Досжан Мұратбек: Бұл кәсіпке салған қаражатты 2 аптада ақтап алдым

Жарияланды
Кәсіпкердің айтуынша, осы салада Қазақстан нарығы бос

Досжан Мұратбек – Павлодар қаласының тумасы. Кәсіпкер қазіргі таңда сұранысы көп, бәсекесі аздау бизнесті дөңгелетіп отыр. Ол Гонконг вафлиін шығарады. Бастапқа кезде үйде отырып ашқан бизнес бүгінде кеңейген.

– Досжан, өзіңіз жайлы қысқаша айтып кетсеңіз?

– Негізгі мамандығым – журналист. Қазіргі таңда, Мәдениеттану мамандығы бойынша магистратураны оқып жатырмын.

– Нақты осы кәсіппен айналысуға не түрткі  болды?

– Павлодар қаласында 2018 жылдан бастап бизнеспен айналысамын. 2018 жылы алғаш тәтті мақта және попкорн кәсібін бастап, Павлодар қаласы бойынша  бірнеше дүкендермен жұмыс жасадым. Сол кездегі жұмыс барысында көптеген тәжірибие жинадық. 1,5 жылдай осы тәтті мақта бизнесімен жұмыс істеп, 30-ға жуық қалада ашылдық. Сонымен қатар, басқа да жас кәсіпкерлерге үйреттім. Бірақ, бұл кәсіптің қиындығы клиент табу болды. Өндіріс болғаннан кейін өнімге жауапты болғандықтан, әрбір мәселеге нақты шешім қабылдау қажет. Сонымен қатар, өнімнің жарамдылық мерізімі өтпей, тұтынушыға жетуін қадағалау  сияқты қиындықтар болды. Бізге клиентті біз емес, клиент бізді іздейтін кәсіп керек болды. Сондықтан 2019 жылдың соңына қарай, осы Гонконг вафлиі ісін қолға алдық.

– Идея қалай келді? Ойыңызды қалай жүзеге асырдыңыз?

– Бастапқы кезде бұл кәсіпті әлеуметтік желі арқылы зерттеп, таныстым. Осы бизнесті үйде отырып аштық. Алғашқа кезде үйлерге жеткізу арқылы тапсырыс қабылдадық. Жарты жылдай жеткізу қызметі арқылы жұмыс істегеннен кейін, бұл кәсіптің пайдасын көріп, табысты есептеп, 2020 жылы көктемде бірден Павлодар қаласында 2 орын аштық.

–  Бұл кәсібіңізді бастағанда алғашқы инвестицияға қанша қаражат құйдыңыз? Қаржыландыру жағы қалай болды?

– Алғаш осы вафли саласын ашуға 300.000 теңге қаржы кетті. Сұраныс өте жоғары болғандықтан, салған ақшамызды 2 аптада ақтап алдық. Бұл істің де басқа да салалар сияқты өзіндік қиындықтары бар. Бірақ, әр істің өз қызығы мен қиындығы болады.

– Бұл саладағы бәсеке жағына тоқталып кетсеңіз?

– Бұл кәсіп еліміздің үлкен қалаларының сауда орталықтарында жақсы дамыған. Бірақ, нақты бәсеке болатындай, бұл іс біздің елдегі нарықта жақсы дамыған жоқ. Егерде фаст- фудт орталықтары бір қалада 100-ден астам болса, вафли ондай қатты дамыған деп айта алмаймын.

– Айлық табысыңыз қанша?

– Бізде қазіргі таңда 3 орталық бар. Үш орталықтың айналымы 10 млн теңгені құрайды. Оның ішінде қазметкерлердің жалақысы, мекемені жалға алу ақысы және қосымша шығындар бар. Ал таза пайда 3-4 млн теңгені құрайды. Көбінесе сауда орталықтарында сауда жасап тұрамыз. Сатушыға күнделікті – 5500 теңге жалақы төлейміз. Сонымен қатар, күнделікті орнымызды жалға алу үшін – 5800 теңге төлеп отырамыз.

– Бір вафлиден қалатын таза маржа қанша теңге?

– Біздегі вафлидің бағасы арзан, дәмі керемет. Бізде бір вафлидің өзіндік құны – 400 – 450 теңге. Ал біз оны 1500 – 2000 теңге аралығында сатамыз. Орташа есеппен алсақ, ең аз дегенде күніне – 40 вафли сатылса, оның таза пайдасы 40 мың теңге. Бұл ең аз деп есептегенде.

– Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма?

– Кез келген адам кәсіпкер бола алмайды.  Кәсіпкер болу үшін – тәуекелге бел буа білу керек. Кез келген қиындықтан қорықпай, дұрыс жол таба білу қажет.

Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз