2023 жылы Қазақстан, Армения, Әзірбайжан, Грузия мен Өзбекстанның банк секторы нақты ЖІӨ өсімінің драйвері болады, деп хабарлайды S&P Global Ratings. Дегенмен, бұл елдердің жалпы ішкі өнімі 2022 жылғы жақсы көрсеткіштерден кейін біршама төмендеуі ықтимал.
Рейтинг агенттігінің болжамы бойынша, биыл Арменияның ЖІӨ өсімі – 6,3%, Өзбекстандікі – 5%, Қазақстандікі – 4,1%, Грузиянікі 2,5% болады. Ал Әзірбайжан экономикасының өсімі елдегі мұнай кен орындарының бірте-бірте сарқылуы мен өндіріс көлемінің төмендеуіне байланысты нөлге теңеседі
Қазақстандық банк секторының жағдайы мен болашағы
Былтыр Қазақстан Сбербанк пен Альфа Банктің еншілес ұйымдарын сәйкесінше «Бәйтерек» мемлекеттік қоры мен БЦК-ге сатып, ресейлік банктерге қарсы салынған санкцияға байланысты мәселелерді шеше алды. Былтырға дейін өңірдегі ресейлік капиталдың басым бөлігі Қазақстанға тиесілі еді. Ол жалпы активтердің14%-ын құрады. Әзірбайжан мен Грузияда шамамен – 2%, Арменияда – 5%. Ал өзбек банктерінде ресейлік капитал мүлдем жоқ.
«Ресей банктері операцияларының қысқаруы нәтижесінде Қазақстандағы банк секторы бұрынғыдан да шоғырланып, жергілікті банктердің нарықтағы ұстанымдары жақсарды», деді S&P.
Шолу авторларының пайымдауынша, аймақтағы банктердің капиталы 2023 жылы бөлінбеген кіріс есебінен жалпы тұрақты деңгейде қалады. Есепте көрсетілген алты қазақстандық банктің 4%-дан 10%-ға дейінгі диапазонында RAC (S&P-тің тәуекелге байланысты түзетілген капитал жеткіліктілігі өлшемі) бар, ЦентрКредит Банктікі ең төменгі болса, ең жоғары көрсеткішке Freedom Bank ие.
Жақында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк секторы активтерінің сапасын алғашқы тұрақты бағалау (AQR) нәтижесін ұсынды.
QR 10 банкке жүргізілген, олар – Halyk Bank, Kaspi Bank, Jusan Bank, ForteBank, «Банк ЦентрКредит», Bank RBK, Home Credit Bank, «Еуразиялық Банк», Nurbank және Altyn Bank. Аталған қаржы институттарының активі банк секторына тиесілі бүкіл активтің 71%-ын құрайды.
«Проблемалық кредит үлесі 11,5%-дан 14,8%-ға немесе 509,1 млрд теңгеге өсті. Стандартты займ көлемі 1,3 трлн теңгеге, 85,7%-дан 77,1%-ға азайды. Алайда несие тәуекелін арттыру белгісі бар қарыз 805,3 млрд теңгеге немесе 2,8%-дан 8,1%-ға артып тұр. 10 банк бойынша жеткіліктілік капиталының жалпы деңгейі 1,7 пайыздық тармаққа, 17,6%-дан 15,9%-ға төмендетілді. Бұл нормативті бекітілген минималды деңгейден 7,5%-ға жоғары», дейді Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов.