Ипотекасы бар азаматтар банкрот бола ала ма?

Жарияланды
Банкроттықты мақұлдау үшін 22 ақпарат дереккөзіне сұрау салынады

Биыл 3 наурыздан бастап жеке тұлғалардан банкрот болуға байланысты өтінімдер қабылданады. Банкроттықтың үш тәсілі бар – соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, ел бойынша 1 миллионнан астам азамат банкроттықты пайдалануы мүмкін.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов ең көп шағым соттан тыс банкроттық тәсілі бойынша түсіп, микроқаржы ұйымы, коллекторлық агенттік пен екінші деңгейлі банктерге қарыз бойынша қаралады дейді.

Арызды е-gov және «E-salyq Azamat» қосымшасы арқылы онлайн беруге болады. Арызды қабылдаған банктер мен микроқаржы ұйымдары 15 күнтізбелік күн ішінде арыз бойынша шешім қабылдауы тиіс.

Ипотекалық несие бойынша шамамен 6,5 мың қарыз алушы банкроттық рәсімін пайдалана алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, қазір қарыз алушылардың жалпы саны шамамен 449 мың адамды құрайды. Адамдарға мерзімі өткен несиелерді өтеуге мүмкіндік беру үшін сотқа дейінгі реттеу рәсімі 2021 жылы қабылданып, былтыр қолданысқа енгізілген. Осы рәсім шеңберінде несие төлеу мерзімі өткен 30 күн ішінде қарыз алушы қаржы ұйымына, банкке жүгінеді және банк 15 күн ішінде қарыз алушының қарызды қайта құрылымдау жөніндегі ұсыныстарын қарауы тиіс.

«Несие кепілге қойылған пәтер немесе ипотека құнының 10 пайызына жетпесе, кепілді басқа түріне ауыстыруға құқылы және бұл жаңалық былтыр енгізілді. Бұл басқа объект, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, мысалы, машина болуы мүмкін. Сондай-ақ былтыр ипотекалық қарыз алушылардың құқықтары заңмен күшейтілді. Біріншіден, егер сотқа дейінгі тәртіп қолданылмаса, қарыз алушы Қаржы нарығын реттеу агенттігіне жүгінуге құқылы. Осы ретте банктің қарыз алушының әлеуметтік және қаржылық жағдайына қаншалықты сапалы талдау жүргізгенін, қайта құрылымдау тетіктерін ұсынғанын қосымша қарастырамыз. Екіншіден, егер өтелмеген несиенің құны кепілдің 15 пайызынан аспаса, мұндай берешек заңнамалық тұрғыдан маңызды емес деп танылады. Бұл жағдайда банк тұрғын үйді сата алмайды. Үшіншісі, қарыз алушыға өз бетінше сату құқығы беріледі, ал сату құны кепілдің нарықтық құнының 70 пайызынан кем болмауы керек. Бұдан әрі сот арқылы іске асыру рәсімі басталады, оның шеңберінде банк кепілге қойылған тұрғын үйді тек сот арқылы сатуға құқылы», деді спикер.

Агенттік әлеуметтік осал азаматтар санатындағы қарыз алушылардың құқықтарын қорғау бойынша қосымша жұмыс жүргізіп жатыр. Олар үшін ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру 2015 жылдан басталған.

«Осы бағдарлама аясында 9,5 мыңға жуық азаматтың борыштық жүктемесі толығымен немесе ішінара азайтылды. Былтыр аталған бағдарламаны осы жылдың шілдесіне дейін ұзарту туралы шешім қабылданды, оның шеңберінде әлеуметтік осал санаттағы 976 мыңға жуық ипотекалық қарыз алушыларға қосымша қаржылық қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз», деді Агенттік өкілі.

Өз кезегінде Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов қарызды азайту және борышкер мен кредитор арасындағы уағдаластықтарға қол жеткізу жолдары туралы айтты.

«Төлем қабілетін қалпына келтіру процедурасы кезінде қарыздың бір бөлігін есептен шығару – несие беруші мен борышкердің өзара түсіністік орнату әдісі. Яғни, несие беруші қарыздың бір бөлігі есептен шығарылады деп айтуы мүмкін, ал бұл борышкердің қарызды 5 жылда өтеу мүмкіндігін жеңілдетеді. Бұл қарызды азайтып, келісімге қол жеткізудің бір жолы. Бұдан басқа да құралдар бар. Мүліктің бір бөлігін жалға беруге, яғни, қосымша табыс табуға болады. Сондай-ақ бұл сотта талқылануы және қарызды өтеу кестесінде көрсетілуі мүмкін», деді.

Вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, электронды немесе қағаз түрінде өтініш бергеннен кейін Мемлекеттік кірістер органдары деректерді алатын 22 ақпарат дереккөзіне сұрау салады. Бүгінгі таңда интеграция жолға қойылған.

«Скоринг жүйесі әзірленді. Бүгінде ол басқа ұйымдармен және мемлекеттік органдармен сынақтан өткізілуде. Қазір жүктеме ұлғайтылып жатыр. Наурыз айына қарай бұл жүйе дайын болады. Бүгін порталда өтініш нысандары орналастырылды. Азаматтар танысып, 8-не дейін өз ұсыныстарын, түзетулерін енгізе алады. Тұтастай алғанда, өзара әрекеттесу жүйесі реттелген, ақпараттық жүйе дайын. Яғни, біз азаматтың өтінішіне ғана сүйенбейміз, басқа дереккөздер арқылы да тексереміз», деді ол.

Жеке тұлға банкрот деп танылған соң заң аясында үш жыл ішінде қаржылай бақылау жүргізіледі. Егер банкроттықтың әдейі жасалғаны анықталса, бұл шешім қайтарылуы мүмкін. Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері, аудиторлар, кіреді. Олардың қызметтері ақылы: борышкердің мүлкі есебінен — айына 70 мың теңге.

«Сот банкроттығын, және соттан тыс банкроттығын қолданатын азаматтар 5 жыл ішінде банктерден және микроқаржы ұйымдарынан кредит ала алмайды (ломбардтардың микрокредитінен басқа). Олар 7 жылдан кейін ғана қайта банкроттыққа жүгіне алады. Қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін үш жыл бойы тексеріледі. Төлем қабілеттін қалпына келтіру кезінде мұндай салдар болмайды», деп атап өтті Ержан Біржанов.

Сондай-ақ оқыңыз