2023 жылы өзіңізге мынадай 10 уәде беріңіз

Бұл сіздің қаржылық жағдайыңызды реттеуге көмектеседі

Жыл басында жоспар құру, жаңа мақсат қою баршамызға тән. Соның ішінде қаржыға қатысты мақсат аса маңызды. Өйткені өмір сапасын алдыңғы жылмен салыстырғанда жақсарта түскен дұрыс. Осы орайда оқырмандарымызға айтар біршама кеңесіміз бар.

  1. Мүлдем ақша құртпайтын күндеріңіз болсын. Диета ұстап жүргендер тамақ ішпей, аштық жариялап, жалпы калорияны азайтады. Осыған ұқсас тәсілді қаражатқа қатысты да қолдануға болады. Ол үшін белгілі бір күндері мүлдем ақша құртпаймын деп шешім қабылдаңыз. Әрі кетсе, жұмысқа дейін баратын автобус ақысын төлеңіз де, басқа шығын шығармаңыз. Отыз күннің бір күнінде осылай істегеннен керемет үнемдеп кетпеуіңіз мүмкін. Бірақ есесіне қандай шығындардың жай ғана көңіл қалауымен шығатынын, аса қатты маңызды болмаса да не нәрсеге ақша жұмсап жүргеніңізді бағамдауға көмектеседі. Айталық, кафеден күнделікті түскі ас ішесіз. Оған орта есеппен 3 мың теңгеден кетсе, бір айдағы жұмыс күндерін есептегенде айлықтың әжептәуір бөлігін алуы мүмкін. Айтпақшы, бұл әдістің басты шарты мынадай: «кеше бір тиын да жұмсаған жоқпын. Бүгін соның есебінен екі есе ақша құртсам болады» деп көп шығынға батып қалмаңыз.
  2. Қарыздардан құтыламын деп мақсат қойыңыз. Кемінде соларды өтеу кестесін жасап шығыңыз. Ұзақ мерзімге алған кей кредит бір жыл ішінде жабылмауы мүмкін. Дегенмен өзіңіздің жағдайыңызды есепке ала отырып, ең оңтайлы тәсіл ойластырыңыз. Аздаған бөлігін алдын-ала жабу арқылы жалпы пайызын азайтуға не айлық төлем мөлшерін төмендетуге болады. Толық жаба алмасаңыз да, басқа тәсілдерін қарастырып көріңіз. Сізге қай әдіс қолайлы? Басыңызда бірнеше кредит болса, онда соларды мерзімінен бұрын төлеп тастаудың қамын жасаған абзал. Өйткені ай сайын келіп тұратын төлемді бірнеше жыл бойы төлеу адамның үнемі стрессте жүруіне әкеліп соғады. Сондықтан тезірек жауып тастау үшін жинақталып, қамданыңыз. Қалай жабуға болатынын, ол үшін айына қаншадан төлеу керегін есептеп, нақты жоспар құрыңыз.
  3. Кредит карталарыңыз болса, жауып тастаңыз. Қазір банктердің біразында пайызсыз бөліп төлеуге мүмкіндік беретін карталар бар. Кредит карта дегеніміз құрал ғана. Ондағы қаражатты әркім қалауынша жаратады. Егер қарызға кіріп кете беретін, ақша таусылса бірден кредит картамен төлеп шығатын адам болсаңыз, оны жауып тастаған дұрыс. Өйткені көбіне адам қатты қажет болмаса да, ала салады. Сөйтіп төлеуге келгенде қиналады.   
  4. Төлемдерді автоматтандырып қойыңыз. Ай сайынғы төлемнің күні кешіктірілсе, өзіңізге жаман. Үстіне өсіспұл қосылады, банктен тоқтаусыз хабарласады. Бұл болса, қосымша стресс. Кредит тарихыңыздың нашарлайтыны айтпаса да белгілі. Төлем күнін ұмытып кететіндер не шатастырып ала беретіндер болады. Ақша болмай, айлық жетпей қалғаннан кешіктіру — басқа әңгіме. Егер күнін естен шығарып ала беретіндерден болсаңыз, автотөлемді баптап қойыңыз. Сонда күні келген кезде картаңыздан сол қаражат автомат түрде алынып тұрады.
  5. Көрпеге қарай көсіліп өмір сүруді үйреніңіз. Қарызды әйтеуір бірдеңе қылып жабуға болады. Одан да маңызды нәрсе — қайта қарыз алмау. Сондықтан 2023 жылы өзіңізге «шама-шарқыма қарай өмір сүремін» деген уәде бергеніңіз дұрыс. Ал енді көрпеге қарай көсілуді үйрену әсте оңай болмайтыны белгілі. Ауызбен айту ғана оңай. Іс жүзінде сізге көлемді жұмыс атқару керек. Шығындарды есептеп, бюджет жоспарлап, түзетіп, реттеп отыру қажет болады. Бәлкім, кей дүниеден бас тарту қажет болар. Дегенмен ұзақ мерзімге алып қарағанда, қарызсыз өмір ғажап! Соны ойлап-ақ, рақаттана беріңіз. Ешкімнің алдында міндеттемеңіз жоқ, тапқаныңыз өзіңізге ғана кетеді, керемет емес пе?  
  6. Қорға жинайтын қаражатыңызды арттырыңыз. Егер осы күнге дейін кейін керек болады деп қор жинамаған болсаңыз, онда биыл бастаңыз. Көлемінің көп болуы шарт емес. Бастысы, оның барлық адамда болғаны десек дұрысырақ. Өмірде небір форс-мажор болуы мүмкін. «Басқа салғанын көрермін» деп жүре бермеңіз. Алда-жалда бір жағдайға тап бола қалсаңыз, қарызға кіріп, кредитке батпау үшін қор керек. Бұған дейінгі материалдарымызда да талай айтқандай, ондай қордың мөлшері өзіңіздің үш айлық жалақыңыздың есебінде болғаны дұрыс. Жұмыстан қысқарып қалсаңыз, басқа да бір жағдай бола қалса сол ақшаға үш айдай өмір сүре тұрасыздар. Дегенмен үш айлық қор жиналды деп, көбейтпей қоя салуға болмайды. Қауқарыңыз жетіп тұрса, одан да молырақ жинай беріңіз. Ол ешқашан артық болмайды. Сіз үшін басты мақсат — қорыңыздың көлемін арттыру.
  7. Бос шығындардан бас тартыңыз. Ондай шығын барлығында болады. Мысалы, бір жылдық абонемент алуын алдыңыз да, үш айдан кейін бармай қалдыңыз. Сонда қалған 9 айдың ақшасы босқа кетті. Болмаса, сұмдық жеңілдік болып жатыр деп ақылы курсты маркетиң құрбаны болып алып алдыңыз да, күнделікті күйбеңнің кесірінен тіпті оқымадыңыз. Ал енді оқиын десеңіз, мерзімі өтіп кеткен соң сабақтар жабылып қалған. Таныс жағдайлар ма? Ойлана келе бос шығындарды ескеріп, сызып тастаңыз.
  8. Жаман әдеттерден құтылыңыз. Жыл басында арман-мақсат тізімін жазғанда осы бөлім барлығында дерлік болады. Бірақ бүгін біз қаржылық бағытқа тоқталайық. Айталық, сіз темекі шегесіз. Оның сыртындағы түрлі суреттер мен өкпеге зияны туралы зерттеулер еш әсер етпейтін болса, онда миыңызға басқаша әсер еткізіп көріңіз. Ол үшін отырыңыз да, айына қанша қаражатыңыз ішімдік, темекіге кететінін есептеңіз. Енді ол ақшаны қайда жұмсасаңыз, жағдайыңызды жақсартуға болар еді деп ойланыңыз. Бәлкім, сол ақшаны кредитті мерзімінен бұрын төлеуге бағыттаған абзал шығар?! Болмаса, демалысқа шығуға жұмсауға болады.
  9. Мансап жолында өсуді ойлаңыз. Қаржылық ахуалды жақсарту үшін аз шығын шығарып, көп табу керек. Екеуінің бірін істеуге де, екеуін қатар істеуге де болады. Жылдар бойы бір жерде тұрақты істеп, жалақысы да өспей, мансапта да көтерілмей жүретіндер болады. Егер сіз де сол топтан болсаңыз, өзгеріс керек. Сол жұмыста қала беретін болсаңыз, айлығыңызды көтеру туралы ұсыныс айтып көріңіз. Болмаса, басқа жұмысқа, айлығы көбіек жерге ауысу керек пе? Бұл — әркімнің өз жағдайына қарай қабылдайтын шешімі.
  10. Ақша жинау тәсілін ауыстырыңыз. Ай сайын тапқан табысыңыздың бір бөлігін үйдегі сейфке салып қою әдет ретінде өте жақсы. Ал енді инерция тұрғысынан алып қарағанда жинақты бір жерде сақтау — жаман әдіс. Депозитке салатын болсаңыз, басқа банктердегі ұсыныстарды қарап көріңіз. Бәлкім, шарттары жақсырақ түрі шыққан болар. 

Мақсатты қалай дұрыс қою керек?

  • Дайындық жасаңыз. Мақсат қою үшін іргетас мықты болуы керек. Әйтпесе, ол қол жетпейтін қиын дүние болып көрінуі мүмкін. Болмаса, орындалмаған күйі қалып кетеді. Қаржы мәселесінде нақтылық аса маңызды. Сондықтан кіріс пен шығынды есептеуден бастаңыз. Сонда қай жерге қанша ақша жұмсап жүргеніңізді біліп отырасыз. Бюджетіңізді ойсырататып жүрген бағытты табасыз.
  • Сома мен мерзімін анықтап алыңыз. Кез келген қаржы мақсатының айқындалуы шарт. Жинағыңыз келетін сомаға қатысты да, сол мақсатқа жете алатын мерзімді де бекіту қажет.
  • Реалист болыңыз. Армандаудың зияны жоқ. Бірақ арман жүзеге асатындай болсын. Егер табысыңыз 300 мың теңе болып, шығыныңыз 250 мың теңге болса, онда жарты жылда миллион жинай алмасыңыз анық. Сондықтан сау ақылмен ойланыңыз. Табысты қалай арттыруға болады? Адал жолмен қалай таба аласыз? Казина, онлайн-лото, бәс тігу секілді азартқа кірмеңіз. Оның соңы жақсы болмайды. Сол сияқты күмәнді криптовалютаға қатысты да солай. Шығындарыңызға анализ жасағанда біраз дүние белгілі болады. Сондықтан ерінбей кіріс-шығыстың бәрін есепке алыңыз.  
  • Сіз үшін не маңызды болса, соған басымдық беріңіз. Бір уақытта машина алуды да, үйлі болуды да, отбасыңызбен Дубайға барып демалуды да жоспарлап қоюыңыз мүмкін. Сөйтіп біртіндеп жинай бастайсыз. Бірақ түптеп келгенде жинап алмау ықтималы жоғары. Өйткені сізде бір уақытта бірнеше дүние жоспарланып тұр. Одан гөрі басымдық беретін біреуіне тоқталыңыз. Машина ма, Дубай ма? Егер демалыс маңыздырақ болса, соған қол жеткізіп алыңыз да, демалып келген соң көлік алудың қамын жасаңыз.
  • Мақсаттарыңызды бекітіп, бағдарламалап қойыңыз. Мынадай техниканы қолданып көрсеңіз болады: қағазға 100 арманыңызды тізіп шығыңыз. Оның ішінде мақсаттарыңыз да бар. Ойыңызға не келеді — соны жаза беріңіз. Саны жүзге жеткен соң жартысын қысқартыңыз. Осылай біртіндеп сыза беріңіз де, соңында ең маңызды 8-12 арман-мақсатыңыз қалсын. Сызып тастағандары миыңыздан кетеді де, ал қалған таңдаулы әрі маңыздылары түпсанада қалады. Осылайша соны жүзеге асыруға талпыныс артады.
  • Жоспарларыңызға өзгеріс енуі мүмкін екенін ескеріңіз. Бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Форс-мажор болып тұрады. Сондықтан ондайда жағдайды қабылдап үйрену керек. Дереу арада жоспарда өзгертіп, бағытын анықтап алыңыз. Әу бастағыдан ахуал өзгергеніне қатты қынжылмаңыз. Болар іс болды. Бәлкім, шығындарды қысқарту керек болар, болмаса алты айда қол жеткізем дегеніңіз тағы жарты жылға ұзарар. Қалай болған күннің өзінде не істеу керегін ойланып, алға жылжи беріңіз. Маңыздысы сол — бір мақсат қойған соң, соған жеттіңіз бе — келесесін қойыңыз. Әйтпесе, ақша жинауға, инвестициялауға деген құлшыныс азайып кетеді. 
Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар