Жұмыстан жаппай шығару жалғасуда – бұған не себеп болды

Жарияланды

Әлемнің түкпір-түкпірінде көптеген команиялар қызметкерлерін жаппай қысқарту жүргізіп жатып. Кейбір сарапшылар бұл экономиканың өсімі баяулап жатқанын көрсетеді деп дабыл қақса, кейбірі қызметтен босатылып жаатқан азаматтардың саны алаңдайтындай ауқымды деңгейде емес деген пікірде. «Курсив» батыстың еңбек нарығындағы жағдайды талдап көруге тырысты.  

Электр көлік өндірушісі Rivian Automotive ақпан айында қызметкерлердің 6%-ын босатқысы келетіні туралы жариялады. Тура осындай шараны компания шығындарды азайту аясында өткен жылы шілденің аяғында қолданған еді. АҚШ-тағы көлік өндіруші бұл шешімін елдегі жоғары инфляция және экономикалық жағдайдың қиындауымен байланыстырып отыр.

Қызметкерлерін жұмыстан босатқан компаниялар қатарына жақында Paypal қосылды. Төлем жүйесінің операторы осы айда қызметтен 7% не екі мың адамды қысқартқысы келетіні туралы хабарлады. Жұмыстан қысқартуға тап болғандар Европада да бар – олардың қатарында нидерландтық тұрмыстық техника өндірушісі Royal Philips-тің қызметкерлері. Қаңтардың 30-ы компания 2025 жылға дейін алты мыңға жуық қызметкерін босатқысы келетіні туралы хабарлады.

Қысқартулардың басым бөлігі технология секторына тиесілі. Осы жылдың ішінде бұл сектордағы 290-ға тарта компания 88 мыңнан аса қызметкерді жұмыстан босатып үлгерді. Сарапшылардың бұған қатысты дабыл қағуына негіз де жоқ емес: тек АҚШ-та ғана технология секторында 9 млн-нан астам адам жұмыс істеп, экономикаға жылына 1,8 трлн доллар әкеледі.

Қызметкерлерін көптеп жұмыстан қысқартып жатқандар арасында FAANG (Facebook, Apple, Amazon, Netflix, Google) атты бейресми топқа жататын компаниялар бар. Мысалы, Meta, Amazon, Microsoft және Google соңғы апталар ішінде 51 мыңнан астам адамды жұмысынан босатқан. Meta да мұндай шешімді жоғарғы инфляция мен рецессияның жақындауымен түсіндіруге тырысты.

Марк Цукерберг бұл жоспары туралы қараша айында мәлімдеген болатын.

«Мен жұмысшылардың санын 13%-ға азайтамын деп шештім, басқа сөзбен айтқанда, 11 мыңнан астам талантты қызметкермен қоштасуыма тура келеді», – деген еді ол.

Қаржы есептемесі бойынша, өткен жылдың үшінші тоқсанында компанияның түсімі 52%ға, $4,4 млрдқа дейін азайды.

Google тиесілі Alphabet компаниясы да қаңтардың ортасында жұмыстан 6% немесе 12 мың қызметкер босатылатыны туралы хабарлады. Іздеу жүйесінің ақпараты бойынша, АҚШ-та қысқартулар лезде басталатын болса, бұл үрдіс басқа мемлекеттерге де таралады.

Он мыңнан астам қызметкерімен қоштасуға тура келетіні туралы Microsoft та жария еткен болатын. Қысқартулар инженерлік бөлім мен кадр бөлімінің қызметкерлеріне қатысты болады. Технологиялық Salesforce, Twitter және Spotify да бұл тізімге ілігіп үлгерді: олар 8 мың, 4 мың және 600 адамды лауазымынан босатуды жоспарлап отыр.

Ал интеренет-ретейлер Amazon үшін қысқартулардың саны компания тарихында рекорд орнатты. Интернет алыбы Amazon бастығы Энди Джесси пандемия уақытында тым көп адамды жалдап алғанын айтып, 18 мың адамды жұмысынан босатты.

2020 жылы технология секторындағы корпорациялар шынымен-ақ көптеген азаматтарды ауқымды түрде жұмысқа ала бастады. Жоғарыда айтып кеткен Amazonның өзі сол жылы 350 мың адамды жұмысқа қабылдап, 2021 жылы қызметкерлерінің санын тағы 400 мыңға көбейтті. Басқалары мұндай белсенді түрде қызметкерлердің санын көбейтпесе де, біршама азаматты осы уақыт арасында жұмысқа тұрғызып үлгерді. Мысалға алатын болсақ, Microsoft 2019-2022 жылдар арасында 77 мың адамды, Alphabet – 72,7 мың қызметкерді жұмысқа орналастырды.

Корпорациялардың қаржы есептемесіне көңіл бөлетін болсақ, қызметкер санының өсуі ақталғаны байқалады. Интернет алыбы Amazonның түсімі 2020 жыл ішінде 37,6%-ға, $386 млрд-қа дейін, Metaныкі 22%-ға, $86 млрд-қа дейін ұлғайыпты.

Жалпы үрдістің арасында ерекше жағдайлар да бар. Мысалы, Apple қысқартулар жайында әлі хабарлаған жоқ. The Wall Street Journal газетінің ақпараты бойынша, бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, Apple, басқа қомпаниялар сияқты жұмысқа тым көп адам алған жоқ (сонда да, жаңа қызметкерлердің саны 20%-ға өсіп үлгеріпті). Сонымен қатар, сарапшылардың дерегінше, Apple-дың жұмысшыларға арналған шығындары бәсекелестермен салыстырғанда азырақ. Мысалы, технологиялық алыптың бір ерекшелігі – басқалар сияқты қызметкерлеріне тегін түскі ас бермейді.

Synovus Trust менеджері Дэниел Морганның айтуынша, Apple жақын арада пайда әкелмейтін жобаларға ақшаны оңайлықпен жұмсай бермейді. Сарапшы Metaның метаверсті технологияларға жұмсаған миллиардтаған долларларын еске салып өтті.

Бірақ компания негізі құралған күннен бастап, мұндай қысқартулар жайлы сирек жариялайтын. Соңғы ауқымды қысқарту 1997 жылы болып еді, ол уақытта 4,1 мың қызметкер жұмысынан босатылған. Дегенмен, кей сарапшылар Apple қызметкерлерін жұмысынан босатып қалуы да мүмкін деп болжауда.

Басқа сектордағы компаниялар – Dow және 3M химиялық корпорациялары, ойыншық өндіруші Hasbro – қызметкерлерін жұмыстан шығарып үлгерді. Басты себеп ретінде бұл компаниялардың басшылығы макроэкономикалық қиындықтар мен Еуропадағы энергетикалық проблемаларды жиі көрсетеді.

Бұдан басқа себеп –  ақша-кредит саясатының әлем бойынша қаталдауы. Осы күнге дейін АҚШ мемлекеті базалық мөлшерлемені сегіз рет ұлғайтты. Бұл әсіресе жобаларды несие арқылы қаржыландыратын технология саласына қатты әсерін тигізді.

Дегенмен, барлық қиындықтарға қарамастан, көптеген компаниялар жаңа қызметкерлерді жұмысқа алу үрдісін жалғастыруда.

«…Жұмыс берушілер аса сақ. Олар жұмысқа қабылдауға асықпайды. Бірақ олар [қызметкерлерді] жалдауды әлі тоқтатқан жоқ», деді Manpower Group басшысы Джонас Прайзиң.

Сондай-ақ оқыңыз