Нарықта сұраныс болмаса, кәсіп бастаудың қажеті жоқ

Жарияланды

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері  – Ұласбек Маусымұлы. Жасы 22-де. Шымкент қаласының тумасы. Жас кәсіпкер автокөлік тауарларын сатумен айналысып жүр. Ұласбек автокөлікке арналған кілемше (полик) мен жапқыш тігеді.

– Жеке кәсіпті қашан қолға алдыңыз?

– Бұл бизнеске 2 жыл бұрын келдім. Оқуды бітіріп, 20 жасымда жеке кәсіпке бет бұрдым. Бұл менің бірінші кәсібім. Өзім автокөлікке жақын болғандықтан, осы бизнес түрін таңдадым. Екіншіден, маржасы көп және жыл мезгіліне қарамайтын бизнес.

– Бұл саланы қанша қаражатпен бастадыңыз?

–   Бастапқа кезде бұл істі 500 мың теңгемен бастадым. Қаражатты несиеге алдым. Оның 350 мың теңгесіне тігін машинасын, қалған қаражатқа қажетті материалдар сатып алдым. Қазір Алматыда бір сауда нүктеміз бар. Айына 180 000 теңге төлейміз. Сонымен қатар, шағын цех ашып қойдым. Сондай-ақ, Шымкент қаласында екі шағын дүкеніміз де бар.  

– Шикізатты қайда аласыздар? Қажетті құрал-жабдық өз елімізден табыла ма?

– Поликке қажетті материалдарға тапсырыс беріп, Ресейден аламыз.  Ал тігін машина мен станок құрылғысын Қытайдан тапсырыс беріп, сатып алдым. Цехта полик тігіп,  тапсырыс қабылдаймын. Автокөлікке байланысты барлық тауар бар.  Бір күнде кілемшеге 10-15 тапсырыс қабылдаймыз. Жапқыштарға да  тапсырыс жақсы.

– Қазіргі уақытта қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз?

– Қазіргі уақытта қарамағымда 8 адам қызмет атқарады. Оның ішінде үш тігінші, СММ маманы, менеджер және бір таргетолог пен  екі сауда маманы жұмыс істеп жүр.

– Бұл кәсіптегі сұраныс жағы қалай?

– Қазіргі кезде сұраныс жақсы. Өзіміз тігіп, саудаға шығарамыз. Сонымен қатар, OLX, Market.kz-те сауда жақсы өтеді. Бір айда нақты таза пайда 2-2,5 млн теңге аралығында. Ал айлық тауар айналымы 5,5-6 млн теңге көлемінде. Көліктің кез келген түріне полик тігеміз. Жеңіл және жүк көлігі болсын, бәріне тігіп береміз. Бірнеше уақыт бұрын Алматы облысында орналасқан әскери бөлімнен тапсырыс түсті. Ол жерде біз 30 танкке полик тігіп бердік.

–  Сіздер тігетін тауардың сапасы тұтынушы көңілінен шыға ма?

– Бұл кілемшелердің сапасына 100 пайыз кепілдік беремін. Бізде кілемшенің бір емес, бірнеше түрі тігеледі. Бірақ негізінен EVA поликтер сұранысқа ие. Бұл кілемшелердің артықшылығы – көлікке су өткізбейді, тез тазалауға болады. Бір литр суды да ұстап тұруға шамасы жетеді. Мезгіл таңдамайды, яғни жылдың төрт мезгіліне де шыдамды. Материалдар тікелей Ресейден келеді.

– Бір автокөлікке қызмет көрсету құны қанша?

– Бір кілемшенің бағасы көліктің көлеміне қарай қойылады. Бірақ орташа есеппен алғанда 14-15 мың теңгеге сатамыз. Бір  поликтің толық жиынтығын тігу уақыты – 30-40 минут аралығында. Бір күнде 10-15 кілемше, ал тапсырыс көп болған кезде 20-25 данасын тіге береміз. Бір күнде 50 дана кілемше тіккен күндер де болды. Сондай-ақ, жапқыштар ( чехол) тігеміз. Бағасы 60 мың теңгеден басталады.

– Қандай жағдайда кәсіптен бас тартқан дұрыс?

– Кез келген кәсіптің міндетті түрде қиыншылығы мен қызығы болады. Сондықтан кәсіпті бастамай тұрып, толық зерттеу керек. Ең бастысы, бастайтын кәсіпке сұраныс бар ма, жоқ па соны білу қажет. Егер нарықта нақты сұраныс болмаса, бұл саланы бастаудың қажеті жоқ.

– Кәсіпкерге қандай қасиеттер қажет?

– Бастысы қайтпайтын табандылық пен шыдамдылық. Саған сенген адамдардың сенімін ақтау.

Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз