Бүгін Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысында елден заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасын қаралды. Онда активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен шарттарды жоюға, оларды ерікті түрде қайтаруды ынталандыруға немесе мәжбүрлі түрде қайтару бастамасын көтеруге және т. б. бағытталған нормалар қарастырылған. Бұл туралы үкіметтің ресми сайты хабарлады.
«Уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін талдау нәтижелері бойынша активтер туралы арнайы декларацияны тапсыратын тұлғалардың шектеулі тізілімін құру жоспарланған. Активтердің иесі олардың шығу тегін растай алмаған жағдайда, негізсіз сатып алынған деп танылады және мемлекет кірісіне айналады» делінген хабарламада.
Келіп түсетін активтерді Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаларды қаржыландыру үшін пайдалану көзделген.
Былтыр Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге заңсыз шығарылған барлық активтерді елге қайтаруды тапсырған болатын.
Ұлықтау рәсімінде ол Қазақстан Республикасының үкіметі заңсыз әкетілген капиталды қайтару рәсімдерін реттейтін заң жобасын дайындап, елден қаражат шығаруға ықпал ететін жағдайлармен күресетінін айтты.
2022 жылдың маусым айының басында Президент жарлығымен шетелге заңсыз шығарылған қаражатты қайтару жөніндегі комиссия құрылды. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры басқаратын комиссияның қызметін жеке бақылауға ниетті екенін мәлімдеді. Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан Президенті капиталды шетелге шығару фактілерін тексеруді тапсырды.