Жол-көлік оқиғалары салдарынан жыл сайын $7 млрд шығын келеді

Жарияланды

Жол-көлік оқиғалары салдарынан жыл сайын $7 млрд шығын келеді. Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында оның негізгі себептері жазылған, деп хабарлайды ҚазТаг.

«2021 жылы елде 13,9 мың жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 20,4 мың адам зардап шекті. Соның ішінде 18,1 мың адам жарақат алып, 2,3 мың адам қаза тапты. Қазақстан жол-көлік оқиғаларын саны мен ауырлығы бойынша посткеңестік кеңістікте антирейтингті бастап отыр. Дүниежүзілік банкт мәліметі бойынша, жыл сайын Қазақстандағы жол-көлік оқиғаларынан келетін шығын $7 млрд құрайды. Жол апаты мен жоғары өлім-жітім көрсеткішіне себеп негізгі факторлар: жол инфрақұрылымының қауіпсіздік талаптарына сай келмеуі, көлік жүргізушілерің біліктілігінің төмендігі, жедел байланыс және көмекпен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмеуі, халыққа түсіндіру жұмыстарының жүргізілмеуі», делінген үкімет бекіткен тұжырымдамада.

Жол инфрақұрылымының маңызды бөліктерінде шектеу учаскелерінің болуы да проблема ретінде аталды.

«Республикалық маңызы бар жолдардың 66%-дан астамы (оның ішінде халықаралық маңызы бар жолдардың 39%-ы) әр бағытта бір жолақты III-V техникалық санаттарға ие. Бұл ретте Қазақстан арқылы өтетін халықаралық автомобиль жолдарының жекелеген учаскелерінде қозғалыс қарқыны техникалық санат бойынша жобалық параметрлерден 1,5-2 есе жоғары. Бұл факторлар автомобиль көлігінің қауіпсіздігі мен жылдамдығына айтарлықтай әсер етеді», делінген құжатта.

Сондай-ақ оқыңыз