2022 жылы әлемдік ірі автонарықтардағы көлік сатылымы қатты төмендеп кеткен. Ал Қазақстанда керісінше, автокөлік сатылымы өсіп, 123,8 мыңды құраған. Былтыр қаңтар-желтоқан айларында жаңа жеңіл автокөлік пен коммерциялық техника сатылымы бір жылда 5,3% өсім көрсетті деп жазады Energyprom.kz
Былтыр әлемдік автокөлік нарығы жаңа жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық техника сатылымы бойынша 2021 жылдың көрсеткіштерін қайталай алмаған.. Былтыр дүние жүзінде дилерлер 81 миллинға жетер-бетпес жаңа көлік сатты. Көрсеткіш 2021 жылғыдан 0,6% аз.
Тіпті автокөлік нарығы мен автокөлік өнеркәсібінің көш басында келе жатқан Қытайда сатылым көлемі бір жылда 4,4% өсіп, 26,6 миллионға жеткенімен, әлемдік көрсеткішті жақсарта алмаған.
АҚШ-та сатылым 7,8% азайып, 13,7 млн құраса, Батыс Еуропада 6,2% азайып, 11,6 млн көлік сатылған. Жапонияда 2022 жылы сатылым көлемі 1977 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш байқатып, 4,2 млн көлік сатылған. Бұл елде төртінші жыл қатарынан сатылым азайып отыр.
2022 жылы Шығыс Еуропада көлік сатылымы қатты құлдыраған. 2021 жылмен салыстырғанда 26,8 пайыз азайып, 2,9 млн көлік сатылған. Оған Ресей мен Украинаға арасындағы соғыс әсер етті. Көрсеткіштің төмендеуіне бірінші кезекте Ресейдің өзіндегі сатылымның бірден 60% азаюы ықпал еткен.
Сарапшылар былтыр Қазақстанның автокөлік өнеркәсібі Ресейден тәуелділікті азайтып, сондай-ақ шығарылатын автокөлік ассортиментін кеңейтті деп тұжырымдайды.
2022 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында сатылған жаңа жеңіл көліктердің жартысынан көбі көшбасшы қос бренд — Chevrolet және Hyundai маркаларына тиесілі. Былтыр Chevrolet маркалы 34,3 мың көлік сатылса, 28,9 мың Hyundai автокөлігі нарыққа шыққан. Алдыңғы жылмен салыстырғанда Chevrolet сатылымы 17,8%, Hyundai сатылымы бірден 27% өсті. Үздік бестікке Kia (14,4 мың), Toyota (9,6 мың) және Lada (7,4 мың) кіреді.
Бір қызығы, жаңа көліктердің сатылымы бойынша үздік 10 брендке бірден төрт қытайлық бренд кірді: Chery (4,5 мың), Jac (3,4 мың), Exeed (1,9 мың) және Haval (1,5 мың).
2022 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында сатылған жеңіл автокөлік модельдері ішінде Chevrolet Cobalt көшбастап тұр: 23,2 мың автокөлік. Одан кейінгі орында Hyundai Tucson (8,9 мың көлік) мен Chevrolet Nexia (7,1 мың көлік) келеді.
Сонымен бірге, алғашқы ондыққа Tucson-нан басқа тағы төрт Hyundai моделі (Elantra, Sonata, Accent және Santa Fe), сондай-ақ бір Toyota (LC Prado), Kia (Sportage) және Lada (Granta) модельдері кіреді.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда 4 пайыздық автонесиеге өтінім қабылданды. www.autonesie.kz ресми сайтына 125 мың адам кіріп, 18 секунд ішінде 761 адам өтінішін тіркеген.