Қазақстан мен Франция арасында қылмыстық істерді реттеу үшін заң қабылданды

Жарияланды

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар бірқатар заңды қарап, мақұлдады-деп, хабарлайды Парламент Сенатының баспасөз қызметі

Фото ;баспасөз қызметі

Отырыс барысында сенаторлар «Кедендік әкелу баждарының (балама қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) сомаларын есепке жатқызу және бөлу, оларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібін сақтау мәселелері бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.

Бұл заң ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының Еуразиялық экономикалық одақта кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке алу және бөлу тәртібін сақтауын, бюджет қаражатының заңдылығы мен уақтылы қозғалысын бақылауды қамтамасыз етуге арналған. Осы ретте ЕАЭО қызметінің негізгі реттеуші тетіктерінің бірі ретінде кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке алу және бөлу тәртібін жетілдіру басты міндеттердің бірі екенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар отырыс кезінде «Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң мақұлданды. Бұл заң қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысты рәсімдерде барынша және өзара құқықтық көмек көрсетуді, екі елдің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттыруды көздейді.

«Мақұлданған заң Қазақстан мен Франция арасында қылмыстық істер бойынша өзара ынтымақтастықты нығайту үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Соған сәйкес Шартта екі елдің уәкілетті органдары арасында құқықтық көмек көрсету тәртібі айқындалған. Өзге елдермен осы сипаттағы шарттарды жасасу қылмысқа қарсы күрестің тиімділігін арттыра түседі деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Одан бөлек, Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әpi өтеу үшін беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл Шарттың мақсаты – сотталғандардың жазасын өз елдерінде өтеуіне, түзеліп, қоғамдық өмірге қайта бейімделуіне жәрдемдесу. Сенат Төрағасы атап өткендей, заң бауырлас екі ел арасында құқық қорғау саласындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді

Сондай-ақ оқыңыз