71 млрд теңге. Бюджет қаражатын игере алмаған министрліктер аталды

Жарияланды
Фото: primeministr.kz

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қаңтарда бюджет қаражатын игере алмаған министрліктерді атады.

Қаңтарда мемлекеттік бюджеттің шығыстары 93,5%-ға республикалық бюджеттің шығыстары 94,7%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 96,3%-ға атқарылған.

«Республикалық бюджет бойынша 1,5 трлн теңге сомасына шығыс жүргізілді. 84 млрд теңге атқарылмады, оның ішінде 13 млрд теңге – үнемдеу, Игерілмегені – 71 млрд теңге. Қаражатты ең көп игермеу сомасы Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт, Экология және табиғи ресурстар, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінде қалыптасты», – деді Жамаубаев Үкімет отырысында.

Қаражатты игермеудің негізгі себебі – төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың болмауы немесе ұсынылмауы, шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу. Сондай-ақ бюджеттік бағдарламаларды іске асыру жөнінде нормативтік құқықтық актілерді уақтылы қабылдамау, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды, уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу.

Қаржы министрінің айтуынша, жергілікті бюджеттердің шығыстары 423 млрд теңге болған.

«Атқарылмағаны – 16 млрд теңге. Биыл өңірлерге 1,2 трлн теңге нысаналы трансферттер көзделген. 1 ақпанға бекітілген қаржыландыру жоспарына сәйкес 10,2 млрд теңге сомасына нысаналы трансферттер бөлінді, оның 98,5%-і игерілді. 150 млн теңге игерілмеген», – деді үкімет басшысының орынбасары.

Сондай-ақ оқыңыз