Қандай салымдар бойынша мемлекеттен сыйлықақы алуға болады?

Жарияланды

2023 жылғы 10 ақпанға дейін салымшылар теңгедегі депозиттер бойынша 10% мөлшерінде өтемақы (сыйлықақы) төлеуге өтініш бере алады. Мұны банк бөлімшелерінде немесе онлайн – мобильді қосымшалар арқылы жасауға болады. Көрсетілген күннен кейін өтінімдерді қабылдау автоматты түрде аяқталады. Бұл fingramota.kz хабарлады.

Фото:shutterstock

Қазақстанда салымшыларды қолдау мақсатында жеке тұлғалардың ұлттық валютада орналастырылған депозиттері бойынша өтемақы (сыйлықақы) төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) әзірленіп, 2022 жылғы 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілген.

Қағидаларға сәйкес, қоса алғанда 2022 жылғы 23 ақпанға дейін ашылған теңгедегі депозиттер бойынша ғана өтемақы алуға болады.

Өтемақы төлемдері 2023 жылғы 23 ақпаннан кейін басталады. 10% мөлшеріндегі өтемақы есептелуі мүмкін ең жоғары сома бір банкте 20 млн теңгені құрайды.

Қандай салымдар бойынша мемлекеттен сыйлықақы алуға болады?

Өтемақы мынадай салымдар бойынша төленеді:

  • жинақ, яғни ақшаны ішінара алу құқығынсыз қайтарып алынбайтын депозит;
  • мерзімді салым (білім беру жинақтау салымдарын және тұрғын үй құрылыс жинақтарын қоса алғанда). Сыйлықақы тек осы салымдар бойынша және 20 миллион теңгеден аспайтын сомаға төленетін болады.

Бұл ретте, сыйлықақы мыналарға:

  • талап етілгенге дейінгі салымдарға, яғни банк белгісіз мерзімге ашатын және клиенттің бірінші талабы бойынша қайтарылатын салымдарға;
  • шартты салымдарға;
  • ағымдағы банктік шоттарға қолданылмайды.

Депозиттер бойынша өтемақы төлеу жеке тұлғаларға, резиденттерге және бейрезиденттерге, оның ішінде дара кәсіпкерлерге, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, кәсіби медиаторларға төленуге тиіс.

Егер салымшының бір банкте бірнеше депозиті болса, онда өтемақы жалпы сомасы 20 млн теңге көлемінде төленеді. Ал егер салымшыда түрлі банктерде депозиттер болса, онда сыйлықақы әрбір салым бойынша ол да 20 млн теңге шегінде төленетін болады.

Салымшылар өздерінің теңгедегі салымдары бойынша, егер:

  • олардың салымдарының мерзімі аяқталмаған немесе 2023 жылғы 23 ақпанға дейін (бір немесе бірнеше рет) ұзартылған;
  • банктік салым шарты тоқтатылмаған және салымшы өзінің барлық жинақтарын депозиттен толығымен алмаған жағдайларда сыйлықақы алуларына болады.

Өтемақы қалай есептеледі?

Өтемақы төлеудің негізгі талабы – бұл 2022 жылғы 23 ақпанда операциялық күннің соңында депозитте болған сома және ол жыл бойына өзгеріссіз қалуы керек. Яғни, салымшы депозиттен ақша алмауы керек!

Егер салымшы, айталық, депозиттен қаражаттың бір бөлігін алған болса немесе шотты толықтырса, онда 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап 2023 жылғы 23 ақпанды қоса алғанда кезеңдегі депозиттегі ең аз қалдыққа өтемақы төленуге тиіс.

Консультация алу үшін қайда жүгінуге болады?

Сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар ҚР Үкіметімен бірлесіп теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасын іске асырып жатқан Қазақстан Ұлттық Банкіне «1477» нөмірі бойынша жүгіне алады.

Қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар өз құқықтарын қорғау үшін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (бұдан әрі – Агенттік) egov.kz порталы, «e-Otinish» ақпараттық жүйесі арқылы, не  А15С9Т5, Алматы қаласы, Көктем-3 шағын ауданы, 21-үй мекенжайы бойынша жазбаша жүгіне алады. Өңірлердің тұрғындары – Агенттіктің тұрғылықты жері бойынша өңірлік өкілдер басқармаларына жүгінуге болады.

Сондай-ақ оқыңыз