Жаңалықтар

Теңіз кен орында мұнай өндірісі азайды

Минэнерго сообщило о снижении добычи на Тенгизе
Энергетика министрлігі Теңіз кен орында өндіріс азайғанын хабарлады. Фото: kursiv.media

Теңіз кен орнында соңғы бірнеше күнде мұнай өндірісі азайған. Оған себеп – 6 мұнай өндіру желісінің біріндегі жоспардан тыс жөндеу жұмыстары. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі хабарлады.

«Негізінен Теңіз кен орнында өндіріс көлемі төмендеді. Оған себеп алты өндірістік желінің біріндегі қондырғыны жоспардан тыс жөндеу жұмысы» делінген хабарламада.

Аталмыш желідегі өндірістік қызмет жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қайта жалғасатын болады. Бұл ретте Энергетика министрлігі жөндеу жұмыстарының қашан басталып, қашан аяқталатынын нақтыламаған. Тек жыл басынан бері Теңіз кенішін өндіру жоспары 102 пайызға орындалғанын атап өткен.

Энергетика министрлігінің 1 ақпанда өткен жиынында Теңіз кенішіндегі өндірісті жылына 12 миллион тоннаға арттыруға тиіс кеңейту жобасы 45,2 миллиард доллардан 46,7 миллиард долларға қымбаттағаны айтылды. 2016 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан жобан 2024 жылдың маусым айында іске қосылуы тиіс.

2022 жылдың соңында жоба бойынша жұмыс 96,1% орындалған. Биыл бұл көрсеткіш 99%-ға жетеді деп күтіліп отыр. Жобаның 2022 жылы аяқталуға жақын қалғанына байланысты 22,6 мың қазақстандық жұмысшы босатылса, 2023 жылы 31,1 мың қазақстандық жұмыстан шығып қалады.

2023 жылы Теңізде мұнай өндіру көлемі 27,9 миллион тонна, газ – 16,1 миллиард текше метр болады деп болжанған.

Қазақстан биыл жалпы көлемі 92 миллионнан астам (тонна), 2024-2025 жылдары өндіріс болжам бойынша 100 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр.