Қазақстанда миллионнан астам адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр

Жарияланды

Қазақстанда миллионнан астам адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр. Олардың табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. 2022 жылдың ІІІ тоқсанда табысы аз үй шаруашылықтарының қатары былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,5 пайыз өсіп, 180,9 мыңға жеткен. finprom.kz хабарлауынша, оларда тұратын кісі басы миллионнан асады.

Салыстырар болсақ, бір жыл бұрын осы кезеңде 173,2 мың үй шаруашылығының табысы күнкөріс шегінен аз болған.

2022 жылдың ІІІ тоқсан қорытындысы бойынша, 3,6 мың үй шаруашылығының табысы азық-түлік себеті құнына да жетпеген. Бұндай үй шаруашылықтарында 24,8 мың адам тұрады. Бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,2 есе аз.

Өңірлер бойынша алсақ, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтіндердің басым бөлігі Түркістан облысында тұрады: 25,4 мың. Сондай-ақ кедейлік шегінен төмен тұратын халық саны да осы өңірде жоғары: 191,1 мың адам.

Түркістан облысынан кейін ең нашар көрсеткіш Алматы, Шымкент қалалары мен Маңғыстау, Ақмола облыстарына тиесілі.

Табысы аз үй шаруашылықтары ең аз өңірлер: Ұлытау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында.

2022 жылдың ІІІ тоқсанында жан басына шаққандағы орташа күнкөрістің төменгі деңгейі 46,7 мың теңгені құраған.

Сондай-ақ оқыңыз