Инфляция: төмендеуі мүмкін бе?
Биыл Қазақстан үшін жаңа экономикалық сынақтармен басталды. Еліміздегі инфляция межесі артты. Күннен күнге артқан бағаны тұрақтандыру, күн сайын қиындай түскен. Үкімет еліміздегі бұл күрделі мәселені оңтайландыру үшін инфляция межесін барынша тұрақтандыруды қолға ала бастады. Бірақ әзірше, нәтиже көру мүмкін болмай тұр.
Ұлттық статистика бюросы келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылдың қаңтар айында инфляция былтырғымен салыстырғанда 20,7%-ды құраған. Әсіресе, азық-түлік тауарлары бағасының өсуі қиынға соғып отыр. Яғни статистикаға сенсек, азық-түлік бағасының өсуі 25,7 пайыздық межеге жеткен. Мәселен, 2022 жылдың қаңтарымен салыстырғанда пияз – 62,4 пайызға, қант – 60,9 пайызға, қияр – 55,6 пайызға, сүт консервілері – 46,4 пайызға, ұн – 42,8 пайызға, макарон өнімдері – 42,3 пайызға қымбаттаған. Бағаның бір айлық тұтыну индексі 2023 жылғы қаңтарда 1,1 пайызды құраған.
Ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасы да айтарлықтай көтерілген. Мәселен, көкөністерді алатын болсақ, қаңтар айында қияр – 22,4 пайызға, пияз – 16,7 пайызға, қызанақ – 8,8 пайызға, тәтті бұрыш 6,5 пайызға қымбаттаған. Сонымен бірге дәнді-дақылдар құны да көтеріліп, күріш – 2,9 пайызға, жарма – 1,8 пайызға, сұлы жармасы – 1,6 пайызға артқан. Қымбаттаған өнімдер арасында қара бидай наны, жұмыртқа, ет, балық, айран, сүт, ірімшіктер мен әртүрлі жемістер де бар. Өткен жылғы жағдай әсер етті ме, қант бағасы бағасы тұрақталып, тіпті 1,9%-ға арзандаған.
Ал өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Ақтөбе облысында – 1,7 пайызды көрсетсе, ең төменгі – 0,7 пайзыдық меже Алматы облысында тіркелген екен.
Қаңтар айында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов халықаралық сарапшылар жалпы дүние жүзінде биыл инфляция қарқыны баяулайды деп болжап отырғанын айтқан болатын. Премьер-министрдің дерегінше, ол біздің елімізге де әсерін тигізіп, бірінші тоқсан шеңберінде жылдық инфляция өзінің шегіне жетеді.
«Ары қарай наурыз айынан бастап инфляция деңгейі едәуір төмендейді деп күтеміз. Жылдың қорытындысы бойынша, инфляцияны 9,5 пайыз шеңберінде сақтаймыз деген мақсат қойып отырмыз. Сондай-ақ сауда үстемесі мен сыйақыларды, жаңа форматтағы айналым схемасын іске асыруды бақылауды белсенді түрде жүргізу қажет. 2023 жылы инфляция деңгейі 9,5%-тен аспауы тиіс. Бұл – біздің басты міндетіміз», деген еді қаңтарда өткен үкімет отырысында Премьер-министр.
Жоғарыда келтірілген статистикадан кейін Үкімет басшысының уәжін көңілге қанағат ету қиын. Жалпы, инфляцияны тұрақтандыру мүмкін бе? Осы сауалды экономист Қайырбек Арыстанбековке қойған едік.
«Ол үшін экономикалық саясатты түбегейлі өзгерту керек! Ақша-несие саясатын өзгерту керек! Бюджеттік саясатты өзгерту керек! Кеңейтілген Үкіметтің шығындары деген ұғым бар. Соған өзгеріс енгізу керек! Осы төртеуін қолға алмай, бұл істе береке болмайды. Яғни бұл орайда үлкен, ауқымды өзгеріс керек! Болды. Жағдайды осы өзгерістер ғана реттей алады! Бұларды түбегейлі өзгертпей тұрып, ештеңе күту мүмкін емес. Мысал келтірейін, ақша-несие саясаты – Ұлттық банкке қатысты. Ақша салмағы деген бар. Соңғы 4-5 жылда сол ақша салмағы жылына 20-23 пайызға өсіп келген. Ал қай елде ақша салмағы осылай 20 пайызға жетсе, инфляцияны 10 пайыздық межеде ұстап тұру өте қиын. Ар жағын өзіңіз бағамдай беріңіз», дейді.
Десе де, Қазақстанның Қаржыгерлер ассоцияциясының мамандары инфляцияны 14.3 пайыздық межеде тұрақтандыруға болатынына сенімді. Экономист Арман Бейсембаев журналистерге берген сұхбатында инфляцияның ешқайда кетпейтінін, бірақ оның өсімін баяулату мүмкін екенін айтқан.
«Аналитикалық орталықтардың әрқайсысы әртүрлі мәлімет беріп жатыр ғой. Кейбірі тіпті 9,8-10 пайызға төмендейді деп келтірген. Бірақ бұл көрсеткіштер шындыққа жақын емес. Не де болса, биылғы жыл еліміз үшін айтарлықтай, ауыр болайын деп тұр» деген.
Мамандардың сөзінен түйгеніміз, мұндай инфляцияны құрғақ уәдемен, төменгі көрсеткіштерде сақтау еш мүмкін емес, ұлттық экономикаға түбегейлі реформа жасалмаса, алдағы уақытта оң өзгеріс күте алмаймыз.
Десе де, Үкімет наурызға дейін бір шешімі болатынына, жағдайдың өзгеретініне сенім білдіріп отыр. Биліктегілердің бар үміті жыл соңына дейін әлемдегі жағдайдың ретке келуі. Ал халықтың үміті – үкіметте.