Ерлік Ұзақұлы: Бағасы қолжетімді отандық трактор құрастырамын

Кәсіпкер түрлі салаға қажет құрылғылар шығарады

Көлік жасау – өнеркәсіптің өзекті саласы. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – Ұзақұлы Ерлік. Кәсіпкер ауыл шаруашылығындағы өте маңызды техниканың бірі – трактор құрастырумен айналысады. Сонымен қатар, түрлі кәсіпке қажет еңбек құралдарын, станок, көлік аппараттарын жасап шығарады. Кәсіпкердің айтуынша, оның тракторы Қазақстан нарығындағы ең арзаны.

– Ерлік, өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз?

– Мен ауылда туып-өскендіктен, ауылдың мәселесін өте жақсы білемін. Ауылдың тірлігі техникасыз бітпейді. Қазіргі кезде ауыл шаруашылық көліктерінің бағасы аспандап тұр. Оны ала беруге екінің бірінің шамасы жетпейді. Осындай уақытта бағасы қолжетімді отандық техникаларға басымдық берілгені абзал.

– Бұл істі бастағаныңызға қанша уақыт болды?

– Әртүрлі кәсіпке қажетті станоктарды 2013 жылдан бастап шығаруды қолға алдық. Отандық кәсіпкерлерге қажет станоктар шығарамыз. Ал 2022 жылдан бастап,  ауыл шаруашылығына керек трактор техникасын  жасап шығаруды бастадым.

– Неге нақты осы трактор техникасын шығару кәсібін қолға алдыңыз?

–Трактор ауыл шаруашылығына ең қажет техника. Осы шағын тракторлар шөп шауып, жинап, картоп отырғызып және жинап, қыста қар күреу сияқты бітпейтін шаруаларды лезде атқарып шығады. Бұл трактордың артықшылығы – тиімді, бензинді аз тұтынады, ауылда сұранысқа ие.

– Бір айда қанша трактор шығарасыз?

– Бір айда бір трактор. Негізінен тапсырыс бойынша шығарамыз. Трактор техникасына тапсырыс болса, қажетті көлемде құрап береміз.

– Бұл шағын трактор қанша келі салмақ көтере алады?

– Бұл көлік түрі 300 келіге дейін жүк көтере алады. Тракторға 2 жыл уақыт кепілдік береміз.

– Тракторға қажетті құрал–жабдықтарды қай елден сатып аласыз?

– Тракторға қажетті құрал–сайманды  Ресей Федерациясындағы Уфа қаласынан сатып аламын. Ал трактордың мосттарын, коробкасын, руль бағанасын Павлодар каласының дүкендерінен сатып аламыз.

– Тракторға қандай құрылғылар орнатасыз?

– Тракторға аша, күрек, қар тазалағыш, коммуналдық сыпыртқы сияқты құрылғыларды орнатамыз. Сонда бір трактордың өзі көптеген жұмыстарды атқарады.

– Бір тракторды толық сатуға шығару үшін қанша уақыт қажет?

– Толық сатылымға 1,5 айда шығарамыз. Тапсырысты еліміздің қай өңіріне қажет болса да, жеткіземіз. Бұндай шағын трактор әр аудан мен ауылдарға қажет техника. Сұранысы өте көп. Бұл тракторлармен шөп те шабуға болады.

– Қазіргі таңда қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз?

–  Қазіргі кезде мекемеде 5 адам жұмыс істейді. Соның ішінде 3 адам дәнекерлеуші.

 – Сонда, тракторды тек тапсырысқа жасайсыз ба?

– Тракторды тек тапсырыс бойынша жасаймыз. Сонымен қатар, көптеген салаға қажет станоктарды да жасаймыз. Тіпті кірпіш құятын станок шығарамыз.

– Станоктар жайлы толық айтып кетсеңіз?

– Негізі менің бастапқа салам – әртүрлі кәсіпке арналған станоктар мен құрылғылар жасап шығару. Бұл станоктардың жұмысы жыл мезгіліне қарайды. Сондықтан тапсырыс көбінесе жазда болады. Әмбебап станоктар жасаймын. Қоқысты қайта өңдеп шығаруға арналған станоктар жасаймын. Бұл құрылғыларды көбінесе отандық кәсіпкерлер өз цехтарына алады. Құрылысқа қажетті көптеген қалыптар жасаймыз. Бұл құрылғыларды еліміздің барлық өңіріне жеткізіп береміз. Әр станокқа 1 жыл кепілдік береміз. Барлық құрылғының өз құжаты бар. Бір станокты 15 күнде  дайындап береміз. Кірпіш құятын станоктың бағасы – 400 мың теңге. Қалып құятын құрылғылар 800 мың теңге тұрады.

– Бір трактордың құны қанша?

– Бір трактордың құны – 2 млн 300 мың теңгеден басталады. Бұл оның өзіндік құны десек болады. Үстінен көретін пайда 150 – 180 мың теңге. Қазіргі кезде Қазқстандық кәсіпкерлер тура осы трактордың түрін, Ресейден 4 млн теңгеге тапсырыс беріп алады. Өйткені бұл сала елімізде қатты дамып жатыр деп айта алмаймын.

– Бұл кәсіпті кез келген адам бастап кете ала ма?

– Бұл кәсіпті арнайы инженер мамандығы бар адам бастап кете алады. Бірақ, жасаймын деген адамға ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын. Еңбек етемін деген адамға жұмыс әрқашан табылады.

– Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма?

– Өзіне мақсат, талап қойған  адам ғана кәсіпкер бола алады. Егер де адамда алға қойған мақсаты айқын болса, алға ұмтылу керек.

Сұхбатыңызға рақмет.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар