Жеңілдетілген автонесиеге өтініш беру сайтына 1 миллионнан астам пайдаланушы кірген

Жарияланды

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша өтінім берген азаматтар 60 күн ішінде несие мен автокөлік алу жұмыстарын аяқтауға тиіс. Бұл туралы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева мәлімдеді.

6 ақпанда платформа іске қосылғаннан кейін 761 қазақстандық өтінім берді.

«Сайтқа бір миллионнан астам пайдаланушы кірді. Оның ішінде 125 мыңнан астам азамат өтінім беруге тырысты. Бағдарлама іске асырылғаннан бастап осы уақытқа дейін жиналған қаражат – 7,6 млрд теңге. Алдын ала 761 адам тіркеледі деп жоспарланды. Осы лимитке жеткен уақытта өтінімді қабылдау автоматты түрде тоқталды», деді Жанар Ибрашева.

Сондай-ақ ол бағдарламаның ұзақмерзімді екенін айтып өтті.

«Келесі лимит алдағы айларда қолжетімді болады. Бүгін азаматтар әртүрлі себеппен үлгермей қалса, келесі айларда тіркелуді жоспарлай алады. Сондай-ақ несие мен автокөлік алу жұмыстарын 60 күн ішінде аяқтауға тиіс», деді ол.

Айтуынша, өтініш беруші платформаға тіркелгеннен кейін автосалонға және банкке барады.

«Тіркелген орынды сатып алу және сату мүмкін емес. Яғни, әр азамат ЖСН арқылы тіркеледі», деді Жанар Ибрашева.

Өнеркәсіпті дамыту қоры басқарма төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаров өтінім беру 18 секундқа жалғасқанын айтты.

«Платформа мен сайт жұмысында кемшілік болды. Олар бойынша жұмыс жүргізіледі. Бұған дейін де мұның пилоттық нұсқада іске қосылғаны хабарланды. Кемшіліктерді жойғаннан кейін бұл бағдарлама ай сайын жұмыс істейді деп жоспарланған», – деді Ринат Ғаппаров.

Ол сондай-ақ өтінімді бот беруі мүмкін екенін жоққа шығарды.

«Бізде антибот орнатылған. Бот ЭЦҚ кілт арқылы деректерді растай алмайды», – деді ол.

Айта кетейік, 6 ақпаннан бастап көлік алу үшін жеңілдетілген несиеге өтінім қабылдау басталды. Өтінімдер Астана уақыты бойынша сағат 10.00-де www.autonesie.kz ресми сайты арқылы қабылданды.

Сондай-ақ оқыңыз