Түркиядағы сілкіністен сабақ аламыз ба: Қазақстандағы құрылыс сапасы қандай?

Жарияланды
Қазақстандағы құрылыс қаншалықты сапалы, Фото: kursiv.kz

Қазір әлем халқы Түркия мен Сирияға көз тігіп отыр десек қателеспейміз. 6 ақпан күні екі елде болған жойқын жер сілкіністен қайтыс болғандар мен зардап шеккендер саны күннен-күнге артып барады. Жер сілкінісінен кейін бірнеше күн өткен соң апат болған аймақтардағы құрылыс сапасы және оған жауапты тұлғалар туралы ақпарат тарай бастады. Жақында Түркия вице-президенті Фуат Октай ғимараттардың құлауына кінәлі деген себеппен 130-дан астам адамның тұтқындалғанын растады.

Әзірге толыққанды расталмаған, дегенмен шындыққа да қатысы бар ақпараттар бойынша, тұтқынға алынған азаматтар жер сілкінісі болған аймақтардағы тұрғын үйлер мен ғимараттарды жобалау және салу кезінде елеулі олқылықтарға жол берген.

Осыдан кейін Қазақстандағы құрылыс сапасы туралы да жиі сөз бола бастады. Әсіресе, сейсмикалық аймақ саналатын Алматыдағы құрылыстың сапасы сын көтермейтіні жайлы бірнеше желі қолданушысы жазды.

Архитектор, дизайнер Хайролла Ғабжәлеловтың айтуынша, қазіргі құрылыстарды жүргізу барысында нысанның сейсмологиялық қатерге төзімділігіне қатысты қолданылатын қоспалар мен тәсілдер ескерілмейтін болған.

«Құрылыс нысандары бетоннан құйылған (монолитный), болмаса «каркасная конструкция» делінеді, төменгі фундаменттен жоғары ішінде арматурасы бар, бетоннан колонналар құйылып, колонналарды жоғарғы жағынан горизонтально арматураларын бір бірімен айқастырып біріктіріп ригелдер құйылады. Одан соң сол ригелдердің үстіне дайын плита жабындарды салып, айналасына арматуралармен қоршап астындағы ригельден шығып тұрған арматураларға бекітіп бетон құйылады. Плиталар ригелдің үстінде 7-12 сантиметрдей ілініп тұрады. Жер сілкінген кезде плиталар жылжып түсіп кетпесін деп құйылған бетонды «сеймопояс» деп атайды. Кейінгі кездері плиталардың орнына бірден бетон құйылатын болды. Колонналар арасын кірпіш қаланады, оның да арасына горизонталды және жоғарыдан төмен темір сымдар жіберіледі. Кірпіш қабырғаларды тек колонналар арасын толтырғаны болмаса жер сілкіністе олар жұмыс істемейді, ол ұшып кетпеу үшін сымдарды пайдаланады. Мұндай құрылыс «каркасная здания» делінеді. Мұны Кеңес өкіметі кезінде көп пайдаланды», дейді дизайнер.

Айтуынша, жер сілкінісінің де түрі-түрі бар.

«Эпицентр қаланың астында сілкініс болса дүмпу тік болады. Егер ұзақта болса тербеу (горизонтальная колебания) болады. Мұның да екі түрі болады, қысқа тербеу немесе ұзақтау тербеу. Қысқа тербеу кезінде биік ғимараттарға сілкіністен қауіп күшті, олар енді жоғары жағы шайқалып бара жатқанда төменнен бірден кері соққанда құлап түсуі мүмкін. Сол сияқты ұзақ тербеліс төмен қабатты ғимараттарға қауіпті», дейді Хайролла Ғабжәлелов.

Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының басшысы Виктор Микрюковтың айтуынша, егер құрылыс кезіндегі ұдайы бақылауды күшейтсек, онда біздегі құрылыс сапасын арттыруға болар еді.

«Құрылыстағы ең үлкен проблема – әлсіз техникалық қадағалау. Қазір ондайды құрылыс салушы өз тағайындайды, сосын өзі әмір жүргізеді. Меніңше, техникалық қадағалау тәуелсіз, сапалы болып, ең бастысы құрылыс алаңында күн сайын жүруі тиіс. Сонда ғана құрылыс сапасын арттыруға болады және сілкіністен төнетін қауіп-қатер де азаяды. Былтыр жазда «Бизнесті жүргізу бойынша ҚР заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған еді. Ол бойынша құрылыстың барлық кезеңіне Мемлекеттік архитектуралық құрылыс бақылау басқармасы жоспарлы тексеріс жүргізсін деген ұсыныс айтылған. Алайда заң жобасы мәжіліс қарауына ұсынылмады, мемлекеттік органдар инстанциясынан өткен жоқ», дейді Микрюков.

Сейсмология институты директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбековтың сөзінше, Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөлігі – Шығыс Қазақстаннан Қызылордаға дейінгі аралық 7-9 балдық сілкініс туындауы мүмкін ықтимал қауіпті өңір қатарына кіреді. Әрине, Алматы туралы сөз бөлек.

«Қазақстандық сейсмолог-ғалымдар үнемі ел аумағындағы сейсмикалық қауіп-қатерге байланысты жұмыс істейді. Сейсмикалық потенциалды көрсете отырып, сейсмикалық қауіпті, сейсмогендік тұрғыда ерекшеленетін аймақтарды аудандастырып, бөлетін картаны әзірлейді.  Сейсмикалық аудандастыру, аймақтарға бөлу деп аталатын карталарды әзірлеу. Сондай-ақ елдімекендер үшін бөлек карта жасайды. Күні кеше ғана біз Алматы полигоны аумағындағы жер сілкінісінің орташа мерзімді болжамы бойынша қорытынды әзірлеп, уәкілетті органдарға тапсырдық. Бұл тұжырымға сәйкес, 2023 жылы Алматы полигоны аумағында жеті баллдық күшті жер сілкінісі күтілмейді. Ғылыми-зерттеу тұрғысынан алғанда 200-ден астам болжамдық параметрлерді талдау негізінде құрастырылған апта сайынғы қысқа мерзімді қорытынды әзірленеді. Осы тұжырымдар бойынша, алдағы аптада да бәрі тыныш болады», дейді маман.

Айта кету керек, биыл ел аумағында 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз