«Әлеуметтік теңсіздік мәселесін шешпей «Жаңа Қазақстанды» құрай алмаймыз»

Жарияланды (жаңартылды )
Экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есіркеповпен сұхбат

 

– Мәжіліс тарқады. Саяси науқан басталды. Сайлауға қатысатын партиялар саны белгілі болды. Олардың бағдарламаларындағы ортақ бағыттың бірі – әлеуметтік теңсіздік. Яғни, күн өткен сайын өзектілігі артып бара жатқан қала мен ауыл, бай мен кедей арасындағы айырма, әлеуметтік жік жайы. Сөз басын осыдан бастасақ…

– Әлеуметтік жік, бай мен кедей арасындағы зор айырма, әлеуметтік-экономикалық алшақтық дегенді Нұрсұлтан Назарбаев өзі билік еткен соңғы 3-4 жылында өзекті мәселе ретінде көтеріп, құзырлы ведомстволарға соның салдарын азайтуға бағытталған іс-шараларды қабылдауды тапсырып отырды. Өйткені бұл мәселе уақыт өткен сайын асқынып, сорпаның бетіндегі көбік құсап көбейе берді. Кеңесшілері де Елбасыға осы мәселеге назар аудармаса болмасын жақсылап түсіндірген секілді. Ал билікке Қасым-Жомарт Тоқаев келгенде, оны ең өзекті мәселе ретінде қарастыра бастады. Себебі, шындық сол. Қазақстандағы №1 мәселе – әлеуметтік теңсіздік. Айтқан сөздерінде, Жолдауында, Amanat партиясы жиындарында бұл мәселені ол кісі жақсы көтеріп жүр. Бірақ сөзден іске көшкен кезін қарасаңыз, онша көңіл көншімейді. Кешегі мемлекет мүлкін әртүрлі жолдармен жекешелендіріп алғандар мен бюджет ақшасын «ішкен-жегендер» әлі де ел алдында тайраңдап жүр. Демек, жемқорлыққа тұсау мықтап әлі салынбады деген сөз…

– «Ішкен-жегендер» дегенде бұл арада кімдерді атап көрсетуге болады?

– Тәуелсіздік алдық, нарыққа өтеміз дедік, елімізде кезең-кезеңімен жекешелендіру жүргізілді. Нәтижесінде ұлттық табыстың 55 пайызы 162 адамның ғана қолында жиналған екен. Бұл фактіні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы бір сөзінде өзі келтірді. Ал олар кімдер, бұл – жабық тақырып. Одан бөлек, жерді де негізінен алпауыттар бөліп алған сияқты. Мыңдаған гектар жайылымдар, мыңдаған гектар егістік алқаптары кімдікі? Бұл да біз үшін жабық тақырып. «Жаңа Қазақстан» құратын болсақ, осы фактілер ашып айтылуы керек. «Бұл оларға қайдан келген байлық» деп халық айран-асыр болып, ортаға мәселе қоюы керек. Сонда олардың өзі де жұрт алдында бұлай тайраңдамас еді, жазаланбаса да ең құрымағанда жасырынып-жасқанып жүрер ме еді, қалай?..

– Халықтық IPO бағдарламасы туралы не айтасыз? Ол бойынша табиғи байлықтан түскен пайданы халықпен бөлісу көзделді емес пе?..

–Халықтық IPO туралы мемлекеттік бағдарлама 2011 жылы қабылданды. Ол «2011-2016» жылдарға арналған болатын. Кезінде мамандар болып дабыл қағып, оның атына заты сай емес екенін айттық. Нешеме дәлел келтірдік, түрлі дәйек алға тартылды. Ақырында ол тоқтап тынды. Турасы сол. Дегенмен билік «бұл шараны тоқтата тұрамыз, басқа бағдарлама қабылдаймыз, тағысы тағы» дегендей сылап-сипап, жақауратып мәлімдеме жасады сол кезде. Сонымен қу кетті, іс бітті…
Негізінен, бағдарламаға сәйкес бұл арада ұлттық әрі стратегиялық компаниялар халыққа акцияларын ұсынуы керек болатын. Сөйтіп ірі 10 кәсіпорын таңдалып алынды. Бірақ соның екеуінің ғана акциялары қор нарығы арқылы сатылды. Олар – АҚ «ҚазТрансОйл» және АҚ«KEGOG». Алайда олардың өзі күтілген нәтижені бермеді. Себебі, біріншіден, бүкіл халыққа арналып акция шығарылған жоқ. Мәселен, сол кездегі халық саны 17 млн болды десек, қор биржасына шығарылған акциялар соның 150-170 мыңына ғана арналған болатын. Яғни, акцияларды алуға тиіс адамдар халықтың бір пайызын ғана құрады.

Ал «ҚазТрансОйл» мен «KEGOG» компаниялары, оның еншілес компаниялары, түрлі филиалдары, мердігерлері деп бүтіндей есептеп алсақ, олардың өз жұмысшылары мен қызметкерлері де бірталай болып шығады. Екіншіден, тіпті, осы екі ірі компанияның жұмысшылары қарық болып, солар қосымша бір табысқа қол жеткізді ғой ең құрымағанда дейін десең, олай да болмаған сияқты. Олармен сөйлестік кезінде. «Ойбай, жазба, жұмыссыз қаламыз», деді. Иә, компания басында отырғандар қол астындағылардың акциясын әртүрлі жолмен ақырында өз қолына алатын жолдарын қарастырыпқойған да болар. Осыдан-ақ белгілі ғой, мұның халықтық IPO емес екені. Керісінше, белгілі бір топтың, лоббистердің өз мүддесіне сай жасаған бағдарламасы болып шықты. Енді басқа қалай деуге болады? Одан кейін бұл табиғи монополия ғой. Мұндайда акционері кім, сол адамдар, солардың бала-шағасы, ұрпағы өмір бойына дивидентке кеңеліп отырады…«Халықтық ІРО – әдейі ұйымдастырылған, белгілі бір топтың мүддесін көздейтін бағдарлама деп ойлаймын. Мысал ретінде АҚ » КазТрансОйл» компаниясын алайық. Оның акцияларын 37 мыңдай қазақстан азаматтары иеленді. Әрине, бір бөлігі әртүрлі жағдайлармен ақша керек болып, «ойыннан» шығып қалады. Екіншісі, қаржы нарығындағы делдалдар кейде бағаны көтеріп, кейде түсіріп жібереді. Сол кезде акционерлердің бір тобы акцияны сатып жібереді. Түбінде белгілі бір топ сол негізгі акцияны қолдарына жинайды. “ҚазТрансОйл» компаниясының кейбір мәліметтерде қазір мұнай 50-60 жылға жетеді делінген. «ҚазТрансОйл» акциясын иеленгендер соңғы мұнай ағып біткенше, яғни 60 жыл дивидент алып отырады. Демек бұл әдейі ойластырылған, белгілі бір топтың мүддесін көздейтін бағдарлама, ат төбеліндей адамдар үшін ғана жасалған шара.

– Кезекті талан-тараж деңізші?.. Ал бұл қайталанбас үшін қандай қам жасаған дұрыс?

– «Жаңа Қазақстан құрамыз» деп жатырмыз емес пе? Ал ескі Қазақстанның бірден бір ерекшелігі – экономикалық монополия бізде қолдан жасалды, біздің байлар – жасанды байлар. Карл Маркс: «Алғашқы капитал бір адамның екіншінің меншігін тартып алуынан туындайды», – дейді. Ал бізде мемлекеттік меншікті (!) қолынан келгендер талан-таражға салып, бөліп алды. Онда да ең алдымен сол кезде билік басында отырғандар. Сөйтіп қаржылық-өндірістік капитал, қаржылық-өндірістік топ деген пайда болды. Оның бізде оншақтысы бар. Кезінде олармен күресу керектігі айтылды. Мұны Назарбаевтың өзі айтты. Ал күрес жүргізу үшін заң қабылдануы керек болатын. Бірақ ол заң қабылданбады. Содан билік, атқарушы билік солардың мүддесіне сай жұмыс істеген болар. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, кез келген қоғамдағы әлеуметтік жіктің басты алғышарты – жаңа факторлар, жаңа ғылыми жетістіктер, жаңа технологиялар, ақыры жаңа бизнес жобалар болып келеді. Соның арқасына объективті әрі заңды жолмен бай милллиардерлер ортаға келіп қосылып жатады. Тіпті, алысқа бармай-ақ БРИКС-тегі елдерді мысалға келтіруге болады. Олардың өзіндегі миллиардерлер осындай заңды жолмен байығандар деп айта аламыз. Ал Қазақстандағы байларды алатын болсақ, екі жол анық көрінеді: біріншісі, шикізаттан алынатын табиғи рента, яғни, дифференциальды рента, екіншісі, әкімшілік рента, яғни билікке тікелей қатысы бар топтардың алатын «қосымша табысы». Нобель сыйлығының иегері, француз ғалымы Том Пикеттидің «ХХІ ғасырдағы капитал» деген зерттеуі бар. Сонда осы екі фактормен баю деңгейі Ресейде 64 пайыз, ал Қазақстанда 100 пайыз (!) құрайтыны көрсетілген. Бұл өте масқара жағдай. Форбсқа енген атақты 5 миллиардеріміз бар емес пе? Одан бөлек бізде жасырын миллиардерлер тағы бар. Заңсыз мүлкін, ұрлаған ақшасын оффшорларға тығып отыратын…

–«Жалпыхалықтық декларация» деген көптеп бері айтылып келеді. Сонда бұл шараның нәтиже бермегені ме?..

– Одан не пайда?.. Өткенде ғана мемлекеттік қызметтегілердің декларациясы жарияланды. Журналистердің өзі айран-асыр болып жатыр. «Неге әйелі ғана көрсетілген, балалары жоқ па ол адамның» деп. Ал қазақтың байлығы – туған-туысы, дос-жараны емес пе? Адамнан қашанда айла қалған ба? Бір жолын табады ғой. Көбісі заңсыз жолмен иеленген активінің, қаржысының бір бөлігін әлдеқашан шетелге шығарып үлгерген. Одан кейін бұл шараны жүзеге асырмас бұрын заңы қабылданды. Ал ол заңды қабылдағандар кімдер? Тағы билік басындағылардың өзі ғой. Ал олар оны өзіне ыңғайлы етері түсінікті болар…

Жалпы, сыртқа кеткен ақшаның көлемі орасан зор: кемінде 150 млрд доллар! Ақиқаты одан да көп сома екені анық. Тоқаев билігі шетелдегі осындай қаржыларды елге қайтару үшін кәдімгідей шаралар атқарып жатыр. Әрине, қос қолдап қолдайтын іс бұл. Алайда қадамдары шабаң. Сүйіншілеп, елге қайтты деп жатқан қаражат ары кеткенде сыртқа кеткеннің небәрі 1-2 пайызын құрайды. Әрине, түсінемін, бұл өте күрделі жұмыс. Түрлі инстанцияға, түрлі заңдарға жүгіну керек, оның барлығы уақытты талап етеді. Болат Әбілов пен Оразалы Ержанов Elge Qaitary деген қор құрды. Осы бағытта шетелде жұмыс істеп жатқан Қажыгелдин бастаған топ бар. Сыбысқа сенсек, «Қажыгелдиннің өзі де елге оралады» деген сөз бар. Ол кісі осындай жұмыстың жақсы нәтижесімен елге оралып жатса, халқына сіңірген үлкен еңбегі болар еді бұл, меніңше. Қазір Англия, АҚШ, Евроодақтың елдері шетелде оффшорда жатқан капиталдарды қайтаруға көмектесеміз деп уәде беріп отыр. Ал геосаяси жағдай күннен күнге қиындап барады. Бірде болмаса, бірде олардың сөздерінен тайып кетуі ықтимал. Сондықтан осы артықшылықты мүмкіндік барда пайдаланып қалу керек бізге. Сол бір тілек, бұдан да жылдамырақ қимылдаса дейміз. Халық әбден шаршап, жаңашылдыққа, өзгеріске дайын осы сәтті созбалаңға салып, өз мүмкіндіктерін жіберіп алмаса деймін бұл билік. Өйтсе әлеуметттік қайшылық ісініп, пісе түседі. Оны өздері де жақсы біліп отыр деп ойлаймын.

– Экономикалық монополия ғой бағаларға жол беріп, кедейшілікті ушықтырып жатқан…

– Экономикалық монополиядан арылу жұмыстары бізде бәсең жүргізіліп жатыр. Бес-алты жыл бұрын бір халықаралық ұйым жылдық зерттеудің қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, әлемдегі бүкіл байлықтың тең жартысы Жер шарындағы халықтың 1 пайызына тиіселі екен. Ал біздегі 162 адамды алатын болсақ, олар Қазақстан халқының 0,001 пайызы екен. Еліміздің ұлттық табысының 55 пайызы олардың иелігінде екенін жоғарыда айтып өттік.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы өз халқына қалай да баю керекгін айтты. Бірақ қалай, қандай жолмен екенін айтпады. Әрине, ол кісі сөзінде заңды жолмен, таза әрі адал еңбекпен байыңдар деген ойлар кемшін болды. Арада, міне қанша жыл өтті, нәтижесінде «қалай да баю» деген принцип сәтті жүзеге асқанының куәсі болып отырмыз. Оның үстіне уақыт осы айтылған жалаң сөздің өзі дұрыс еместігін айқындап берді. Осыдан келіп жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы құқыққа әу, бастан селкеу түсті. Бұл арада тең құқық деген атымен жоқ. Оның іргетасы «Еңбек кодексінде» қаланбаған. Жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы шиеленіс еңбек шарттарындағы теңсіздікте жатыр. Ал осы жайтты Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлықтау рәсіміндегі сөзінде баса айтты:

«…Қоғамымыздағы ең өзекті мәселелердің бірі – халық табысының әртүрлі болуы. Ондай жайт тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде бар. Бірақ солай екен деп оны назардан тыс қалдыра алмаймыз. Осы өзекті мәселені шешуге қатысты шұғыл қандай да бір шаралар қабылдауымыз қажет».

Одан кейін халық алдында берген антында да Президент: «… Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым. Мен бүгін көк туды сүйіп, дана халқымның алдында бас идім. Азаттық жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым еттім. Елімнің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға серт бердім. Ешқашан адалдықтан аттамауға және ел мүддесіне қиянат жасамауға ант еттім. Ата заңға қолымды қойып, оның әр сөзін мүлтіксіз орындаймын. Халқымның алдындағы осы антым алдағы қызметімде мен үшін айнымас темірқазық болады», деді. Қазақ тағы айтады ғой: «Үмітсіз шайтан», «Жақсылықтан ешқашан күдер үзбе» деп. Сондықтан Мемлекет басшысы өз уәдесінде тұрып, елімізде іргелі өзгерістер орын алады деп үміттенемін…

– Тұщымды сұхбатыңыз үшін рақмет!

Сондай-ақ оқыңыз