Құрылтай сайлауы қарсаңында жаңа саяси партия құрылады

2026 жылғы тамызда өтетін құрылтай сайлауы қарсаңында, Қазақстанда жаңа саяси партия құрылады. «Әділет» деп аталатын саяси ұйым Әділетті Қазақстан құндылықтарын қорғауды көздейді. Бастамашыл топтың 15 сәуірде жариялаған мәлімдемесінде осылай делінген.
Партия мақсаты
Өзін «прогрессивті реформа жақтаушылары» деп есептейтін топ Әділетті Қазақстан құру идеясын қолдайды.
«Біз 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстанның жаңа Конституциясын қолдаған көпшілік атынанбыз», – деп таныстырды өзін жаңа саяси ұйым құруды көздейтін бастамашыл топ.
«Әділеттің» негізгі мақсаты мен міндеті де соған сай келеді: азаматтар құқығын, еркіндігі мен мүддесін қорғау.
Жаңа ұйымның миссиясы да айқын: референдумда қабылданған Конституция ережелерін сақтау. Партия «прогрессивті жастарды, түрлі саланың мамандарын, ауыл мен қала тұрғындарын, азаматтар мүддесін қорғауға қатысқысы келетін қазақстандықтарды» біріктіреді.
Саяси топ мәлімдемесінде де әділет сөзі жиі кездеседі.
«Біз әділдік, патриотизм, еңбекқорлық, жауапкершілік және прогресс құндылықтарына сүйенеміз. Тең мүмкіндік, тәуелсіз сот, әділ экономика – біздің негізгі бағытымыз», – деп мәлімдеді топ.
Олар ашық диалогқа дайын екенін айтып, қоғамның белсенді бөлігін ұйымға қосылуға шақырды.

Кімдердің ұйымы
Бастамашыл топтың құрамында 16 адам бар. Олардың арасында бала құқығы жөніндегі омбудсмен Динара Зәкиева, QAZAQ TILI қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, сонымен бірге саясаттанушы Марат Шибутов та бар.
Осыған дейін талай саяси партияға мүше болып үлгерген саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов те топ ішінде жүр. Жастардан қазақ тілінде қаза сөйлейтін журналист Ирина Тенді атап өтуге болады. Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі, кәсіпкер Андрей Лаврентьев те бастамашыл топтан көрінді.
Бастамашыл топ 16 сәуірде Әділет министрлігіне жаңа саяси ұйымды тіркеуге дайындық басталғанын ескертеді. Содан кейін олар «жақында» құрылтай съезін өткізеді.
Құрылтай сайлауы 2026 жылғы тамыз айында өтеді. Нақты күні әзірге белгісіз.
Бұған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Құрылтай сайлауына «дұрыс жұмыс істеген» оппозициялық партиялар да қатысып, парламентке өте алады деп мәлімдеген.