ешкі терісін қолданамыз. Табанына жұқа етіп, қой жүнін қолданамыз. Тапсырыс берушінің қалаған дизайны бойынша тігіп береміз.

– Ал осы мәсіден артық қалған теріні не істейсіздер?

– Кесіліп, бөлшектеп тастаған теріні заманға сай үлгідегі сөмке тігеміз. Бұл салада ысырап жоқ. Бар теріні іске жаратамыз.

– Барлық өлшемдегі мәсіні тігесіздер ме?

– Әрине. Жаңа туылған нәрестеден бастап, 52-өлшемге дейін тігеміз. Сонымен қатар, бізге көп жағдайда мүгедек жандар да тапсырыс береді. Сол үшін қажетті үлгідеге барлық түрін тігіп береміз.

– Мәсі түрлері жайлы айтып кетсеңіз?

– Бастапқада айтып кеткендей, мәсінің 25 түрін тігеміз. Оның ішінде, аяқ киім сияқты киюге болатын, қатты етік тәріздес  мәсі бар. Одан кейін, қалың шұлық үлгідегі мәсі. Өте жұқа, етіктің ішінен киетін шұлық мәсі де бар. Алып жүруге ыңғайлы өте кішкентай мәсі де тігеміз. Сахналық мәсіге де тапсырыс қабылдаймыз. Бұл мәсі түрін көбінесе бишілер тапсырыс беріп сатып алады.

– Осы таза былғарыдан тігілген өнімге қанша уақытқа дейін кепілдік бересіздер?

– Бұл өнімдерге 2 жылға дейін  кепілдік береміз. Егерде осы уақыт аралығында біз тіккен бөліктерінен қандай да бір ақау болатын болса, ақысыз қайтадан тігіп береміз.

– Алдағы уақытта мәсіден басқа қандай өнім шығару жоспарда бар?

– Алдағы уақытта таза теріден кеудеше мен шалбар тігіп, сатылымға шығару жоспарда бар. Кеудеше мен шалбар ешкі терісінен және таза қойдың жүнінен тігіледі.

– Неге бұл киімдерді тек ешкі терісінен тігесіздер?

– Себебі, сиыр терісі киім үшін ауыр болады.

– Мәсінің ең арзан және ең қымбаты қанша теңге тұрады?

– Ең арзан мәсі – 5500 теңге. Ал ең қымбат мәсінің бағасы – 60 мың теңге.Тапсырыстың түріне қарай бағасы қойылады.

–  Мата табудан қандай да бір қиндық бар ма?

– Мата бойынша қиындық жоқ. Себебі, біз Шымкент қаласындағы арнайы тері зауытымен жұмыс істейміз.

– Еліміз бойынша осы салада бәсеке жағы қалай? Мысалы Алматы қаласын алсақ…

– Алматы қаласы бойынша мәсі тігетін үлкен кәсіпорындар жоқ. Кішігірім цехтар бар.

–  Мәсі тігетін басқа цехтардан сіздердің ерекшеліктеріңіз қандай?

– Ең бірінші ерекшелігіміз – сапалы матада. Сапаға мән береміз. Қалдық теріден мәсі тікпейміз. Дизайн жағы да өзгешелеу. Сонымен қатар, адамның денсаулығына пайдасы жағын көбірек ойлаймыз. Өйткені, таза қойдың жүні аяқтағы жылуды жақсы сақтайды. Таза былғары суық өткізбейді. Көптеген ауру аяқтан.

– Мәсіні тек үлкен кісілер сатып ала ма?

– Жоқ, жастарда  өте көп  сатып алуда. Мәсінің пайдасын түсінген жастардың саны артуда. Қазіргі кезде, жаңа туған балаға да мәсі кигізу сұранысы жақсы. Жастар көбінесе, жұқа мәсі сатып алады.

– Бір айда қанша дана мәсі тігесіздер?

– Бір айда 1000 дана мәсі тігіп, сатамыз.

– Жалпы айлық табысыңыз қанша?

– Айлық табысымыз 4,5 млн теңге. Оның тең жартысын жалақы мен мекемені жалдауға жұмсалады.  Ал қалған 2 – 2,5 млн теңгесі таза пайда болып есептеледі.

– Бұл кәсіппен кез келген адам айналыса ала ма?

– Әрине, кез келген адам бұл іспен айналыса алады. Бар ықыласыңызды  қойып үйренсеңіз, 20 күнде бұл кәсіпті толық  меңгеріп шығуға болады. Егерде бұл бизнесті қолға аламын деген адам болса, 1 ай көлемінде бұл істі меңгеруге көмектесемін.

– Оқыту құны қанша?

– Оқыту құны бір айға – 400 мың теңге.  Бұл істі меңгеру кезінде тек мәсіні тігу жолын емес, тауарды сатуды да үйретеміз.

– Таргет жарнамасын қолданасыз ба?

– Әлеуметтік желі арқылы жарнама жасаймыз. Оның ішінде Instagram және таргет бар. Тапсырысты онлайн қабылдап, еліміздің барлық өңіріне жібереміз.

–  Бұл бизнесті қанша қаражатпен бастауға болады?

– Мен жеті жыл бұрын, бұл кәсіпті 100 мың теңгемен бастадым. Ал қазіргі кезде 800 мың теңге мен 1 млн теңге аралығында бастауға болады.

– Бұл кәсіпті бастаған кезде қандай дүниелерге мән беру қажет? Кәсіпті ашу, оның жұмысын жолға қою қаншалықты қиын?

– Менің ойымша, кәсіпті бастамай тұрып, нарықты зерттеу керек. Жұмысқа алатын қызметкерлерге қатты мән беру қажет. Дұрыс, сапалы мата таңдай білу де өте маңызды.

Сұхбатыңызға рақмет.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар