«Бейнеу – Жаңаөзен» магистральдық газ құбыры екінші желісінің құрылысы басталды

Жарияланды
«Бейнеу – Жаңаөзен» магистральдық газ құбырыү Фото qazaqgaz.kz

Маңғыстау облысындағы «Бейнеу – Жаңаөзен» магистральдық газ құбыры екінші желісінің құрылысы басталды. Бұл – Қазақстанның газ тасымалдау жүйесіндегі мегажобасы құрылысының бірінші түйіскен жері, деп хабарлайды «QazaqGaz» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Жобаның технологиялық схемасына сәйкес, газ құбырының 2-ші желісінің жалпы ұзындығы – 308 км, өткізу қабілеті жылына 5,8 млрд м3 құрайды. Жұмыс жүргізу кестесіне сәйкес, газ құбырының құрылысы 2023 жылдың желтоқсанына аяқталып, пайдалануға берілмек.                          

«Қазіргі кезде Маңғыстау облысында еліміздің ішкі нарығы бойынша табиғи газдың ең жоғары тұтынылу көрсеткіші байқалады, сондықтан екінші желіні салу маңызды әлеуметтік-экономикалық мәнге ие, сондай – ақ өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтеді», деді Санжар Жаркешов.

QazaqGaz басшысының айтуынша, мегажобаны іске асыру Маңғыстау облысының елді мекендерін, халықты, әлеуметтік объектілерді және өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарын жылумен-сумен жабдықтауға, сондай-ақ штаттан тыс жағдайлардың алдын алуға және өңір халқына стратегиялық маңызды қызметтер ретінде газ беруді тоқтату қаупін болдырмауға, жұмысы тікелей тәуелді ірі кәсіпорындарды тұрақты газбен жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бұл жобаны іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жағымды мультипликативтік әсер ететінін айтты.

«Бұл жобаны іске асыру шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді», деді Нұрлан Ноғаев.

Айта кетейік, 2022 жылғы Қаңтар қырғыны газ бағасының қымбаттауынан басталып еді. Батыс жұрты газ бағасы литріне 50 теңге болсын деген талаппен, бейбіт шеруге шыққан. Еліміздің өзге өңірлері қолдап, арты үлкен толқу мен қырғынға алып келді. Сол кезде ел Үкіметі газдың 2022 жылғы шекті бағасын бекіткен.

Отын-энергетика кешені мен электр энергетикасы саласын дамытудың тұжырымдамасын таныстырған сала басшысы Болат Ақшолақов 2029 жылға қарай өңірлерді газбен қату 63,4 пайызға жетеді деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз