Декреттік төлем 2023 жылы қалай рәсімделеді?

Жарияланды
2023 жылы декреттік төлемға қатысты өзгеріс бар. Фото: shutterstock.com

Бала бір жарым жасқа толғанға берілетін жәрдемақыны кімдер ала алады?

Жүкті және босанған әйелдерге арналған төлем, жәрдемақы жайлы толық ақпарат бергенді жөн көріп отырмыз. Себебі мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы жыл сайын өзгеріп отырады. Айталық, биыл 1 қаңтардан бастап бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы 1,5 жасқа дейін берілетін болды. Бүгінгі материалда биылғы мөлшердің қандай екеніне тоқталамыз. Сонымен қатар декреттік демалысқа шыққан әйелдерге төленетін бір реттік төлемді қалай есептеу керегін де түсіндіреміз.

Төлем мен жәрдемақы түрлері

Алдымен мынаны есте ұстаңыз. Жүкті және босанған әйелдерге берілетін төлемнің үш түрі болады: босанғанға дейін, босанған соң және бала бір жарым жасқа толғанша берілетін жәрдемақы. Оның алғашқысы, яғни босанғанға дейінгі төлемді жұмыс істейтін немесе жеке кәсіпкерлікпен айналысатын, салық төлейтін әйелдерге төленеді. Яғни үй шаруасында отырған әйелдерге төлемнің бұл түрі қарастырылмайды. Одан кейін — бір реттік жәрдемақы. Мұны бала туған кез келген әйел алады. Былайша айтқанда, мемлекеттің балаға берген көрімдігі десек болады. Жәрдемақының биылғы мөлшеріне келсек, алғашқы үш балаға дейін — 121 100 теңге, төртіншіден әрі қарай болса 217 350 теңге төленеді. Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін бұл жәрдемақы бәріне бірдей және бір-ақ рет берілетінін есте ұстаңыз. Бала бір жарым жасқа келгенше берілетін жәрдемақы түрі бар. Оның көлемі жұмыссыз және жұмыстан уақытша демалыс алған әйелдер үшін әртүрлі. Ол туралы сәл кейінірек толығырақ тоқталамыз. Жалпы алғанда балалы болғандарға берілетін негізгі үш төлем түрі осындай.

Декреттік төлемді қалай есептейміз?

Ендеше, кезек бойынша талдайық. Жүктіліктің 30-аптасына келгенде сіз жұмыстан уақытша демалыс аласыз. Яғни алдымен гинекологтан жұмысқа жарамсыз екенін білдіретін парақ алу керек. Елімізде декреттік демалыстың үш түрі болады. Оның біріншісі — 126 күнге созылатын жүктілікке және босануға дейінгі демалыс. Атап айтқанда, босанғанша 70 және одан кейін 56 күнге беріледі. Ал қиын босанған жағдайда, егіз не үшемді өмірге әкелсе, 56 күн емес, 70 күнге ұзартылады. Сондай-ақ, жаңа туған баланы асырап алса да 56 күнге демалыс беріледі. Ол үшін, әлбетте, барлық құжат сақадай сақ болуға тиіс. Үшіншісі — бала үшке толғанша оның күтіміне байланысты берілетін, жұмыс орны сақталғанымен, айлығы сақталмайтын демалыс.

Ең қызығы, босанғанға дейінгі бір реттік төлем. Өйткені көпшілігі «декреттік төлем қанша түсер екен?» деп арагідік ойлайтыны жасырын емес. Есептеу әдісіне келсек, жұмысқа жарамсыздығын білдіретін парақты кадр бөліміне апарып, оның бір данасын ХҚКО-ға тапсырасыз. Төлемнің көлемі жалақыңызға тікелей байланысты. Бұл ретте 1 жылдағы табысыңыз есепке алынады. Жұмысқа жарамсыздық парағы 126 күнге берілсе, коэффициент мынадай болады: 126/30=4,2. Мысал үшін есептеп көрелік. Айталық, әйелдің декретке шыққанға дейінгі орташа айлық мөлшері 200 мың теңге болсын. Жұмысқа жарамсыздық парағы 126 күнге берілетінін, коэффициенті 4,2 екенін айттық. Сонда әйелдің декреттік төлемі 840 мың болады, одан 10 пайыз мөлшерінде ұсталатын зейнетақы жарнасын алып тастағанда қолына 756 мың теңге алады деген сөз.

2023 жылы бір реттік берілетін төлемнің мөлшері — 1 852 200 теңге. Ол кейінгі бір жылдағы табысына байланысты есептеледі. Яғни 7 ең төменгі жалақыдан аспауға тиіс. Биыл ең төменгі жалақы көлемі — 70 мың теңге. Осы соманы 7-ге көбейтсек, айына 490 мың теңге шығады. Бұдан жоғары айлық алатындарға қор шекті мөлшерден артық төлемейді. Бірақ жұмыс беруші төлеуге дайын болса, айырмасын алуға болады.

490 000 x 4,2 – 10 пайыз зейнетақы жарнасы = 1 852 200  теңге. 

Бала бір жарым жасқа келгенше берілетін жәрдемақыны кім және қалай алады?

 Жаңа жылдан бастап босанған барлық әйелге бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы бір жарым жасқа дейін беріліп отырады. 2022 жылы босанып, әлі жәрдемақы алып отырған аналар болса, олардың да жәрдемақысы ұзартылады.  Бұл процесс толықтай автоматтандырылған. Яғни ұзарту үшін арнайы құжат тапсырудың қажеті жоқ. Жұмыссыз әйелдерге республикалық бюджет тарапынан төленсе, жұмыс істейтін әйелдер үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры төлейді.

Әйел босанған соң берілетін бір реттік көрімдік жайлы жоғарыда айтып өттік. Ендігі кезекте — жәрдемақының бала жасы бір жарымға толғанша төленетін түрі. Бала күтіміне байланысты табысынан айырылған яки жұмыс істейтін әйелдерге 18 ай бойы жалақысына байланысты аударылып отырады. Декреттік демалысқа үш жылға шықсаңыз да, жәрдемақы бір жарым жылдан кейін тоқтайды. Кейін қалауыңыз бойынша жұмысқа шыға аласыз, болмаса ақысыз демалыста отырасыз. Төлем қалай есептелетініне келсек, кейінгі 2 жылдағы жалпы табыс 24-ке бөлінеді. Әлеуметтік аударым жасалуы міндетті. Одан шыққан соманы 0,4-ке көбейтіп, одан 10 пайыздық зейнетақы жарнасын шегересіз. Айталық, соңғы екі жылдың біріншісінде айлығыңыз 150 мың теңге, екінші жылы 200 мың теңге болсын. Сөйтіп жалпы табысты былай есептейміз: 12*150 000+12*200 000=1 800 000 + 2 400 000= 4 200 000 теңге. Алынған соманы 24 айға бөлеміз: 4 200 000/24= 175 000 теңге. 175 000 теңге – табыстың орташа айлық мөлшері. Одан соң бұл көрсеткішті 0,4 коэффициентке көбейтіп, 10 пайызын алғанда 63 мың теңге шығады. Демек, балаңыз бірге келгенше сізге осынша қаражат түсіп тұрады деген сөз.

Үй шаруасындағы әйелдерге қанша төленеді?

Егер ешқандай әлеуметтік аударым жасамаған болсаңыз, бекітілген төлем алып отырасыз. Биыл бірінші балаға — 19 872 теңге, екінші балаға — 23 495 теңге, үшінші балаға — 27 083 теңге, төртіншіден асса 30 705 теңге беріледі. 

Біржолғы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін қажет құжаттар:

  1. Жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылған жағдайда өтініш.
  2. Жеке басын куәландыратын құжат.
  3. Жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты берілген жұмысқа уақытша қабілетсіздігі парағы  (төменде сіз оны қалай алуға болатындығы туралы біле аласыз).
  4. Банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының (шотты кез келген ҚР ЕДБ ашуға болады), немесе түзету мекемесінің қолма қол ақшаны бақылау шотының нөмірі туралы құжат.

Өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар қосымша мынадай құжатты ұсынады:

– жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы (мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтер);

– Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 27 ақпандағы № 306 бұйрығымен бекітілген жеке шоттарын жүргізу қағидаларына 16-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік кірістер органдары берген бюджетпен есеп айырысулардың жай-күйі туралы, сондай-ақ әлеуметтік аударымдар бойынша салық төлеушінің жеке шотынан үзінді көшірме.

Баланың бір жасқа толуына дейін оның күтімі бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау үшін қажетті құжаттар:

  1. Өтініш.
  2. жеке басын куәландыратын құжат.
  3. Баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) немесе туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме.
  4. банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі туралы құжат. Шотты  кез келген ҚР ЕДБ немесе банктік операцияларды жүзеге асыратын  «ҚазПошта» АҚ  сияқты басқа ұйымдарда  ашуға болады.  
  5. Бір жасқа дейінгі баланы (балаларды) асырап алған жағдайда – қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органмен берілген баланы (балаларды) асырап алу туралы сот шешімінен үзінді көшірме.
  6. Балаға қорғаншылық (қамқоршылық) белгіленген жағдайда, балаға қорғаншылық (қамқоршылық) белгіленгенін растайтын құжат ұсынылады.
  7. Егер құжаттарды үшінші тұлға берсе, нотариалдық куәландырылған сенімхат. алуға болады.

Бұған дейін декреттегі аналар қандай жұмыспен айналыса алатынын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз