Түрмеге қуатты сигнал жібергені үшін Beeline, Kcell мен Tele2-ге айыппұл салынды

Қостанай облысының үш бірдей түзеу мекемесінде ұялы байланыс сигналы белгіленген шекті нормадан асып кеткен. Облыстық прокуратура радиожиілік қызметі мен Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мамандарымен бірлесіп, арнайы тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша «Кар-Тел» (Beeline), «Kcell» және «Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2/Altel) компанияларының талапты бұзғаны анықталды.
Заң талабы қандай
Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес, байланыс операторлары түзеу мекемелерінің аумағында радиосигнал қуатын уақытылы төмендетіп, өз желілерін шектеп отыруға міндетті.
Алайда бұл талаптар орындалмаған. Прокуратура енгізген қадағалау актісі негізінде уәкілетті орган үш операторды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салды.
Қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан сотталғандардың телефон қолдануы жиілеген.
Мәселен, прокурорлар түзеу мекемесінде отырған сотталғанның бірі телефон арқылы 4 миллион теңгеден астам сомаға алаяқтық қылмыс жасағанын әшкереледі. Тергеу барысында одан ұялы телефондар тәркіленіп, кінәлі тұлға қайтадан қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін байланыс операторлары 27 млрд теңге үшін соттасып жатқаны хабарланған.