IFC мен KMF әйелдер бизнесін қолдайды

Жарияланды

IFC мен KMF ауылдағы кәсіпкерлерге көмектесіп, әйелдер бизнесін қолдайды. Дүниежүзілік банк тобының мүшесі IFC Қазақстандағы ең ірі микроқаржы ұйымы KMF-ке теңгемен 20 миллион доллар береді. Қаржыландыру ауыл кәсіпкерлеріне, әйелдерге тиесілі кәсіпорындарға және Covid-19 пандемиясының салдарынан әлі де оңалмаған бизнеске бағытталады. Бұл туралы kmf.kz баспасөз қызметі хабарлады.

Фото:KMF


KMF компаниясы 250 мыңнан аса клиентке қызмет көрсетеді. Ауылдық жердегі кәсіпкерлердің үлесі 60 пайыздан асады, олардың көпшілігі – әйелдер.

«Бөлімшелеріміздің жартысынан көбі ауылдар мен шалғай аудандарда орналасқан. IFC қаржыландыру бағдарламасына қатысу осы елдімекендердегі кәсіпкерлерді бұрынғыдан да көп көлемде қолжетімді микрокредиттеумен қамтуға мүмкіндік береді. Қазіргі экономикалық ахуал тұрғысынан алып қарағанда бұл ынтымақтастық дер кезінде жасалып отыр. Кәсіпкерлер қаржыны жұмыс істеп тұрған кәсібінің ауқымын кеңейтуге, жаңғыртуға және жұмыс орындарын ашуға бағыттай алады. Осының барлығы бірлесе өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді», – деді KMF Басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов.

IFC мен KMF 2014 жылдан бері ынтымақтастықта. Осы кезеңде IFC KMF-ке жалпы сомасы 237 миллион доллар қаражат бөлді. Бұл инвестициялар әйелдер бизнесіне және ауылдардағы шағын кәсіпорындарды қолдауға баса назар аудара отырып, Қазақстандағы микро, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталды.

«Осы қиын экономикалық кезеңде шағын бизнесті қолдау экономикалық тұрақты өсуді қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Экономиканың дамуына қосқан үлестеріне қарамастан, олардың көпшілігі қаржыландыруға қол жеткізуге келгенде әлі де қиындықтарға тап болуда. Біздің ынтымақтастығымыз бұл мәселені шешуге көмектеседі, сонымен қатар аймақтағы IFC стратегиясының негізгі бөлігі болып табылатын гендерлік интеграцияға ықпал етеді», – деді IFC-дің Таяу Шығыстағы, Ауғанстандағы, Пәкістандағы, Орталық Азия және Түркиядағы қаржы институттары бойынша портфель менеджері Ален Нунке.

Сондай-ақ оқыңыз