Жаңалықтар

Түркияның оңтүстігінде екі халықаралық әуежай жұмысын тоқтатты

Фото: www.shutterstock.com


Түркияның оңтүстігінде, дүйсенбі таңертең күшті зілзала болған аймақта, екі халықаралық әуежай уақытша рейстер қабылдамайды және жөнелтпейді, деп хабарлады Interfax жергілікті ақпарат құралдарына сілтеме жасап.

Антакья қаласында орналасқан Хатай әуежайының жалғыз ұшу жолағына зілзала кезінде елеулі зақым келген. Сондықтан айлақ жабылды.

Газиантеп провинциясындағы осы аттас әуежайда да азаматтық авиация ұшу сапарлары тоқтады. Ұшу жолағына зақым келгені туралы ақпарат жоқ. Алайда, зілзала кезінде түсіріліп, желіге тараған видеолардан әуежай ғимаратының төбесі опырылып, ғимараттың бір бөлігі ғирап жатқанын көруге болады.

Естеріңізге саламыз, Түркия мен Сирия аймағында болған бірнеше дүркін жер сілкінісінен көптеген ғимарат қирады. Жер асты дүмпуі Ливан, Иордания, Израиль тұрғындарына да сезілді.

Соңғы ақпараттарға сәйкес, Түркия (284) мен Сирияда (237) барлығы 500 ден аса адам опат болған. Мыңдаған адам зардап шеккен.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Түркияға жойқын жер сілкінісінен кейін көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.