Индустриялық жобалар пулы қалай кеңейеді?

Жарияланды
Жыл сайын ЖІӨ-ні 4-5 пайызға өсіру керек

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың хабарлауынша, өнеркәсіп саласында 2022 жылдың қорытындысы бойынша өсім 1,1 пайызды құрады. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,4 пайызға өскен. Қалған секторлар да түгелге дерлік өсім бар. Сонымен қатар жалпы құны 2 трлн теңгені құрайтын 160 жоба іске асырылып, 14,4 мың жұмыс орны құрылған.  

  • Қызылорда облысында – шыны өндірісі бойынша;
  • Атырау облысында – полипропилен;
  • Қарағанды облысында – автомобиль шиналары;
  • Шымкент қаласында – алюминий банкаларын шығару сияқты негізгі жобалар іске қосылды.
  • Жамбыл облысындағы азот-фосфор тыңайтқыштарын өндіру қуаты 2 есе ұлғайтылды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Иран Шарханның айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,4 пайызға өсті. Өңделген өнімнің экспорты былтырғы 10 айда 21,7 млрд теңгеге немесе 34,9 пайызға жетті. 

«2025 жылға дейін 134 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашып, оның ішінде моноқалаларда – 13 мың, сондай-ақ ауылды жерлерде – 61 мың жұмыс орнын ашу арқылы 734 жобаны іске қосу жоспарланған. Барлық жоба толығымен қуатына шыққан кезде өндіріс көлемі шамамен 10,4 трлн теңгеге жетпек», деді Иран Шархан.

Өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қаржылай тұрғыда қолдау үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі несиелеу, лизингтік қаржыландыру, капиталға үлестік қатысу мен өнеркәсіптік гранттарды беру сынды тетіктерді пысықтады. Мәселен, 2022 жылы даму институттары арқылы жалпы сомасы 425,5 млрд теңгеге жоғарыда аталған саладағы жобаларды қаржыландыру қарастырылды. Ведомствоның ақпараты бойынша биыл қажетті жобаларды қаржыландыру үшін жалпы сомасы 399,2 млрд теңгеге құжаттама дайындалған.

Сондай-ақ қазір өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында қаржыландырудың қосымша көздері мен тетіктері жан-жақты ойластырылып, пысықталып жатыр.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов өз сөзінде осы жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдында қазіргі сын-қатерлерге төтеп беретін бірқатар маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті. Оның сөзінше, тау-кен өндіру саласын дамытуға серпін беріп, өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндірістер құру жөніндегі жұмысты күшейту қажет.

«Экономиканы әртараптандыру қарқынын төмендетуге болмайды. Біздің алдымызда жыл сайын шамамен 4-5 пайыз деңгейінде елдің жалпы ішкі өнімінің тұрақты өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, оның ішінде 2023 жылы да индустриялық жобалар пулын кеңейтуі қажет. Әсіресе, импортты алмастыруға баса назар аударылуы тиіс», деді Әлихан Смайылов.

Бұл ретте ол моноқалалардың дамуын ескеру маңызды екенін айтты. Ондағы жаңа кәсіпорындар халықты қосымша жұмыспен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Үкімет басшысы қазақстандықтардың автожолдардың сапасына, оның ішінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына қатысты шағымдары бар екенін атап өтті. 

Сонымен қатар отырыс барысында Премьер-министр Қазақстанның көлік жүйесін халықаралық дәліздермен одан әрі интеграциялау бойынша жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Бұл елімізге аймақтағы негізгі «транзиттік хабтардың» біріне айналуға, сондай-ақ Ақтау және Құрық порттарын дамытуға, «Ақтау теңіз порты» АЭА базасында логистикалық хаб құруға, ҚТЖ трансформациялауға, теміржолдар салуға және жылжымалы құрамды жаңартуға мүмкіндік береді. Оның айтуынша, тұрғын үй құрылысында және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуда барлық жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет.

Қорытындылай келе, Премьер-министр:

  • «KAZNEDRA» ақпараттық платформасын өнеркәсіптік пайдалануға беруді жеделдетуді;
  • Minerals.gov.kz жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасындағы функцияларды автоматтандыруды;
  • Арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру бойынша олардың жұмысының жаңа моделін енгізу арқылы жан-жақты шаралар қабылдауды;
  • Шикізатпен қамтамасыз ету және дайын өнімді өткізу үшін отандық кәсіпорындарға қолдау көрсетуді тапсырды.
Қатысты материалдар