Премьер-Министр Әлихан Смайылов автожол жобаларын сапалы және уақытылы орындауды тапсырды. Үкімет басшысының айтуынша, соңғы уақытта автомобиль жолдарының сапасына қатысты шағымдар көп.
Қазақстан 2030 жылға дейін 8 мың шақырым республикалық және 14 мың шақырым жергілікті автожолдарды сапалы салу мен реконструкциялау міндетін қойып отыр.
Жолдың нашарлығы жол апатына себепші болып, адам өліміне әкеледі, транзиттік тасымал көлемін азайтады, сонымен қатар елдің имиджіне теріс әсер етеді.
Премьер-Министр жолдардың жай-күйі мен көлік инфрақұрылымы ішкі және сыртқы сауданы дамытудың маңызды факторлары екенін атап өтті.
«Жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына жұртшылық қанағаттанбай отыр. Интернетте жұмыстың регламент бойынша емес, жаңбыр, тіпті қар жауып жатқан кезде жүргізіліп жатқаны түсірілген көптеген бейнеролик пен фотосуреттер толып жүр», деді Әлихан Смайылов.
Мысал ретінде Үкімет басшысы Абай облысы Көктерек ауылында қардың үстіне асфальт төселгенін, ал Павлодар облысында асфальтты жолға шашып тастағанын айтты. Кейбір өңірлерде ауыл тұрғындары жергілікті атқарушы органдардан қайыр күтпей, жолдарды өз бетінше жөндейтін жағдайлар кездеседі. Алматы облысы Рысқұлов ауылында, Маңғыстау облысы Атамекен ауылында осындай жағдайлар орын алды. Сонымен қатар бір учаскеде жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізілген фактілер бар.
Әлихан Смайылов жол салу әдістерін түбегейлі өзгертуді талап етті.
2022 жылы 4,6 мың шақырымдай жергілікті автожолға жөндеу жүргізіліп, оның 2,6 мың шақырымында тиісті жұмыстар аяқталды. Осы мақсатқа 372 млрд теңге бөлінген.
Қазір республика бойынша ұзындығы 2,2 мың шақырымды құрайтын автожолдардың 11 ақылы учаскесі жұмыс істейді.