Мәулен Әшімбаев Сенат спикері болып қайта сайланды

Жарияланды
Ол 2020 жылдың мамыр айынан осы қызметті атқарып келген

Сенат депутаты Мәулен Әшімбаев Сенат төрағасы болып қайта сайланды.

Сенат отырысына қатысқан Мемлекет басшысы Парламент Сенатының төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынды.

Президенттің айтуынша, ол бұған дейін осы міндетті абыроймен атқарған.

«Өздеріңіз білесіздер, менің Жарлығыммен Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Сенат депутаты болып тағайындалды. Конституцияның 58-бабының 1-тармағына сәйкес Сенат Төрағасы лауазымына Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынамын. Ол бұған дейін осы міндетті абыроймен атқарды. Заң шығару жұмысын жақсы біледі. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол» деді Президент.

50 сенатор қатысқан жасырын дауыс беру нәтижесінде Мәулен Әшімбаев Парламент Сенатының төрағасы болып сайланды.

51 жастағы Мәулен Әшімбаев 2020 жылдың мамырынан 2023 жылдың қаңтарына дейін Сенат спикері болған.

24 қаңтарда Президен жарлығымен 13 сенатордың өкілеттігі тоқтады. Олардың ішінде Мәулен Әшімбаев, Нұртөре Жүсіп, Ләззат Қалтаева және Асқар Шәкіров қайтадан Сенет депутаты болды.

Жоғарғы Соттың бұрынғы төрағасы Жақып Асанов та сенаторлар қатарына қосылды. Сенатор қызметінен Владимир Волков, Бақытжан Жұмағұлов, Қайрат Қожамжаров, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Талғат Мұсабаев, Дана Нұржігітова, Қанатбек Сафинов, Ләззат Сүлеймен және Серікбай Тұрымов кетті.

Сондай-ақ оқыңыз