Фриланстағы жұмыстан көңіліңіз қалмасын десеңіз

Жаңа форматқа ауысқандардың жіберетін қателіктері

Жаңадан фрилансқа аяқ басып жатқандардың жиі жіберетін қателіктері бар. Дұрысырақ айтқанда ойындағы жұмыс режимі мен шын мәніндегісі сәйкес келмей қалуы мүмкін. Содан екі ортада «қашықтан істеу қиын екен» деп жатады. Ал ондай болмас үшін бастапқыда білуіңіз керек дүниелер бар. Бүгінгі материалымызда осы туралы айтамыз.

Өзіңізге ыңғайлы графикті басынан келісіп алыңыз. Мысалы сіз жұмысқа кірісерде күніне әрі кетсе 3-4 сағат істеуді ойлаған болуыңыз мүмкін. Ал шынында таңнан кешке дейін ноутбукке үңіліп отырасыз. Әсіресе, әлдебір шаруаларды міндетті түрде бекітіп алатын, мақұлдауды күтетін жұмыс болса, өздігіңізбен график түзу қиын болады. Сонымен бірге адам көңілі қалаған, жақсы көретін жұмысын істегенде уақыттың қалай сырғып өтіп кететінін байқамай қалатыны тағы бар. Бір жобаның аясында бір тапсырманы орындап жатып, келесісіне қосылып кетуіңіз де бек мүмкін. Сондықтан фрилансқа шығамын деп шешім қабылдаған адам ең бірінші кезекте осы жұмыс уақыты мәселесін бірден нақтылап алғаны жөн. Әдетте, көпшілігі өз күшіне сеніп, тез істеп тастаймын деген оймен жүктемені ғана талқылап, кесте жайлы ұмытып кетеді. Содан артынша үлгере алмай немесе басқа жұмыстарымен қарбаласады. Жұмыс уақытын шегелеп алу аса маңызды. Мәселен, күнде таңертеңгі 10-нан бастап, кешкі 18:00 аралығында деп келісіп алсаңыз болады. Осы уақыт ішінде әріптестеріңіз сізге хабарласып, сұрайтынын сұрап, тапсыратын тапсыра алады. Ал одан тыс уақытта ешкім мазаламайды. Әсіресе, командалық жұмыс кезінде басқалардың графигіне ыңғайласуыңызға тура келеді. Ал енді түнде де, таңда да істеу еркі өзіңізде болса, мәселе басқа. Десе де, түн — ұйқы уақыты. Гормон дұрыс бөлінуі үшін, өз денсаулығыңыз үшін режим жөндегеніңіз жөн-ақ.

Апта күндерін де өзіңіз бекітіп алыңыз. Егер сізде қай күні жұмыс істеуді таңдай алатындай жағдай болса, осындай қызық тәжірибе жасап көруді ұсынамыз. Айталық, жұрттың бәрі дүйсенбіде көзін тырнап ашқан бойда шай ішіп үлгерместен жұмысқа жүгіретін болса, сіз бұл күні демалсаңыз болады. Яғни жұмыс аптаңызды сейсенбі-сенбі аралығында етіп көріңіз. 2022 жылы ақпанда, бір жыл бұрын Бельгия заң бойынша төрт күндік жұмыс аптасын енгізді. Қызметкерлер қалауына қарай өздері таңдай алады. Ал Исландия болса, 2015-2019 жылдары осындай схеманы сынап көрді. Айлығын өзгертпестен, 40 сағатты 35 сағатқа қысқартты. Әлде апта ортасында демалғыңыз келе ме? Егер осылай өзгерте алатын болсаңыз, қызық тәжірибе сынап көруге болады. Бастапқыда сенбіде жұмыс істеу қолайсыз көрінуі мүмкін. Өйткені сенбі және демалыс сөздері синоним іспеттес болып кеткен. Десе де, үш аптадай сынақтан кейін біржақты болып қаласыз. Бұл жұмыс пен жеке өмірді баланста ұстауға жақсы көмектеседі.

Жұмыс уақытыңыздың нақты қайда кетіп жатқанын біліп отыру үшін тайм-трекиң жүргізіп көрсеңіз болады. Ол жерде мынадай жұмыстарды белгілеп отыра аласыз: 

  • Бір тапсырманы орындауға қанша минут не сағат кеткенін жазыңыз;
  • Қай жоба сіздің көп уақытыңызды алады — соны анықтап алыңыз;
  • Өзіңізге шектеу қойып көріңіз. Күніне 8 сағаттан артық жұмыс істемеймін дегендей;
  • Бүгін істеп үлгермегенді ертеңге ауыстырыңыз.

Осы ретте уақытқа трекиң жасауға болатын сервистерді айта кетейік: ClockifyПланФиксBitcopBoostedToggl. Тайм-трекиңнің артықшылығы көп. Ол өзіңіздің мүмкіндіктеріңізді сынап көруге, сондай-ақ, дедлайн қойған кезде мүлт кетпеуге көмектеседі. Өйткені көбіне біз күшімізге сеніп, әлдебір шаруаны  тез аяқтап тастаймын деп алып аламыз да, артынша үлгере алмай, қапыламыз. Бір сағатта істеймін деген жұмысыңыз бір күніңізді алып кетуі мүмкін. Мұндайда трекиңнің пайдасы тиеді.

«Фриланста жүргенде тапсырыс аз түседі, табыс та көп емес». Осылай ойлайтындар бар. Бұл ретте мынаны анықтап алу керек. Мәселе форматта ма, әлде сізде ме? Әдетте, осындай сөздің астарында өз қателіктеріңіз жатуы мүмкін.

  • Прокрастинация;
  • Тапсырысты дұрыс жерден іздеп жүрген жоқсыз;
  • Жұмысыңыз үшін жоғары ақы сұрауға ұяласыз;
  • Өзіңізді «сата» алмайсыз, жақсылап таныстыруға батпайсыз. Тиісті машық жетіспейді;
  • Портфолиоңыз дұрыс жасалмаған. Сіз жақсы маман болуыңыз мүмкін. Бірақ өзіңізді «әдемілеп» ұсына алмайсыз;
  • Жоғары ақы төленетін жобаларға қауқарыңыз жетпейді.

Фрилансерлер жіберетін тағы бір қателік — қаржылық жоспардың болмауы.  Осының кесірінен көпшілігі әдеттегі кеңсе жұмысына қайта оралып жатады. Сосын мынаны жақсылап біліп алған жөн: енді бастаған кезде қашықтан істейтіндердің көбі аз табыс табады. Дұрыстап сіңісіп, бір ыңғайға келіп алғанша бұған норма деп қараңыз. Бірер айдың ішінде бәрі белгілі болады. Уақытыңыз бен мүмкіндігіңізді сынап көріңіз. Ең дұрысы — бірден режимді ауыстырмау. Фрилансқа көшу туралы ой мазалап жүрсе, негізгі жұмыстан түбегейлі кетпей тұрып екеуін қатар алып жүруге тырысыңыз. Сосын біртіндеп ауысасыз. Өйткені жұмыстан шығуын шығып алып, фриланста ойыңыздағыдай ақы таба алмай қалсаңыз, ол стресс болады. Сондықтан алдымен қаржылық жағдайыңызды ойластырып, мүмкін болса қорыңызды реттеп алған абзал. Қашықтан істеуге дайын болатындай, клиенттер тауып, олармен бірнеше айға келісімшарт жасасып, кетуге дайын болғанда ғана түбегейлі шешім қабылдаған абзал. 

 «Тапсырыс берушілермен талқылауға көп уақытым кетеді. Бұл маған қосымша күйзеліс болады». Фрилансерлер, бір қызығы, көбіне дыбыстық хабарлама немесе видеобайланысты ұнатпайды. Оның орнына мәтімен жазып, байланысқанды құп көреді. Осы нәрсе шынымен көп уақыт алуы мүмкін. Өйткені бетпе-бет видеомен сөйлесіп, болмаса қоңырау шалып талқылағанда көп нәрсе тезірек шешіледі. Ал жазып жіберіп, оны қашан көргенін күтіп отырғанда көп уақытыңыз кетіп жатқандай сезім қалдырады. Фрилансқа шығу деген адамдармен сөйлеспей, көріспеу өмір сүру деп ойламаңыз. Бәрібір байланысып тұруыңыз керек болады. Егер дискомфорт сезініп, адамдармен сөйлесуден қашқақтайтын болсаңыз, онда сізге айтар бірнеше кеңесіміз бар:

  • Коммуникация машығын арттыру керек. Мұның артықшылығы мол. Пайдасын жұмыста ғана емес, күнделікті өмірде де көп көресіз. Мысалы тапсырыс берушілердің алдында екі фрилансермен жұмыс істеу таңдауы тұрса. Олар міндетті түрде кіммен сөйлесіп, мәселе шешу жеңіл болса, соған тоқталады.
  • Агенттікке жұмыс тұрыңыз. Мұндай кезде клиенттермен сіз емес, менеджер сөйлеседі. Штатқа емес, келісімді баға бекітіп алыңыз. Сонда сіз тек белгілі бір шаруаны ғана мойныңызға аласыз. Дизайнер болсаңыз, баннер, иллюстрация жасаумен ғана айналысасыз. Ал коммуникацияға қатысты нәрсеге тіпті де бас қатырмайсыз.
  • Көмекші алыңыз. Ол тапсырыс іздеп, сіздің орныңызға қоңырау, кездесулер ұйымдастырады. Сіз болсаңыз, тапсырысты орындап берумен шектелесіз. Егер табысыңыз айтарлықтай жақсы болса, онда осы әдісті ойланып көріңіз. Өйткені көмекші алған кезде бір адамға жалақы төлей алатындай жағдайда болуыңыз керек.

«Үйден істеген ыңғайсыз. Өнімді жұмыс істей алмайсың». Көбі осылай ойлайды. Фриланс деген үйден істеу дегенді ғана білдірмейді. Мұның кеңседегі жұмыстан артықшылығы сол — бір жерге байланбайсыз. Автобусқа кетіп бара жатып, бір жазбаның мәтінін жазып үлгеруіңіз мүмкін. Балиде жатып та істей бересіз. Басқа елге көшіп кеткіңіз келсе де, еріктісіз. Коуоркиңде немесе өзіңізге кеңсе жалдасаңыз да болады. Яғни өнімді жұмыс істеу үшін үйден тыс жерде істеу керек болса, түрлі нұсқа бар. Ал үйден істеу керек болса, онда мына кеңестерді назарда ұстаңыз:

  • Арнайы жұмыс орнын жасап алыңыз. Ол сіздің жұмысқа кірісіп кетуіңізге жақсы көмектеседі. Балконды ыңғайластырып алуға болады. Болмаса, бөлек бұрыш жасаңыз. Осы арқылы сіз сол орынға жайғасқанда барлығын ысырып қойып, жұмысты беріліп істей аласыз. Үй шаруаларына алаңдамайсыз. Ал бөлек орын болмағанда басқа нәрселермен айналысып кету ықтималы жоғары.
  • Отбасы мүшелерімен графигіңіз реттеп, белгілі бір тәртіп орнатып алыңыз. Жұмыс істеп отырсыз ба — үйде жоқсыз. Яғни үйде болсаңыз да, жұмыс уақытында сізді ешкім алаңдатпауы керек. Әлбетте, кішкентай баласы бар адамдарға мұндай заң орнату қиындау. Ондайда басқа амалын қарастырып көріңіз. Бәлкім, баланы біреу қарай тұрар? Болмаса, балаңыз ұйықтап жатқанда істейтіндер график құрып алыңыз.
  • «Маған адамдармен сөйлесу маңызды. Өзіммен-өзім болған ұнамайды». Әдетте жұмыста адам көп, сөйлесіп, мәз-мейрам боласыз. Ал фриланста ондай аз. Сондықтан қолдау жасау қажет. Қашықтан істегеннің ғажабы сол — кіммен қашан кездесуді өзіңіз жоспарлай аласыз. Кеңседегі сегіз сағаттық жұмыста тек үзіліс кезінде мүмкіндік болса, фриланста өзіңіз білесіз. Сондықтан түрлі іс-шараға барып, жаңа адамдармен танысыңыз, достарыңызбен қалаған кезіңізде кездесіңіз. Қонаққа барыңыз, өзіңіз шақырыңыз. Мұны мәселе көрудің қажеті жоқ. Коммуникацияға зәру адамдарға фриланс қажет емес деген ойды ысырып қойыңыз.  

Бұдан шығатын қорытынды: бастысы, көңіл қалауы. Қалғанын қолдан жасап, ыңғайлап алу оңай. Шын мәнінде фрилансқа шыққыңыз келе ме? Осыны анықтап алғаныңыз жөн. Егер «иә» десеңіз, алға! Барлық мүмкіндікті пайымдап алып, бағамдап барып шешім қабылдаңыз. Тұрақты табысқа үйреніп қалған, түсінікті графикті қалайтын, әлеуметтік аударымдарды жақсы көретін адамдарға фриланс келмеуі мүмкін. Сол тұрғыдан алып қарағанда барлық плюс-минусты қарастырып шығыңыз. 

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар