Теңге динамикасы оң нәтиже көрсетті

Жарияланды

Теңге бағамының динамикасы мен қаржы нарығындағы соңғы үрдістер туралы Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова арнайы тезистер жариялады,- деп хабарлайды Ұлттық Банктің баспасөз қызметі.

Фото ҰБ баспасөз қызметінен алынды

         Қаңтарда сыртқы нарықтардың динамикасына әсер еткен негізгі оқиғалар туралы

2023 жылдың басы дамушы нарықтар үшін жеткілікті түрде оң-тәуекелді және қолайлы болды. Валюта нарығында АҚШ долларының бағамы жаһандық деңгейде әлсіреуін жалғастыра түсті – қаңтарда DXY индексі 1,4% жоғалтты. Дамушы нарықтардың валюта индексі бір айда 2,7%-ды қосты. Осылайша, өткен жылғы қыркүйектегі шыңына жеткеннен бері DXY 11%-ға дейін құлдырады. АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігі айтарлықтай азайды, мәселен, 10 жылдық қағаздар бойынша мөлшерлемелер бір айда 37 базистік тармаққа түзетіліп, қаңтардың соңына қарай 3,5%-ды құрады.

Екінші жағынан, жаһандық нарықта АҚШ долларының мұндай тез төмендеу қарқыны оқиғалардың біртіндеп дамуын болжаған кейбір экономистерді алаңдатады. Жақында ЕМ елдерінің валюталары қысымға ұшырады және сарапшылар 2023 жыл ішінде валюта нарығында АҚШ долларының позициялары әлсірей ме деп сақтықпен күтті.

АҚШ ФРЖ мөлшерлемені өсіру циклін жақын арада аяқтауы бойынша инвесторлардың күтулері мұндай динамиканың негізгі катализаторы болды. Желтоқсанның қорытындысы бойынша АҚШ-та инфляция 6,5%-ға дейін баяулауы осы болжамдарды қолдап отыр. Нарыққа қатысушылар фьючерстік баға белгілеулерге сәйкес 2023 жылдың екінші жартысынан бастап АҚШ ФРЖ мөлшерлемені төмендетеді деп белгілеген. Сонымен қатар, АҚШ ФРЖ нарық тым оптимистік бағытта екеніне назар аудартуға тырысып, орташа қатаң риториканы сақтап келеді. Федералды резервтің желтоқсандағы отырысының жарияланған хаттамасында Ашық нарықтар жөніндегі комитеттің бір де бір мүшесі биыл мөлшерлемені төмендету қажеттілігі туралы пікір білдірген жоқ. Ақпандағы соңғы отырыста АҚШ ФРЖ 2023 жылы мөлшерлемені 5%-дан жоғары көтеруге ниетті екенін білдірді.

Қаңтарда АҚШ долларының әлсіреуі акциялар нарығының күрт өсуімен сәйкес келді. MSCI World индексі 7%-ға ұлғайды. ҚХР-да карантиндік шектеулердің алынып тасталуы және Еуроаймақ экономикасының келешегіне теріс көзқарас деңгейінің төмендеуі инвесторлардың тәуекелге деген сұранысын арттыратын факторларға айналды. Басқа нарықтарға қарағанда, мұнай нарығындағы жағдай жыл басынан бері түрлі бағытта дамыды. Қаңтардың бірінші аптасында мұнай нарығындағы әлемдік баға инвесторлар жаһандық экономика баяулайды деп алаңдаушылық білдірген тұста төмендеу үрдісін көрсетті, бұл, негізінен, Қытайда COVID-19-дың өршуіне байланысты болды. Айдың бірінші аптасында Brent маркалы мұнайдың бағасы 9%-ға төмендеді, баға белгілеулер 1 баррель үшін 85,9 АҚШ долларынан 78,6 долларға дейін төмендеді. Айдың қорытындысы бойынша, мұнайға баға белгілеу ішінара төмендеді және 1 баррель үшін 84,5 АҚШ доллары деңгейінде тіркелді. Қытайда жанармайға деген сұраныс орташа қалпына келуі мұнай нарығына қолдау көрсетті. Қазіргі уақытта мұнай құны 1 баррель үшін 80-82 АҚШ доллары аралығында құбылып тұр.

Валюта нарығындағы операциялар бойынша мәліметтер мен теңге бағамына әсер еткен факторлар туралы

Қазіргі уақытта біз валюта нарығы орташа құбылмалылық жағдайында жұмыс істеп жатқанын, нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың теңескенін көріп отырмыз. Валюталық интервенцияларды жүргізу қажеттілігі туындаған жоқ. Айдың қорытындысы бойынша, ұлттық валюта бағамы 1 АҚШ доллары үшін 460,52 теңгеге дейін 0,5%-ға нығайды.

Қаңтарда КМС субъектілерін сату 453 млн АҚШ долларын құрады. Валюта нарығындағы теңгерімділіктің жақсаруына байланысты, сондай-ақ КМС субъектілеріне валюта ағындарын басқару кезінде үлкен мүмкіндіктер беру мақсатында Ұлттық Банктің ұсынысы бойынша Үкімет валюта түсімін міндетті сату үлесін 75%-дан 50%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету мақсатында 228 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Сату бұрынғыдай біркелкі және тұрақты негізде жүзеге асырылды. Күнделікті сату көлемі 12 миллион АҚШ долларынан аспады.

Бұған дейін зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру туралы БЖЗҚ-ның жоспары туралы айтқан болатынмын. Осы мақсатта қаңтарда шамамен 120 млн АҚШ доллары сатып алынды. БЖЗҚ үшін шетел валютасын сатып алу жөніндегі операциялар Қазақстан қор биржасының алаңында валюта нарығында қолайлы жағдайларда нарықтық бейтараптық қағидатын сақтай отырып, жыл ішінде біркелкі жүзеге асырылатын болады.

Ұлттық Банктегі алтын-валюта резервтерінің динамикасы және олардың тиімділігін қолдау шаралары туралы

Алтынның бағасы өткен айда шынымен де оң динамиканы көрсетті және ақпан басында 9 айда ең жоғары деңгейге жетті. Қаңтардың қорытындысы бойынша, алтын бағасының өсуі бір унция үшін 1812 АҚШ долларынан 1905 долларға дейін 5%-ды құрады. Баға белгілеуге Федералды резерв мөлшерлемесінің өсу циклінің жақын арада аяқталуы туралы жағымды үміт қолдау көрсетті.

Алтын бағасының өсуі, сондай-ақ, Қаржы министрлігінің валюталық шоттарына және клиенттердің корреспонденттік шоттарына қаражаттың әкелінуі есебінен қаңтардың қорытындысы бойынша алтын-валюта резервтері 35,1 млрд АҚШ долларынан 36,7 млрд долларға дейін ұлғайды.

Ұлттық Банктің АВР өтімділігінің жоғары деңгейін ұстап тұру өте маңызды. Осыған байланысты біз алтынды сыртқы нарықта долларға сату бойынша жұмысты жалғастырамыз, осылайша резервтердің валюталық бөлігін ұлғайтамыз және оны ақша нарығының жоғары өтімді құралдарына инвестициялаймыз. 2022 жылы Ұлттық Банк алтын-валюта активтерін аллокирлеуді әртараптандыру және теңгерімдеу мақсатында сыртқы нарықтарда жалпы көлемі шамамен 120 тонна алтынды біртіндеп сатуды жүзеге асырды. Бұл ретте бағаның өзгеру тәуекелін хеджирлеу мақсатында алтынның бір бөлігі колл опциондар мен алтын фьючерстерін сату арқылы туынды қаржы құралдарын қолдана отырып сатылды. Туынды құралдармен операциялар бойынша жалпы пайда $191 млн болды.

Нәтижесінде біз сыртқы нарықтарда алтынды сату есебінен 7 млрд АҚШ долларына валюталық активтерді толықтырдық және резерв құрамындағы алтын үлесін 68%-дан 58%-ға дейін төмендеттік. Биыл Ұлттық Банк резервтердегі алтынның үлесін азайтуды жалғастыруға ниетті: таргет Ұлттық Банк резервіндегі алтын үлесінің 50-55% құрайды. Бұл сыртқы нарықтағы жағдайға байланысты болады.

Сондай-ақ оқыңыз