Инфляция қысымының салдарынан Англия Банкі проценттік мөлшерлемені көбейтті

Жарияланды
Ұлыбританияның бас қаржы институты осылайша инфляциямен күресуді жоспарлап отыр

Англия банкі жыл басынан бері оныншы рет қатарынан проценттік мөлшерлемені көтерді,- деп хабарлайды Хабар 24.kz.

Ұлыбританияның бас қаржы институты осылайша инфляциямен күресуді жоспарлап отыр. Ірі индустриалды елдер арасында экономикасы қатты әлсіреген мемлекеттің басқа амалы қалмағандай. Ұлыбританияда бірінші қажеттіліктегі азық-түлік өнімдері және жылу мен жарықтың бағасы аспандап тұр. Фискалдық және ақша–кредит саясаты қатаңдатылып, салық көлемі артты. Еуро Одақ құрамынан шыққаннан кейін көші-қон талаптары күшейтіліп, жұмыс күші кеміді. Брекситтің кесірінен Еуропа елдеріне экспорт тасымалы азайды. Проценттік мөлшерлемелер қайта-қайта көтеріліп, банктен қарызға ақша алу қымбат болып кетті. Инфляцияны ауыздықтау үшін Англия банкі мөлшерлемені тағы ұлғайтып отыр.

Эндрю Бэйли, Англия банкінің басқарушысы;

Біз бүгін банк мөлшерлемесін 0,5-ке, яғни 4% дейін көтердік. Инфляцияның қысымы әлі де сезілуде. Оны толығымен тежей алатындығымызға сенімдіміз. Сондықтан проценттік мөлшерлемені көтеруіміз керек. Алдағы уақытта жағдайды жіті бақылауда ұстап отырамыз.  

Англия Банкінің болжамы бойынша, инфляция маусым айына қарай 8 процентке дейін төмендейді. Ал жылдың соңында 3% ғана құрамақ. Энергия бағасы арзандағаннан кейін рецессияның салқыны қатты сезілмейді және базалық мөлшерлеменің одан әрі көтерілуіне жол берілмейді дейді қаржы институтындағылар. Мөлшерлеменің тағы да өсуі салымшылар үшін тиімді. Депозитте сақтаулы ақшаларының үстіндегі проценттік үлесі көбейеді. Бірақ банктен несие алғандар қиналады. Өйткені проценттің үстіне процент қосылады.

Сондай-ақ оқыңыз