Балқаш экологиясы: көлемі жағынан әлемде 13-орын алатын көл тартылып барады

Жарияланды
Балқаш көлінің суы тартылып барады. Фото: www.shutterstock.com

Балқаш көлі жылдан жылға азайып келеді. Экологтар осындай дабыл қағып отыр. Ынталы топ осы су айдынының проблемасына қоғам назарын бұру мақсатында «Ұлы Балқаш шақырады!» атты шара өтткізді. Шараға қатысушылардың қатарында білім, ғылым, мәдениет, спорт және қоғам қайраткерлері бар және «Курсив» ақпараттық порталының тілшісі Баян Талдыбай да қатысып қайтты.

Фото: Алмаз Төлеке

«Іс-шараны Балқаш көлінің мұзды айдынында өткізуіміздің өзіндік мәні бар. Тарихи, мәдени-этнографиялық, экономикалық маңызы ерекше Балқаш көлінің құрғап кету қаупі төніп тұр. Соңғы жылдары су деңгейі төмендей бастаған. Әлемді алаңдатқан Жаһандық жылынудың Балқаш көліне де кесірі тиіп кетуі бек мүмкін.  Бұл тұстағы біздің негізгі идеямыз – көл экологиясының бүгінгі мәселесіне халықтың назарын аудару және ішкі туризмді дамыту» дейді жобаның авторы,  AlmaUпрезиденті Асылбек Қожахметов.

Зерттеулерге сүйенсек, көлдегі су деңгейі 1970 жылдан бері төмендей бастаған. Оған жаһандық жылынудан бөлек, Балқашқа құятын өзен суларын тиімсіз пайдалану да әсер еткен. Су деңгейінің төмендеуінен құрғашылық жайылып, шаңды дауыл жиілеген.  Егер дер кезінде шара қолданбаса, Балқаш та Арал теңізінің қамытын киюі ықтимал. 

«Байқасаңыз, Балқашбір бөлігі ащы, екінші бөлігі тұщы судан құралған жер жүзіндегі ең айрықша көл. Әйтсе де, көлемі жағынан әлемде 13-орында тұрғанына қарамастан, алпауыт көлдің жыл сайын тартылып жатқаны алаңдатады. Әлбетте, бұған Балқашқа құятын өзендерді бөгеу мәселесі де ықпал етіп жатыр. Мәселен, трансшекаралық аймақтағы Іле өзенін Қытай тарапынан бұрып алу басым. Біз «Ұлы Балқаш шақырады» жобасы арқылы осы мәселелердің ел назарынан тыс қалмауын үндейміз», -дейді спорт мастері, кәсіпкер Валихан Тен.

Деректерге сүйенсек, көлге  жыл са­йын бірнеше өзеннен шамамен 20 млрд текше метр ағын су құйылады. Атап айтқанда судың 70 пайызы  Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз өзендері арқылы толығады.

Көлдің тағдырына  алаңдаушылық білдіріп, өзіндік үндеуін қосу мақсатында бұл жобаға белгілі қоғам қайраткері, «Адам және шөл» экспедициясының қатысушысы Дос Көшім де қатысты. Ауа райының қолайсыздығы мен түрлі кедергілерге қарамастан мұзды Балқаштың он шақырымын алғашқылардың бірі болып бағындыра білді. Қатысушылардың ішінен үздіктер тұғырынан көрінген Дос Көшім былай дейді:

«Балқаш тағдырына бей-жай қарай алмадым. Ат-көлігімді сайлап, отыз градус аязда, небір қауіп-қатерге қарамастан Балқаш көліне бет алуым тегін емес. Ата-бабамыздан мұра боп қалған  қасиетті көлімізді шашау шығармай, қаз-қалпында ұрпаққа аманат ету – біздің борышымыз. Балқаш – қазына мен кенге толы, балығы мен байлығы тұнған өлке. Өкініштісі сол, адамзат қолымен жасалған апаттың құрбанына айналып барады. Балқаш көлінің ластануы, суының тартылып, даласының қу шөлге айналып бара жатқаны жанға батады.  Мен бұдан бұрын да еліміздің ұлан байтақ өлкелерін шарлап келемін. Бетпақдаладан бастап Аралды да аяқпен басып өттім. Балқаш та Аралдың тағдырын қайталамаса  екен деп тілеймін. Бәлкім, осындай іс-шаралардың арқасында күрмеуі мол бұл мәселелер де шешімін табар», -дейді Дос Көшім.

Балқаш көлінің ластану көрсеткіші де соңғы кездері  мамандарды да алаңдата бастаған. Оның негізгі себебі  – өндірістік қалдықтар, кәріз сулары мен әртүрлі агрохимикаттардың көлге жосықсыз төгілуі түрткі болып отыр.

Фото: Алмаз Төлеке

 Әсіресе Балқаштағы мыс өндіретін «Қазақмыс корпорациясының»  үлесі басым. Мыс қорыту барысында бөлінетін күкірт қалдықтары көлді айтарлықтай былғап отыр. Соңғы деректер бойынша, өндіріс ошақтары қоршаған ортаға жылына бір миллион тоннаға жуық өндіріс қалдықтарын төгеді екен.

Балқаш көліне бір жыл ішінде тек  Іле өзені арқылы 23 мың тонна жеңіл органикалық заттар келіп құйылады.

Атап айтқанда, 8 мың тонна азот, 5 мың тонна фторм, 2 мың тонна темір, 1,5 мың тонна бор, 0,7 мың тонна бром, 70 тонна минералды фосфор, 60 тонна пропанамид, 3,4 тонна дихлоранилин сияқты бірқатар улы заттармен ластанады.

 Ал  лас судың ауыл шаруашылығына тигізер зиянын айтапса да түсінікті. Флора мен фаунаны былай қойғанда, адам денсаулығына да айықпас сызат түсіреді.  Бұл тек Балқаш көлінің ғана емес, жалпы Қазақ жерінің экологиялық мәселесі. 2022 жылғы әлем қалаларының ластануына қатысты түзілген рейтингте Қазақстан 115 елдің ішінде 33-орынға тұрақтаған. Ластану индексі – 73,4. Бұл ретте индекс неғұрлым жоғары болса, жағдай соғұрлым нашар екенін білдіреді. 

Көлдің ластануына айрықша алаңдаушылық білдірген велоэнтузиаст, саяхатшы Александр Габченко шара барысында «Табиғат тазалағына жеті» қадам атты презентацияны бөлісті. Көлдің улы қалдықтармен былғануын былай қойғанда, пластикалық заттарға тұнып қалғанына алаңдаушылық білдірді.  Бірнеше жылғы саяхатынан көрген-түйгенін ораға салған жиһанкез көл тазалығын сақтап қалуға қатысты ұсыныстарын айтты.

Осы орайда тағы да мамандар деректеріне жүгінсек,

2030 жылға қарай пластикалық қоқыстар көлемі екі есе артуы мүмкін екен.

Орта есеппен алғанда, Қазақстанда жыл сайын 4,5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылады. Бірақ, қалдықтарды өңдеуі мәселесі кенжелеп қалған. Тек санаулы бөлігі ғана өңделеді. Ал, экологияға бөлінетін инвестиция көлемі жыл санап кеміп барады.

2022 жылғы қаңтар-ақпанда қоршаған ортаны қорғауға бағытталған күрделі инвестиция бір жылда 30,7%-ға, яғни 6,2 млрд теңгеге дейін қысқарып, үшінші жыл қатарынан төмендеген.

Дабыл қағып, дереу қолға алуға тиісті мәселелер. Мұның бәрін жабулы күйінде қалдыруға болмайды. Себебі, Балқаш экологиясы тек Қазақстанға ғана емес, сонымен қатар күллі Азияға жеріне де кері әсерін тигізері анық.

«Ұлы Балқаш шақырады» жобасы табиғат жанашырларына жасалған үндеу десе де болады. Бәлкім, осы үндеуден соң, Балқаш экологиясына ел тарапынан инвестиция да келіп құйылар деген үміт мол.

Сондай-ақ оқыңыз