Тұрақты табысы жоқтар бюджетін қалай жоспарлайды?

Жарияланды
Қаржы жоспарын жасау аса маңызды

Біз әдетте айлығыңыздың кемінде 10 пайызын қорға жинап, салып отырыңыз деген кеңес айтамыз. Бұл — табысы тұрақты, ай сайын белгіленген мөлшерде жалақы алатындарға жақсы әдіс. Ал енді бір айда көп тауып, енді бір айда мүлдем табыссыз қалуы мүмкін адамдар бюджетін қалай жоспарлағаны жөн? Бүгінгі материалымызда осы туралы айтамыз.

Алдымен, тұрақты табысы жоқ адамдар типіне кімдерді жатқызатынымызға тоқталсақ. Мысалы, сіз еңбек шартын жасасып, белгілі бір мөлшердегі жалақыға келіссеңіздер, ол тұрақты табыс деп аталады. Яғни ай сайын түсіп тұрады, кемімейді. Сыйақы, бонустар кезінде өспесе, азаймайды. Мұндай кезде бәрін бақылауыңызда ұстау оңай. Әрине, әлдебір форс-мажор болып қалмаса, сізде жағдай тұрақты болады. Соның ішінде қаржы ағынында «толқын» жоқ. Бірақ бәрінде бірдей бұлай бола бермейді. Айталық, сіз кішігірім айлық қана аласыз да, ал негізгі табыс көбіне сатқаннан не келісімшарттар жасасқаннан түсетін пайыздар болуы мүмкін. Бұл жағдайда сіз кей айда орасан табыс тауып, енді бір айларда табысыңыз өте аз болуы ғажап емес. Болмаса, келісімшарт шарттарына байланысты ақыңызды жоба аяқталған соң бір беруі мүмкін. Ал жобаның мерзімі бір емес, бірнеше айға созылып кетсе, тіпті қиын. Екі арада аздаған аванс алғаныңызбен, көлемді сома жұмыс біткен соң бір аударылады. Осылайша 6-7 айлап жүресіз. Егер жылдық табыс есебінде алсақ, көлемді сома тапқан боласыз. Бірақ кей айда тіпті табыс жоқ. Осындай «толқын» болуы ықтимал. Келесі бір жағдайды алып қарайық. Шағын жобалармен жұмыс істеудің мысалында көрсетсек. Мәселен, копирайтер тапсырыстарды жиып алады да, соның әрқайсысына жеке-жеке ақы алады. Мұндайда айдан айға ала алатын тапсырысын шамалағанымен, нақты қанша болатынын білмейді. Демек, тұрақсыз табыс дегеніміз — ақша бірде көп, бірде мүлдем жоқ кездер. Ойлап қарасақ, мұндай кезде қаражатты жоспарлау мүмкін еместей көрінеді. Десек те, осы материалдың арқасында бұл ойыңыздың қате екенін көрсетеміз. Өйткені кез келген жағдайдан шығатын жол бар. Бюджет жоспарын жасау да әбден мүмкін.   

Бюджетті жоспарлаудың маңызы

Көбіне жеке бюджет жоспары жайлы айтқанда үнемдеу туралы деп ойлаймыз. Десе де, одан да маңызды басқа функциясы бар. Айдан айға ілініп салынып жетпес үшін, ақшасыз қалмас үшін жоспарлау қажет. Ал енді бекітілген айлығы бар адамдарға жоспарсыз жүру оңайлау. Өйткені қорқыныш аз. Табысы тұрақты емес болса, бюджетке аса мұқият болуы керек. Түскен ақшаны дұрыстап бөліп, осылайша ақша аз не табыссыз қалған кездерде сол қордың есебінен өмір сүруге болатындай жағдай жасайды. Тұрақсыз табыс кезінде ірі көлемдегі келісімшарттармен жұмыс істеген дұрыс. Сонда көлемді бір табыс түскенде айлық секілді бөліп қоюға болады. Ал айдан айға тапсырыс іздеу қиынға соғады. Себебі клиент табылмаса, ақшасыз қалуыңыз мүмкін. 

Жоспарды қалай жасаймыз?

Шығындарды есептеуден бастаймыз. Бұл қай жерде де ең бірінші қадам саналады. Өйткені барлығына жетуі үшін қаражатымыздың қайда кететінін біліп отыруымыз керек. Ал нақты цифр түрінде білу үшін есеп жүргіземіз. Сізге мынадай үш деңгейлі шығындарды есепке алған жөн: 

  • Аса қажет нәрселер. Мұның ішіне азық-түлік, коммуналдық төлем, жол ақысы секілді міндетті шығындар кіреді;
  • Барынша жайлы өмір сүруге керек нәрселер. Бұған ойын-сауық, демалыс, қымбат заттарды жатқызамыз. Яғни комфортпен өмір сүруге керек;
  • Қамсыз өмірге керек нәрселер. Өзіңізден ештеңе аямай өмір сүруге керек сома.

Табысыңыздың мөлшерін бағамдап, болжам жасау. Айлық табыс тұрақты болмаған кезде болжау өтем қиын. Дегенмен шамамен болсын есептей аласыз деп ойлаймыз. Өткен жылғы, алдыңғы айлардағы табысқа қарай бағамдап көріңіз. Түсетін табыс сомасын үш түрлі вариантта шамалауға болады: 

  • Егер еш тапсырыс түспей қалса, жағдай нашарласа;
  • Стандарт жүктеме кезінде, орта табыс тапқанда;
  • Бәрі керемет жүріп, қатты жұмыс істеп кетсеңіз.

Есіңізде болсын: табысқа қатысты болжам жасаған кезде бір жылға жасайсыз да, сол соманы 12-ге бөлесіз. Сонда бір айда қандай сомаға өмір сүретініңізді білесіз. Бұл — жай ғана ориентир.

Бюджет құру. Енді сізге кіріс пен шығындарды қосып, жағдайыңызды бағалау керек. Яғни осыған қарап, өзіңіздің өмір деңгейіңізді шамалай аласыз. Яғни ақшаны «қысыңқырау» керек пе, әлде емін-еркін жүруге мүмкіндік бар ма? Кейін бюджетке түзету енгізесіз. Мына қаржылық жоспарыңыз болжам ғана екенін айттық. Бірақ шамалауға әбден болады. Өйткені ол жерде маңызды экономикалық ориентирлер бар. Яғни жағдай өзгере қалса, оның сізге қалай әсер етінін біліп отырасыз. Айталық, жылдың басында өте белсенді болып, жобадан жоба алдыңыз. Табысыңыз да ойдағыдай. Ірі-ірі тапсырыс берушілер таптыңыз. Одан бөлек, бірнеше кішігірім тапсырыстарыңыз бар. Мұндай жағдайда сіз екінші сценарий бойынша, барынша жайлы өмір сүру режимін қосасыз. Бірақ әлгі ірі тапсырыс берушімен жобаңыз аяқталған кезде табысыңыз азайып, бірінші сценарий — аса қажет нәрселер ғана алатын жағдайға жақындайды. Демек, бұл кезде сіз барлық артық шығыннан бас тартып, басты қажет нәрселерге ғана ақша жұмсайсыз. Болмаса, ірі тапсырысты аяқтап, орасан табысқа кенелдіңіз. Сөйтіп бетіне қарамастан құртқыңыз келіп тұр. Бірақ тұрақсыз табысы бар адамдарға мұндай жетекке ермеген абзал. Ең дұрысы, соны кемінде үш айға бөлу. Осылайша кемінде үш айдай орташа өмір сүресіз. Тапсырыс түсіп, келесі ірі клиентпен жұмыс бастап кетсеңіз, тіпті керемет. Ал енді мүлдем табыс келмей қалған кезде осылай орташа комфортпен жүрген дұрыс.     

Қаржылық баланс сақтау жолдары

Қорға ақшаны барынша көбірек алып қойыңыз. Бұл аса маңызды. Көбіне үш айға өмір сүруге жететін мөлшерде болады. Ал тұрақсыз табыс кезінде тіпті одан да көп айға есептеген абзал. Өйткені форс-мажор болу ықтималы жоғары. Тіпті табыссыз қалудан ғана емес, кіріс пен шығын арасында баланс орнату үшін де керек. Қиын жағдайға тап болған кезде қара су мен нанға қанағат етіп отырмас үшін қор болғаны жөн. Яғни әлдебір қиын кезеңде сізге көмек болады. 

Қосымша жұмыс іздестіріп жүріңіз. Бір жерге ғана сеніп отыра бермеңіз. Басқа да варианттар болсын. Себебі тұрақсыз табыс кезінде бір емес, бірнеше табыс көзі болғаны жақсы. Бұл біреуімен келісім аяқталып не шарт бұзылған кезде келесілеріне арқа сүйеуге көмектеседі. Әлбетте, қаражат жағы жеткілікті болып, қорыңыз алаңсыз толған кезде жаңа жобалар алмаған дұрыс шығар. Әйтсе де, байланыс орнатып, болашақта бірлесіп істеуге болады деген нұсқалар ойыңызда жүргені абзал.

Табысыңызды бір айға ысырып отырыңыз. Тұрақты табыс кезінде айдың аяғында алаңсыз ақша құртып, таусыла қалған жағдайда ай ортасында аванс ала алатынын біледі. Болмаса, бір аптадан соң айлық түсетіндіктен сәл үнемдеп не кемінде біреуден қарыз ала алады. Ал енді тұрақты табыс болмағанда бұлай ету — үлкен тәуекел. Ол үшін табысты бір айға ысырып көруге болады. Айталық, қаңтардың аяғында ақшаңыз түсті, оны ақпанда жаратамын деп ойлайсыз. Десек те, оны наурызға ысыра алсаңыз, тіпті жақсы. Сонда қаржылық ахуалды бақылауда ұстау жеңілдейді.  

Мәселен, желтоқсанда 500 мың теңге таптыңыз. Ал қаңтарда табыс онша болмады да, нәтижесінде 100 мың теңге ғана таба алыңыз. Егер стандарт форматпен жұмсасаңыз, қаңтарда желтоқсанның табысын жұмсап тастап, 100 мың теңгемен қаласыз. Бір айға ысырудың пайдасы сол, ақпанда қаңтарда тапқан мол табысты жұмсап, наурызға 100 мың теңге қалар еді. Ал осы аралықта сіз коррекция жасап үлгересіз. Бұл әдіс оңай емес. Себебі бір ай мүлдем ештеңе алмай, ақшаны келесі айға сақтай алу керек. Болмаса, өте көп жұмыс істеу қажет болады. Есесіне, сенімді жүресіз.   

Өзіңізге айлық төлеңіз. Бір кезде өте көп табыс тауып, бір кезде еш тапсырыс ала алмай қалатындарға жақсы стратегия. Ол үшін арнайы бір шот ашыңыз да, айына бір сол жаққа белгілі бір сома салып отырыңыз. Ол сіздің айлығыңыз-мыс. Осылайша қанша ақша жұмсай алатыныңызды біліп отырасыз да, артық ақша шығармайсыз. Сонымен бірге өзіне өзі істейтіндердің есінде жүруі керек нәрсе: әлеуметтік төлемдер, зейнетақы аударымдарына қатысты. Бұл жағдайда бәрін ресми рәсімдеп, тиісті аударымдарды салып отырған абзал. Бұл сіздің болашағыңыз үшін маңызды. Жеке кәсіпкерлік ашып, оның құжаттарын ресми жүргізуге тырысыңыз. Әсіресе, декретке шығу жоспары бар әйелдер мұны ескергені жөн. Барлық табысты ашық және заңды түрде рәсімдеп отырыңыз.  

Сондай-ақ оқыңыз