Ресурстар

Кризис кезіндегі кәсіп: шағын бизнес иелеріне кеңес

Пессимизм мен оптимизм арасында баланс болғаны маңызды

Бизнес иелеріне заман өзгерген сайын тенденцияға сай әрекет ету керек. Яғни кей құралдар ескіреді, жаңа тәсілдер шығады. Міне, соларды ескеріп, керек емесін алып тастап, қажетін енгізіп отырған кезде ғана мол табысқа кенелуге болады. Әйтпесе, кәсібіңіз минусқа кетуі мүмкін. Бүгінгі материалымызда шағын бизнес иелеріне арналған кеңестерімізді ұсынамыз. 

  1. Шығындарды қайтадан бір қарап шығыңыз. Әрине, курстың құбылуына сіз ешқалай бақылау жүргізе алмайсыз. Бірақ компанияңыздағы әр тиынның қайда кетіп жатқанын қарап отыру қолыңызда. Ол үшін төлемдер күнтізбесін жасап алыңыз да, ол жерге күнделікті, апталық және айлық шығындарды, алдыңғы кезеңдердегі шығындарды белгілеп отырыңыз. Сол кезде қай жерде үнемдеуге болатыны белгілі бола түседі. Мысалы, шығынды азайтудың мынадай тәсілдерін қолданып көріңіз:
  2.  Копроративтік жазылымдар төлеміне бір көз салып қойыңыз. Мысалы әдеттегі пакет құны өскен болса, одан арзандауын не тегін түрлері шықты ма — қараңыз.
  3. Инвентаризация жасаңыз. Егер қоймада тауарлар артылып қалса, соларды пайдаға асырыңыз. Сонда жаңа сатып алатын заттардың кейбірінен үнемдеуге болады.
  4. Тұрақты төлемдерді қарап шығыңыз. Кейбіріне жалақы емес, түскен сомадан пайыз түрінде төлеген жақсы болып қалар.
  5. Жаңа міндеттемелер аларда ойланыңыз. Штатты кеңейту, қымбат заттар алу, қарыз беру сынды дүниелерге абай болыңыз. Кемінде жеті рет өлшеп, бір кескеніңіз жөн.

Компания шығындарын қарап шыққан соң, жеткізушілерімен прайсты сәл жеңілдікпен жасауға, бартермен жұмыс істеуге көндіріп көріңіз. Кризис кезінде жаңа мүмкіндік ойламаған жерден шығады. Түрлі ұсыныс айтудан шаршамаңыз. Тұрақты клиенттен айырылмас үшін сізге арзандау бағаға келісіп қалуы мүмкін. Бір байқап көрген артық болмайды.

2. Жаңа бизнес модельдер байқап көруден қорықпаңыз. Айтқандай, дағдарыс — кәсіпкерлерді сынға алатын кезең. Сол үшін нарықтағы сұраныстарды зерттеп, клиент қалауын білу керек. Олардың қандай уайымы бар? Айталық, елдегі ахуал тұрақсыз болып тұрса, көпшілік психологиялық кеңеске мұқтаж болуы мүмкін. Яғни ішкі мазасыздығына байланысты психологқа жүгінетіндер көбейеді. Демек, жеке клиникалар осы бағытты өзіне қосып алса, артық болмайды. Тіпті онлайн-терапияны қосуға болады. Егер әлеуметтік желіде қаралым мен белсенділік түсіп кетсе, трендтегі желіге ауысып көріңіз. Айталық, бұрын Instagram парақшаңыз ғана болса, бәлкім Tik–Tok желісіне қосылу керек. Жалпы алғанда барлығына бірдей әмбебап шешім жоқ. Тек нарықты зерттеу қажет. Ивент-саласындағыларға жаңа платформаларды қарап көруге болады. Ал тауар сататындар болса, маркетплейстерді сынап көрсін. Бүгінге оған таңдау жетерлік. Дәл сіздің өңіріңізде қайсысы ұтымдырақ? Соны ойланыңыз. Маркетплейстердің бір жақсысы тауарды тек облыс не қала аумағында емес, күллі Қазақстан бойынша сата аласыз. Бизнесті бастап кету де оңай. Жеке интернет-дүкеніңізді жасатып жүргенше осы маркетплейстерге орналасқан абзал. Өйткені мұнда клиент іздеп, экожүйе жасап әуре болмайсыз. Оның барлығы сіз үшін жасалып қойған. Әсіресе, сіздің елдегі алдыңғы қатарлы маркетплейстер аудиторияны былай-ақ тартып береді. Кемінде жарнама беріп, клиент ағымын одан да көбейтуге болады. Сол жағынан алып қарағанда бизнесті оңтайландыру, жеңіл жүргізу тәсілдерін қарастырған жақсы болады.

3. «Автоматпен» жүре бермей, «механика» қосып көріңіз. Егер заман тыныш болса, бәрі қалыпты жылжып жатса, онда бәрін автоматтандырған жақсы. Яғни сіздің қатысыңыз болмаса да, кәсібіңіз дами береді. Ал енді экономикалық ахуал жайсыз бола бастағанда өзіңіз кірісіп, процестерді бақылауыңыз керек. Соның арқасында әжептәуір үнемдеп, ұжым ішіндегі берекені нығайтуға болады. Ол үшін метрикаларға анализ жасап, көрсеткіштерді тексеріп, барлық процеске бас-көз болуға тырысыңыз. Бөлім жетекшілерімен тұрақты түрде кездесу жасап тұрыңыз. Өндіріс пен сатылымның әр кезеңінде не болып жатқанын біліп отыру үшін фидбэктер алып отыру маңызды. Командаңызбен бірлесіп, брейстормиң жасап тұрған жақсы. Сонда неғұрлым түрлі пікір естіп, жан-жақты талдай аласыз. Нәтижесінде ұтымды шешім қабылдай аласыз. Бір бастан екі бас жақсы демекші, ескеруді ұмытпаңыз. Әрі командамен бірге екеніңізді көрсеткен сайын, ұжымдағы атмосфера жақсарады.

4. Бос нишаларды қарап жүріңіз. Мысалы, жақында McDonald’s нарықтан кетіп қалды. Демек, бұл нишада орын бұрынғыға қарағанда көбейді. Сәл босай қалған бағыттың бәрін қарастырып жүрген жақсы болады. Дәл сол нишаны басу қолдан келмесе де, ет жеткізу дегендей қосымша бағыттарды да қарастырыңыз. Яғни сіз нарықта болып жатқан жағдайдың бәрінен хабардар болуыңыз керек.  

5. Трентерден құр қалмаңыз. Осыдан бірнеше ай бұрын Рамиль Мухоряпов қазақ тіліне қатысты аңдамай сөйлеп, ақыры үлкен сын астында қалды. Бұл дегеніміз барлық кәсіп иелеріне сигнал болуы керек. Яғни бизнесіңіздің тіліне бұрын мән бермеген болсаңыз, енді қазақшаны көбейткеніңіз дұрыс. Қызмет көрсету сапасы, қызметкерліңіздің сауатты сөйлей алуы дегендей шарттар қосылуы керек.

6. Қызметкерлеріңізді ойлап жүріңіз. Үнемдеу үшін жұмысшыларды қысқарту — басқа амал қалмаған кезде қолданылатын шара. Өйткені оның орнына адам алмасаңыз, қалған қызметкерлерге түсетін жүктеме көбейеді де, ақыры эмоциялық жанып кетуі мүмкін. Позитив мотивация жоғалған кезде күйзеліс деңгейі артады. Ертеңге деген сенімді нығайту үшін, мазасыздықты азайту үшін қызметкерлеріңізге қамқор болғаныңыз дұрыс. Сіздің тарапыңыздан жасалған қолдауды олар міндетті түрде сезеді. Бастысы, білдіргеніңіз ғана. Ол үшін HR-бөлімге тұрақты мониториң жасауды тапсырыңыз. Егер қандай да бір тығырыққа тап болсаңыздар, онда бекер үміттендірмеген жақсы. Әйтсе де, жаман жаңалықты жұмсақ жеткізіп үйреніңіз. Төбеден жай түскендей болмасын. Қызметкерлерді жоғалтып алмас үшін қайта білігін арттыру немесе міндеттерді қайта бөлу жолдарын қарастырыңыз. Олай ету арқылы командадағы бірлік нығаяды, ұжымды да сақтап қаласыз.   

7. Клиенттердің қалауына құлақ түріңіз. Кез келген кәсіпте клиенттің маңызы зор. Соның ішінде тұрақты клиенттің жөні бөлек. Егер жаңа клиент табу қиынға соғып жатса, қазіргі барын сақтап қалуға жұмыс істеңіз. Сізге сенетін, сізді жақсы көретіндерді жоғалтып алмаңыз. Сол үшін кішігірім акциялар жасап, жеңілдіктер науқанын жариялап тұрыңыз. Егер сізде бұрын болмаса, онда бонус бағдармаларын қосыңыз. Мұның бәрі клиентке жақсы әсер етеді. Әлеуметтік желідегі парақшаларыңызға жазылып, ол жерде белсенді болған оқырмандарға сыйлық берсеңіз болады. Әр сатып алған сайын шағын ғана сыйлық беріп көріңіз. Ол сізге аса үлкен шығын әкелмейтін, бірақ клиентке жағымды әсер сыйлайтын болуы керек. Сонымен бірге өз жеке аккаунтыңызда да, жұмыс парақшаларында да клиенттеріңізді бағалайтындарыңызды жазып отырыңыз. Ол екі ортада эмоциялық байланыс орнатады. Өйткені сатып алушыларға қамқорлық жасайтын компания жүрекке жылы тиеді де, егер таңдау керек болса, соған көбірек бүйрегі бұрып тұрады. Мұндай тәсілдерді міндетті түрде қолданып көріңіз. Яғни ауқымды акция жасамай-ақ, осындай шағын қадамдар арқылы да клиент көңілін табуға болады. Мысалы:

  • Бизнестің триггер картасын жасаңыз. Ол үшін сайтқа не маркетплейстегі сіздің сөрені қараған кезде қандай жағдайда клиент көбіне затты алмай қояды — соны анықтап алыңыз. Мұндай анализ маңызды.
  • Тауардан бас тартқан жағдайда реакция болатындай жүйе құрыңыз. Мысалы клиент тауарларды жәшікке салып қойды да, төлемеді. Бәлкім, ол ұмытып кеткен болар? Әлде алмайтын болды ма? Осындай кезде қолданушыға бұл туралы хабарлаған абзал. Сонда бір шешімін айтады.
  • Клиенттің шешім қабылдауына көмектесіңіз. Айталық, клиент таңдаған тауар дәл қазір бітіп қалған. Ондай кезде соған ұқсас қандай балама бар — соны ұсынуыңыз керек.

8. Өзіңізге сеніңіз. Бірақ жағдай тым нашарлағанда не істейтініңізді ойластырыңыз. Дағдарыс кезінде көпшілігі алаңдап, паникаға беріледі. Ол — қалыпты жағдай. Енді бірі тым оптимист болады. Қанша жерден жақсы ойда болған дұрыс десе де, бизнесте минусқа кеткен кезге арналған сценарий болуға тиіс. Яғни кризис кезінде баланс ұстау маңызды. Иә, дағдарыстың арқасында жаңа даму бағытын анықтап беруі мүмкін. Десе де, қандай тәуекел мен қауіп күтіп тұрғанын жақсы біліп тұрыңыз. Өзіңізге «краш-модель» жасап алыңыз. Ол дегеніміз — жағдай тым нашарлап кеткен кезде не істейтініңізді сипаттайтын сценарий. Сөйтіп анализ жасаңыз да, оған не түрткі болуы мүмкін деп ойланыңыз. Негатив жағдай болмаса, керемет. Ал енді сол сценарий бола қалса, сіз абдырап қалмайсыз. Сонымен бірге қорыңызда ақша болсын. Сонда сенімдірек жүресіз. Демек, кез келген жағдайда сізде нақты жоспар болса, мәселенің оң шешімін табуға болады. Тым пессимист болу қандай Жаман болса, шектен тыс оптимизмнің де зияны әжептәуір.