Жаңалықтар

Оңтүстік өңірлерде жарық өшті

Өңтүстік өңірлерде жарық өшті

Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Ұлытау облыстары мен Алматы, Түркістан қалаларында жарық сөніп, электр энергиясы бойынша шектеулер енгізілді, деп хабарлайды Энергетика министрлігі.

«2023 жылғы 13 ақпан сағат 09.22-де Екібастұз-Ағадыр 500 кВ Л-5170 электр беру желісі ажыратылды. Осыған байланысты Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Ұлытау облыстары мен Алматы, Түркістан қалаларында электр энергиясы бойынша шектеулер енгізілді», делінген хабарламада.

Зақымдану орнын анықтау үшін «KEGOC» АҚ мамандандырылған бригадасы шыққан. Сондай-ақ Жамбыл ГРЭС-ін және Мойнақ ГЭС-ін қосымша жүктеу бойынша шаралар қабылданды.

Екібастұз – Ағадыр Ж-5170 электр жеткізу желісі технологиялық қорғану әрекетімен ажыратылған.

Бұл өңтүстік өңірлерді энергиямен жабдықтауда шамамен 600 МВт (тұтынудың шамамен 10%) көлемінде шектеулер әкелді.

«KEGOC» АҚ хабарлауынша, электр желілерінің аварияға қарсы автоматикасы штаттық режимде іске қосылып, соның арқасында Қазақстанның оңтүстік және орталық өңірлерінде толық ажыратуға жол берілмеген.

Қазіргі уақытта ажыратылған тұтынушыларды электрмен жабдықтауды қалпына келтіру мақсатында оңтүстік өңірдің электр станцияларының жүктемесін толықтай көтеру жұмыстары жүргізілген. Электр энергиясынан ажыратылған тұтынушыларға кезең-кезеңімен жарық беріліп жатыр.

«KEGOC» АҚ мәліметі бойынша, биыл қыркүйекте еліміздің электр станциялары 8,52 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндірген (былтырғыдан 3% аз). Ал тұтыну көлемі 8,54 млрд кВт·сағ құраған, яғни өндірілген электр энергиясы тұтыну көлеміне 0,2% жетпей қалған. Елімізде электр энергиясының тапшылығына қатысты бұл жағдай биыл мамырдан бері ай сайын байқалып келеді.