Қазақстанда 23 қаңтардан бастап елге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген автокөліктерді есепке алу шарасы басталды. Заңдастыру ережесіне сәйкес, жеңіл машина, шағын және орташа автобустар мен кішігірім жүк көліктері тіркеледі. ЕЭО елдерінен келген оң рөлді техника да осы тізімге ене алады. Бірақ біздің елге былтыр 31 тамыз күні кіріп үлгерген болуы керек (1 қыркүйекте келгендер есепке алынбайды). Автомобильдің ел аумағына қашан өткенін жауапты орган шекарашылары мен сақтандырушылар базасы арқылы тексеріледі.
- Машина криминалдық есепте, кепілде тұрмауға тиіс және оны басқа елде есептен шығару қажет.
- ЕЭО-ға кірмейтін мемлекеттен келген автомобиль міндетті түрде кедендік тазартудан өтеді.
- Билік техниканың жасы мен экологиялық класына қатысты талап қоймайды.
- Заңдастыру процесі 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.
Заңдастыру тәртібі қандай?
Сервис Электрондық үкімет порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында жеке тұлғалар үшін 2023 жылғы 23 қаңтардан 1 шілдеге дейін қолжетімді.
Үкіметтің 2023 жылғы 11 қаңтардағы №13 қаулысына сәйкес, қазақстандықтар Қазақстан Республикасына 2022 жылғы 1 қыркүйегіне дейін кіргізген шетелдік автокөліктерін eGov.kz. порталындағы «автокөлікті заңдастыру үшін тексеру» бөлімі арқылы өтініш беруге міндеттелген. Өтініш бойынша B (жеңіл автокөліктер) және D1 (шағын автобустар) санатындағы көлік құралдарының мынадай талаптарға сәйкестігін тексеру қажет:
- Көлік транспортын 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелу;
- Көлік таранспортында қылмыстық белгілердің болмауы;
- Кедендік тазалығы.
Электрондық үкімет порталындағы жаңа сервисті басты бетте «сервистер» бөлімінде және «көлік және коммуникациялар» – «Автомобиль көлігі» бөлімінен табуға болады. Бұл қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасында «жүргізу және тасымалдау» бөлімінде де бар.
Қандай құжаттар тапсырылады?
- Өтініш;
- Өтініш берушінің жеке басын растайтын құжат;
- Көлік паспорты немесе тіркеу туралы куәлік;
- Көлік құралына иелік ету құқығын растайтын құжат (сақтандыру полисінің ондай күші жоқ).
«Шетелдік автокөліктерді заңдастыру рәсімі екі кезеңде жүргізіледі. Автокөлік иесі ең алдымен eGov.kz порталында өтініш беруі керек, одан кейін арнайы ХҚКО-да автокөлікті тексертіп, көлік транспортын тіркеу үшін төлем жасап және мемлекеттік нөмірді алуға жүгінуі қажет», дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма Төрағасы Ростислав Коняшкин.
eGov.kz порталында электрондық өтініш беру үшін не қажет?
- Тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеу болуы тиіс;
- Қазақстан Республикасы азаматы болуы;
- Мобильді азаматтар базасында (БМГ) тіркеудің болуы;
- Автокөліктің және көлік транспортының бұрынғы иесі туралы барлық қажетті мәліметтерді толтыру;
- Өтінімді тексеріске жіберу;
- Көлік құралын тексертуден өткізу үшін арнайы ХҚКО-ға электрондық кезекті брондау.
Қызмет көрсету нәтижесі көлік транспортын заңдастыруға мақұлдау туралы хабарлама немесе қызмет көрсетуден бас тарту туралы жауап пайдаланушының eGov.kz жеке кабинетіне 15 минут ішінде жіберіледі. Хабарламаны алғаннан кейін автомобиль иесі автокөлікті тексеру, көлік транспортын тіркеуден өту, 200 мың теңге мөлшерінде тіркеу алымын төлеу, мемлекеттік нөмір мен көлік транспортының куәлігін алу үшін арнайы ХҚКО жанындағы тексеру пункттеріне көлік транспортын ұсынуы қажет.
Өтініш мақұлданса, көлік иесі:
- Бастапқы тіркеу алымын — 200 000 теңге;
- Техпаспорт үшін мемлекеттік баж салығын — 4313 теңге;
- Мемлекеттік нөмір үшін баж салығын — 9660 теңге төлейді.
Тіркелетін машина үшін утиль алымын төлеудің қажеті жоқ. ЕЭО елдерінен келген көлікті кедендік тазартудан өткізеді, ал қырғызстандық техниканы кедендік салық айырмасын төлегеннен кейін ғана біздің елде тіркеуге болады. Оның сомасын кез келген авто ХҚКО-дағы Мемлекеттік тіркеу комитетінің маманы есептеп береді. Заңдастыру процесі аяқталған соң автомобиль жергілікті нөмір тағады, мұндай машинаны иесі еш кедергісіз пайдалана алады.
Кеше алғашқылардың бірі болып Жамбыл облысының тұрғынына тиесілі 2005 жылғы «Альфард» жеңілдікпен тіркелді. Бұл туралы ақпаратты kolesa.kz таратты. Ол машинаны Армения тіркеуінен шығаруға қашықтан өтініш берген көрінеді. Алматыдағы № 1 мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері кеше таңертең кемінде алты тұрғын көлік заңдастыруға өтініш беріп, бәрі құжат тексеруден сәтті өткенін хабарлады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша елімізде шетел нөмірін тағып жүрген 307 500 көліктің көбі ЕЭО-ға мүше үш елдерден келген: Ресейден — 259 927, Қырғызстаннан — 25 546, Армениядан — 17 911.
ІІМ басшысының орынбасары Игорь Лепёханың айтуынша, шетелдік көліктерді заңдастыру — бірреттік науқан. Содан кейін тіркелмеген көліктер анықталып, иесі қатаң жазаланады.
Ішкі істер министрінің орынбасары заңдастыру мерзімі аяқталғанша оған сай келетін автокөліктер тіркелетін машина саналатынын атап өтті. Яғни оларды ел азаматтары 1 шілдеге дейін сақтандыра алады. Сол уақыт өткенше көлікті есепке қою керек, болмаса ел аумағынан шығарасыз. Сақтандырусыз жүргендер 10 АЕК ( 34 500 теңге) айыппұл төлейді.
1 шілдеден кейін «Заңды жүргізуші» рейді өтіп, тіркелмеген машиналар анықталмақ. Министрлік өкілінің сөзінше, бұрын ІІМ-де елге келіп жатқан көліктерді қадағалау мүмкіндігі болмаған. Олар анықталған күнде де, әрі қарай қандай әрекет жасау керегі түсініксіз болды. Енді полиция жағдайды қолға алып, тәртіп орнатады.