Жаңалықтар

Облыстардың тұрақтандыру қорындағы пияз сатылып жатыр

Тұрақтандыру қорындағы пияз сатылып жатыр. Фото: pixabay.com

Облыстардың тұрақтандыру қорларында сақталған пияз сауда нысандарына сатыла бастады. Қалыптасқан резервтен көкөністер бағаны тұрақтандыру үшін сатылып жатыр, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.

ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков Жамбыл облысы әкімдігінің өкілдерімен бірге Жамбыл облысының шаруа қожалықтарының қоймаларында сақталған пияздың бар-жоғын және жай-күйін тексерген.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, бүгінде бұл көкөніс 40-қа жуық сауда орындарына 115 теңге/кг, ал дүкендер өз кезегінде пиязды 128 теңге/кг бағамен сатылған.

Министрлік қорда ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз ететін өнім жеткілікті деп сендірді.

Бұл көкөніс жыл басынан бері қатты қымбаттап, келісіне 400 теңгеге жетті. Соған байланысты Әлихан Смайылов әкімдердің жұмысын сынға алып, бағаны тұрақтандыруды тапсырды.

Қаңтар айында пияз экспортына тыйым салынып, Қазақстан пиязын үш ай шетелге сатуға шектеу қойылды.