Бұрынғы экология министрі «ҚазМұнайГазға» қызметке келді

Жарияланды
Ол Басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды

Бұрынғы Экология министрі Серікқали Брекешев «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Сонымен қатар, Басқарма төрағасының тағы бір орынбасары болып Дәулетжан Хасанов тағайындалса, жетоқсан айында өз еркімен жұмыстан кеткен Мұрат Мұнбаевтың орнына Қуаныш Құдайбергенов келді.

Компания таратқан ресми ақпаратқа сәйкес, Басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары Құрманғазы Есқазиев Ақтаудағы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдігінің директоры лауазымына ауысуына байланысты өз қызметінен кеткен.

Оның орына келген Дәулетжан Хасанов операциялық активтердегі мұнай мен газды барлау және өндіру бағытына, олардың тиімділігін арттыруға және одан әрі дамытуға, сондай-ақ ҚМГ-нің ресурстар базасын кеңейтуге және кен орындарын тиімді игеруге жетекшілік ететін болады.

Д. Хасанов әр жылдары «Қаражанбасмұнай» АҚ президенті, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ адами ресурстарды басқару жөніндегі басқарушы директоры, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры қызметін атқарған.

Басқарма төрағасының ірі мұнай-газ жобалары жөніндегі орынбасары болған Қуаныш Құдайбергенов ірі мұнай-газ активтері бағытына жетекшілік ететін болады. Құдайбергенов бұған дейін «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» бас директорының орынбасары қызметін атқарған.

Ал бұрынғы Экология министрі Серікқали Брекешев газ жобаларын дамыту бағытына жетекшілік ететін болады.

Айта кетейік, 2022 жылдың жетоқсан айында ҚМГ акцияларының IPO-сы өтті. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ 30,5 млн жай акциясын сатылымға шығарған. IPO барысында қазақстандықтар «ҚазМұнайГаздың» акцияларын сатып алуға 128,7 мың өтінім берген.

Жеке инвесторлар акция құнына қарай 8,8 миллионнан астам акцияға өтінім берді. Жалпы осы IPO аясында жалпы құны 256,4 млрд теңгені құрайтын 30,5 млн жай акция ұсынылған. Осылайша, жеке инвесторлардың сұранысы саудаға шығарылған акциялардың шамамен 30%-ын құрады.

Салыстыру үшін айтсақ, 2012 жылы «Халықтық IPO» аясында «ҚазТрансОйлдың» акцияларына 59,4 млрд теңгеге 34 687 өтінім түскен. 2014 жылы «KEGOC» АҚ-ның қор биржасындағы листингі шеңберінде акция сатып алуға берілген өтінімдердің саны 40 мыңнан асқан.

Бұған дейін сарапшылар ҚМГ IPO-сында жеке инвесторлар саны тіпті 2012-2014 жылдары өткен «Халықтық IPO-дан» бірнеше есе асып түсетінін болжаған.

Сондай-ақ оқыңыз