Қазақстанға АЭС-ті кім салады?

Жарияланды
Қазақстан өкілдері француз тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр

Елімізде атом электр станциясын салуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қазақстан тарабы түрлі елдердің тәжірибесін зерделеп, пікір алмасып жүр. Әлбетте, АЭС сияқты аса ауқымды жобаны жеті рет өлшеп, бір рет кеспесе болмайды.

Жақында ғана біздің делегация Венгриядағы «Пакш» атом электр станциясында болды. АЭС-те 4 реактор бар және ол елде өндірілетін электр энергиясының 40 пайыздан астамын өндіреді. Жалпы қуаты – 2000 МВт. Салынып жатқан «Пакш-II» АЭС жобасының жалпы құны 12,5 млрд еуро шамасында екен. АЭС өкілдерінің айтуынша, екінші АЭС енгізілгеннен кейін электр энергиясын өндіру 60 пайызға дейін артады.

Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қорының басшылары Électricité de France атом-энергетикалық компаниясының өкілдерімен кездесіп, француз тәжірибесімен танысқан еді. Қор мәлімдемесінен түсінгеніміз – EPR120 заманауи реакторы бар EDF ұсынысы Қазақстандағы болашақ АЭС үшін ықтимал қарастырылатын реакторлық технологиялардың қысқа тізіміне кіреді. Сондай-ақ тізімде тағы үш ұсыныс бар екен, олар – қытайлық CNNC, корейлік KHNP және ресейлік «Росатом». Қордың басқарушы директоры Ернат Бердіғұловтың айтуынша, қазақстандық тарап жаңа атом станцияларын салу және пайдалануға қатысты EDF тәжірибесі мен құзыретіне қызығушылық білдіріп отыр.

Қор өкілінің айтуынша, электр энергиясын өндіруге арналған бу турбиналарын басқа жеткізуші орнатады.

«Бұл қызметке қазір америкалық General Electric, германиялық Siemens және тағы бір кореялық компания қарастырылып отыр. Болашақ станцияға арналған электр құрылғыларын тағы бір тәуелсіз мердігер жеткізеді. Қазір франциялық Framatome және швейцариялық Schneider-мен келіссөз жүріп жатыр. Барлық жұмыстарға техникалық бақылау жасайтын тағы бір тәуелсіз компания болады. Тиісті меморандум франциялық Assystem компаниясымен жасалып қойды», деп хабарлады қор басшысы.

Жалпы, БАҚ-та жарияланған ақпараттар мен Президент мәлімдемелерінен ұққанымыз – Қазақстанда АЭС салу – шешіліп қойған шаруа. Ендігі кезекте бізге алып реактор керек пе, жоқ па деп талқыға салып жатудың өзі маңызсыз. Десе де таяуда Экология министрі Зүлфия Сүлейменова радиоактивті қалдықтардың қоршаған ортаға тигізер залалы туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, кез келген нәрсені салу үшін Экологиялық кодекске жүгіну қажет болады. Егер салғалы жатқан нысан АЭС болса, онда тіпті қатаң қарау қажет.

«Бірнеше кезеңнен өтуге тура келеді. АЭС туралы ақпараттар тарай бастағанда өкілетті орган ретінде қоғамдық пікірді (экологиялық қоғамдастық, жалпы қоғамдастық) ескере отырып, өзіміздің ескертулеріміз бен сауалдарымызды, аспектілер мен тәуекелдерді жібердік. Олар технологияны таңдау, жоспарлау, тағы басқа кездерде ескерілуі керек. Сол себепті, құжаттар әзірленген кезде біз оларды мұқият қараймыз және қоғам пікірін ескереміз», деді министр.

АЭС құрылысына қатысудан үміттілер арасында Ресей де бар. Бұл мәселені жуырда Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Ресей вице-премьері Алексей Оверчук те талқылады. Қазақстан үкіметінің басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, технологияларды басты жеткізуші болып «Росатомды» бекітуге қатысты толыққанды шешім шығарылған жоқ.

«АЭС – өте күрделі технологиялық нысан. Біз мұны әлем бойынша алдыңғы қатарлы технологиясы бар әртүрлі компаниямен бірлесе салғымыз келеді. Яғни, біз мұның көпқырлы жоба болғанын қалаймыз. «Росатомды» негізгі жеткізуші ретінде анықтауға келетін болсақ, мұндай шешім әлі қабылданған жоқ. Халықаралық эксперттермен жұмыс істеген соң барып, биыл осыған қатысты шешім қабылдаймыз. Бізде «Росатоммен» бірге арнайы жол картасы түзілген, біз дайындық жұмыстарын жүргізуіміз керек. Осы жұмыстың нәтижесі бойынша тікелей кімнің ядролық және басқа да жабдықтарды жеткізуші болатыны нақты анықталады», деді Әлихан Смайылов.

Роман Склярдың айтуынша, биыл құрылыс технологиясының қандай болатыны анықталып, базалық жобалау жұмыстары басталуы тиіс.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, АЭС құрылысы аса күрделі болғандықтан асығыс шешімге жол берілмеуге тиіс. Жақын арада Қазақстанға МАГАТЭ миссиясы сапарлайды деген жоспар бар. Оның сөзінше, АЭС-ті салатын ең оңтайлы нұсқа ретінде – Алматы облысындағы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылы қарастырылып отыр.

«Әзірге ешқандай қарсылық туа қойған жоқ. Технологияларды таңдау мәселесі 2023 жылға жоспарланған. 2022 жылы біз РФ, Оңтүстік Корея технологияларымен салынған барлық нысанға сапар жасадық. Өкінішке қарай, карантин шектеулері салдарынан Қытайға бара алмадық. Бірақ биыл Қытайға барып, станцияны қалай салатынын көреміз. Бастапқы базалық жобалау жұмыстары бір жылдан екі жыл шамасына дейін созылады. Әрі қарай жобалық-сметалық құжаттар жасалады. Бұған 2-3 жыл керек», дейді министр.

Қазіргі уақытта әлем бойынша 450 реактор жұмыс істеп тұр және олар бүкіл әлемдік электр энергиясының 10 пайызын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ оқыңыз