Көктемгі демалыс: Қазақстаннан қай елдерге саяхаттауға болады?

Жарияланды
Көктемгі демалысты керемет өкізетін жерлер бар. Фото: www.shutterstock.com

Көктемгі демалыста теңізге шомылып, күнге қыздырынатын мүмкіндік жоқ деп ойламаңыз. Егер еңбек демалысын наурызға жоспарлап отырсаңыз, онда бүгінгі материалымызда көктемде баруға болатын бағыттардың топтамасын ұсынамыз. Теңізге барып, шомылғысы келетіндерге де өте пайдалы болмақ.

«Суға жазға ғана түсу керек» деп ойлап жүрсеңіз, бұл ойыңыз қате. Себебі көктемде ауа-райы ғажап болып тұратын елдер аз емес.

Көктемде қай жерде күн қатты ыстық болады?

  • Таиланд
  • Шри-Ланка
  • Куба
  • Мальдив аралдары
  • Үндістан
  • Вьетнам
  • Доминикана
  • Мексика (Канкун)
  • Танзания (Занзибар)
  • Бали

Қай жерде күн жылы?

  • Біріккен Араб Әмірліктері
  • Түркия
  • Египет
  • Израиль

Таиландқа көктемге барғыңыз келсе…

Қыста не көктемде қазақстандықтардың таңдауы түсетін танымал бағыттардың бірі. Алматыдан тікелей рейстер ұшады. Дегенмен туристік компаниялар арқылы тур алатын болсаңыз, еш қиындық тумайды. Наурызда Таиландта көптеген қызықты фестивальдар өтеді. Одан бөлек, түрлі жәрмеңкелерді де тамашалай аласыз.
Қандай курорттар танымал десеңіз: Пхукет, Паттайя, Самуи, Краби, Пханган.
Бұдан бөлек көптеген арал бар. Бірақ бұл уақытта осы елге барудың басты артықшылығы сол — наурызда күн көзі шығып тұрады, әйтсе де жаздағыдай аптап ыстық болмайды. Бірақ арагідік жауатын жаңбыр ғана көңіл-күйіңізді аздап түсіруі мүмкін. Пхукетте ауа-райы болжамы бойынша ондай жаңбырлы күн саны 5-6. Ал Самуи пен Паттайяда одан да аз. Сондықтан шығатын кезде ауа-райын бір қарап алған жөн. Қазақстандықтарға тууы мүмкін қолайсыздық жайлы да айта кетейік. Таиландқа кіру үшін виза рәсімдеу міндетті. Таиланд әуежайына қонған соң паспорт бақылауына мына құжаттарды көрсетуіңіз керек:

  1. Төлқұжат;
  2. Ағылшын тілінде, түсінікті толтырылған сауалнама;
  3. 4*6 см сурет;
  4. Виза алған күннен бастап санағанда 15 күннен аспайтын уақыт ішінде елден қайтатын билет;
  5. Миграциялық карта. Оны көбіне ұшақта береді;
  6. Ақшаңыз барын растауыңыз керек;
  7. Виза алымын төлегеніңізді көрсететін түбіртек. Адам басына — 1000 бат;
  8. Қонақүй нөмірінің броны.

Шри-Ланкаға барам десеңіз…

Негізі Қазақстан секілді қысы суық елдерде тұратындардың ішінде ыстық елдерге уақытша көшіп кететіндер көп. Үш ай қыста ыстық жақта өткізіп, күн жылығанда еліне қайтады. Әсіресе, фрилансерлердің ішінде осындай тенденция байқалады. Әрине, ондайда ең жақсы нұсқалардың бірі ретінде Шри-Ланканы айта аламыз. Әсем табиғаты, көкпеңбек мұхит, трейлдері бар ұлттық саябақтар, шай плантациялары, серфиң, ескі тарихи қалалардың қалдықтары — бәрі-бәрі көруге тұрарлық. Қазақстандықтарға виза рәсімдеу міндетті. Оны онлайн толтырасыз. Электрон рұқсат (ETA) алу құны бір адамға — 30-35 доллар. Ал 12 жасқа дейінгі балаларға тегін. Коломбо әуежайына келген соң сізді паспорт бақылауына бағыттайды. Оның алдында ұшақта сізге берілген миграциялық картаны толтыруыңыз керек. Ағылшын тілін түсінбесеңіз, бортсеріктерден көмек сұрай аласыз.   

Египетке бару ойыңызда болса…

Египетте көктемде күн қоңырсалқын болады. Әйтсе де, тоңып қалатындай суық емес. Қысқы жел мен салқын ауа-райы наурызға қарай жыли бастайды. Егер наурыздың бас жағында кетуді ойласаңыз, онда Шарм-эль-Шейх дұрыс. Себебі тау жақтағы ең қауіпсіз әрі жылы курорт осы. Айтпақшы, мұнда жел жібермейтін қысқы қонақүйлер деген болады. Құрылыс ерекшелігі бар, одан қала берді орналасқан жері де қолайлы болса керек. Жалпы алғандай мұндай қонақүйлердің дені Наама-бэй, Шарм-эль-Майя, Рас-умм эль-Сид жақтарда орналасқан. Наурызда шомылуға мүмкіндік беретін ең арзан бағыттардың бірі. Қазақстандықтар Шарм-эль-Шейх әуежайына барған соң туристік виза ала алады. Бірақ ол үшін туристік топтың ішінде болуы керек. Бір адамға виза құны — 25 доллар. Египетте бір айға дейін қалуға рұқсат береді. Міндетті тіркеу үшін 5 доллар төлейсіз. Ал Sinai only штампы тегін қойылады. Синай түбегінің аумағында 14 күн болуға мүмкіндік береді. Виза алу үшін керек құжаттар:  

  • Төлқұжат;
  • Тұруға арналған ваучер;
  • Барып-қайтатын билет.

Біріккен Араб Әмірліктеріне көктемде бару үшін

Қазақстандықтардың жыл — он екі ай баратын бағыттарының бірі. Бір жағы қалтаны қатты қақпайтыны да себеп. Көктемде, соның ішінде наурызда бұл жақта күн қатты ыстық болмайды. Ал жазда аптап ыстық болатыны белгілі. Наурыздың басында ауа температурасы +20°С мен + 25°С аралығында болады. Ал соңына қарай көтеріліп,  +28°С-ке жетеді. Теңіз температурасына келсек — +23°С. Жалпы алғанда Біріккен Араб Әмірліктерінде курорты-әмірлік көп. Бірақ соның ішінде Дубай аса танымал. Бағасы да қымбат емес. Виза рәсімдеудің қажеті жоқ. 30 күн визасыз жүруге рұқсат.   

Мальдив аралдары

Мальдив аралдарында көктемді көктем деуге келмейді. Өйткені ауа-райы жаздың күніндей ыстық. Жарнамалардан жиі көретін жердегі жәннат деп аталған аралдарға қазақстандықтар да жиі барады. Тропикалық табиғатты тамашалап, демалуға арналған жер. Бірақ бағасы қымбат. Тіпті жаздық маусым кезі болмаса да, шарықтап тұрады. Сондықтан Мальдив аралдарында еңбек демалысын өткізуді жоспарлаған кезде бюджетті де алдын-ала есептеген абзал. Мұнда да виза сұралмайды. Бір ай визасы жүре аласыз. Бар болғаны өзіңізбен бірге төлқұжатыңыз, барып-қайтатын билет, туристік қызметке арналған ваучер, елде бір күн тұруға 50-100 доллар есебімен санағанда жеткілікті мөлшерде қаражат болуы керек.  

Израиль. Эйлат және Өлі теңіз

Көктемнің басында Қызыл теңіз бен Өлі теңіздің жағасында су температурасы +22°C…+24°C шамасында болады. Жаңбыр болуы мүмкін, бірақ қыстағыдай жиі жаумайды. Эйлатқа барып, жағажайда демалуға мүмкіндік бар. Ал емдік мақсатты көздесеңіз, онда Эйн-Бокекті таңдаңыз. Қазақстандықтар туристік виза алуы үшін мынадай құжаттар сұралады:

  1. Түрлі түсті 5*5 см суреттен екі дана;
  2. Төлқұжат;
  3. Қызметіңіз, жалақыңыз көрсетілген анықтама;
  4. Кейінгі бір жылдағы зейнетақы шотынан көшірме;
  5. Барып-қайтатын билет броны;
  6. Қонақүй нөмірінің броны;
  7. Егер өзіңіз төлеп жатқан демалыс болса, қаржылық жағдайыңыз жететінін дәлелдейтін банк көшірмелері;
  8. Неке туралы, ажырасқаны туралы куәліктердің көшірмелері;
  9. Медициналық сақтандыру полисі;
  10. Бұдан бөлек құжаттарды сұратуы да мүмкін.

Үндістанды көктемде көргіңіз келсе…

Бұл жаққа колорит үшін келетіндер көп. Әсіресе, түрлі храмды аралауды жақсы көретіндерге — маст визит. Тәж-Махалдың өзі қандай?! Наурызда Үндістанда күн ыстық болады. Температурасы шамамен — +27°C…+32°C. Сондай-ақ, наурызда Сринагариде қызғалдақтар фестивалі болады. Ал экзотика сүйетіндер Коньяк тайпасының фестивалін тамашалауға бара алады. Үндістанға барғысы келетін қазақстандықтарға жасына қарамастан виза рәсімдеу міндетті. Электрон виза бір реттік саналады. Мерзімі кейде бір айға не бір жылға беріледі. Отыз күндік визаның құны — бір адамға 35 доллардан, ал бір жылдығы — 50 доллар. Қажет болатын құжаттар:

  • PDF форматтағы төлқұжат. Оның салмағы кемінде — 10 кб, максимум 300 кб болуы керек;
  •   5Х5см түрлі түсті сурет, JPG форматта;
  • Сауалнама толтыру керек;

Виза бес жұмыс күні ішінде беріледі. Егер баламен жалғыз бара жатсаңыз, онда жұбайыңыздың рұқсаты керек. Ол сенімхатты ағылшын тіліне аударып, нотариуспен бекіту міндетті. 

Сондай-ақ оқыңыз